МӘДЕНИЕТ

Қазақтың мәдени мұрасын қайтарған тұлға

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

Бүгін, 28 тамыз –  салт- дәстүрдің, тарихи жәдігерлердің қайта жандануына ықпал еткен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды. 

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметті атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолына қарап отырсаңыз қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.

Берік Байболов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі:

 

“Өзбекәлі Жәнібеков билік басында жүрсе де еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды түгендеу, зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмысына бейжай қарамағандығы әмбеге аян. Саналы ғұмырын қазақтың жоғын түгендеумен өткізді. Айрықша күмбезі көкпен таласқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болашағына қатты алаңдағаны да белгілі. Алып кешенді қайта жөндеуден өткізіп, мұражай жасақтауы да екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Қорық-мұражайдың қолды болған тарихи жәдігерлерін қайта топтастыруы да аса қарымдылық танытқан Өзекең еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бірі Қожа Ахмет Ясауи құлпытасы үстіне жабылған  ХІV ғасырдан жеткен Қабіржапқыш ӘСММ КП №64 (көне инв. №ТК 655 ҚР ОММ)  Қазақстан Республикасы Орталық мұражай қорынан қорық-мұражай қорына қайтаруға қосқан Өзекеңнің үлесін біріміз білсек біріміз біле бермейміз.


Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті:

Өзбекәлі Жәнібеков – ұлы даланың әр қиыр шетін аралап, талай тарихи орынға табаны тиіп, көптің көзі түсе бермейтін, жұрт бағасына жете қоймаған тың дүниелерді халықтың өзіне қайтарған, ұлттың болмысын өзіне қайта таныстырған этнограф, тарихшы. "Тағдыр тағылымы" деп аталатын қос кітабының екіншісінде көкірек көзіңді ашатын, таным түсінігіңді кеңейтетін, тіпті санаңды сілкіп салатын сөз көп. Кейбір сөздердің біз білмейтін сырын ашқандай. "Қайталанбас бейнелер ретінде жұрттың абайында мәңгі қалып қойды", деп жазады. Байқадыңыз ба, "Абай" сөзін "сақ болу", "жүру", "аңдап сөйлеу" секілді мағынада емес, "санасы", "жады", "есі" ретінде қолданып отыр. Бұл – Құнанбайдай күрделі тұлғаны қазаққа сыйлап, одан туған адамзаттың Абайын тәрбиелеген Зере анамыздың әлеміне тереңдеп қана қоймай, бір кездері қазақтың қолданысында болып, кейін ұмытылып кеткен сөздерді қайта жаңғырту.

Өз-ағаң қос мағынасында да жүрген жерінің бәрін көгертіп, гүлдендіріп жіберді. Келес ауданындағы оқу ошағында пионер жетекшісі болып бастаған ең алғашқы еңбек жолынан бері әр ісіне жан бітірді, бастаған ісін аяғына жеткізгенше тоқтамады. Пионер жетекшілігінен кейін тарих пәнінен сабақ берді, содан соң мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. Осы қызметінде ұйымдастырушылығымен, әсілі көшбасшылық қасиетімен мұғалімдер мен оқушыларды жұмылдырып ағаш отырғызды, тұрған жерін көгалдандырды, жасыл желекке толтырды. Әрдайым сауапты іс жасап ауылдастарының, айналасының, өзі айтқандай, абайында қалды. Ал енді ауыспалы мағынасында айтқанымызға тоқталсақ, бір кездері Өзбекәлі Жәнібеков жаңадан құрылған Торғай облысында облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне тағайындалды. Сонда аудан деңгейіндегі Торғайды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де облыс деңгейіне жеткізе білді. Өңірдің еңсесін тіктеді, Торғайға теледидар мен радио желісі тартылды. Облыстық драма театрын ашып, өңірді өркениетке жетеледі. Торғайда өлкетану музейін ұйымдастырып, онда ұлттың күре тамырына қан жүргізетін айтысты қайта жаңғыртуы – нағыз ерлік еді. Қай қызметке, қай өңірге барса да артынан аңыз ерген арда азаматқа айналды.

Бұқараға мәлім болғандай, Өзбекәлі Жәнібеков 1987-1988 жылдар аралығында Мәдениет министрі қызметін атқарды. Оның бастамасымен мәдениеттің көптеген ұйымдары құрылды. Оның ішінде "Сазген сазы" сынды фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, театрлар, музейлер, "Казреставрация" мемлекеттік мекемесі мен оның облыстағы бөлімшелері, "Казпроектреставрация" және "Казмузейреставрация" бірлестіктері және "Бірегей ысқымен ойналатын музыкалық аспаптардың мемлекеттік коллекциясы" құрылды. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраға жататын ескерткіштердің ашылуына, зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне, қайта қалпына келтіруіне және сақталуына тікелей ықпал етті. Кейінгі кезеңде бұл тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген болатын.

Мәдениет саласының жанкүйері ретінде ол мәдениет пен өнердің дамуына қатты алаңдайтын-ды. Қайта құру кезеңінде республиканың саяси тіршілігіне белсене араласып, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына қызмет етті. Этнография саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таптырмайтын еңбектер қалдырды. Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ұлыларымызды қайта тірілтті және олардың шығармаларын жарыққа шығуына белсене атсалысты.

1988 жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың діни мейрам емес екенін сол кездегі Орталық комитеттің басшыларына жеткізіп, мейрамның қайта тойлануына жол ашты. Сол кезде белсене араласқан Мұхтар Шаханов сынды ұлт зиялылары ұлттық мейрамның республика көлемінде аталып өтуіне зор ықпал етті.