Bugin

Аралды құтқару жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: NASA, 2023 жыл, 7 шілде

Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының атқарушысы, география ғылымдарының кандидаты Марат Нарбаев Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі ағымдағы және болашақ іс-шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Taspanews.kz-ке сілтеме жасап. 

Арал теңізі суының тартылуы – ХХ ғасырдың ең ауқымды экологиялық дағдарыстарының бірі. Өткен ғасырдың ортасында-ақ ол ірілігі бойынша әлемде төртінші орында болды, фаунасында ондаған жануарлар мен өсімдіктер түрлері табиғатпен үйлесімдікте өмір сүрді. Алайда, адамдардың іс-әрекетіне байланысты су деңгейі тез арада таяздап кетті, айналадағы барлық тіршілік атаулысы жойыла бастады. Бір кездері теңіздің ең суы мол, оңтүстік бөлігі кеуіп, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретін тұздары бар жаңа шөл дала – Аралқұм пайда болды. Аралдағы тұзды-шаңды дауылдан болған апат әлемнің көптеген елдеріне әсер етті. Бүгінде адамдар теңіздің кіші, солтүстік бөлігін құтқару үшін күресуде.

Әлемдік маңызы 

 

Нарбаевтың айтуынша, климаттың өзгеруі және оның қоршаған ортаға әсері тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де маңызды. Париж келісімін өңірде алғашқылардың бірі болып ратификациялаған Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу және оны жұмсарту жөніндегі жаһандық бастамаларға белсенді қатысады. Осы мақсатта бір бөлігі ретінде ел Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша Куньмин-Монреаль жаһандық шеңберлік бағдарламасына (БЖШБ) қосылды.

 

Климаттың өзгеруі қазірдің өзінде Арал маңы өңіріне айтарлықтай әсер етті. Нарбаев БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп жүргізілген ғылыми-мониторингтік жұмыстар климат өзгерісінің халық денсаулығы мен экожүйеге тікелей әсерін көрсетті. Температураның қалыптан тыс жоғарылауы, шаңды және тұзды дауылдардың көбеюі су қауіпсіздігі мен қоршаған орта жағдайына теріс әсер етеді.

 

Байырғы Арал теңізі

 

Тарихи тұрғыдан алғанда, Арал теңізі мен оның айналасы бай және гүлденген аймақтар болды, алайда халық саны өсуі мен Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуы жағдайында суға деген қажеттілік артты. Аралды қоректендіретін негізгі өзендер – Әмудария мен Сырдариядан суды жаппай алу салдарынан Аралды бұрынғы деңгейге көтеру мүмкін болмады.

Нарбаев 1993 жылы Дүниежүзілік банктің (ДБ) миссиясы Аралға сыртқы көздерден, мысалы, Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын өзендерден немесе Каспий теңізінен су құю туралы ұсынысты нәтижесіз деп танығанын атап өтті. ДБ миссиясы сонымен қатар көрші республикалар өздерінің су ресурстарының едәуір бөлігін Арал теңізіне жіберуге келісуі екіталай деп санады. Суды тұтынуды азайту, су ресурстарын басқаруды жақсарту және өсірілетін егін құрамын өзгерту бірінші кезектегі міндет деген қорытынды шешім шықты. Алайда, сарапшы атап өткендей, Арал теңізінің деңгейін көтеру үшін үнемделген суды сақтап қоюдың экономикалық және саяси негізділігі күмәнді болып қала береді.

 

Оның айтуынша, ДБ миссиясы қоршаған ортаны қорғауға және өңір халқының тұрмыстық жағдайын жақсартуға баса назар аудару керектігін атап өтті. Бұл аймақтағы судың маңызы зор, онсыз өсу мен дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан ДБ баяндамасында суды таратумен, сапаны бақылаумен, мүмкін болатын қақтығыстарды шешумен, стратегиялық жоспарлаумен және бассейндегі су ресурстарын тиімді басқарумен айналысатын ұйымдастырушылық құрылымдарды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Нарбаев күш-жігер Аралдың қалған суларына қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

 

"Өзеннің дельталық жүйелері, сулы-батпақты жерлер, көл жүйелері, өзендер үшін қолайлы гидроэкологиялық жағдай жасау және Арал теңізінің қалған су объектілері үшін қолайлы режім құруда барынша күш салсақ, бұл – мәнді іс", - деп атап өтті ғылым кандидаты.

 

Оң өзгерістер

 

Сарапшы су объектілерін сәтті қалпына келтірудің мысалы ретінде 1994 жылы іске қосылған Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жобасын келтірді. 2006 жылы Көкарал бөгетінің салу су көлемін 27 текше шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

 

"Бұл оның максимумы деп айтуға да болады. Қолданылған шарадан соң микроклимат та бірден өзгерді", — деп атап өтті Нарбаев.

 

Ол бұл жобаны жүзеге асыру жағалау бойымен жалғасқан аумақтарға жағымды әсер еткенін түсіндірді: климат жақсарды, балық саласы қалпына келді және балық аулау көлемі жылына 7-8 мың тоннаға дейін жетті. Бұл Еуропалық одақ елдеріне, Ресейге, Қытайға және басқа мемлекеттерге балық өнімдерін экспорттауды қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өз кезегінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір жақсарды.

 

"Көкарал бөгеті – Орталық Азияның экологиялық бренді. Барлығы Қазақстанның Солтүстік Арал теңізін қалай сақтап қалғанын көргісі келеді",- деді маман.  

Сонымен қатар, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жобасымен бірге Арал және Қазалы аудандарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы іске асырылды.

 

"Қазір Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры бар. Ол Қосаман мен Толағайдан ауыз су алады. Онда ауыз су өте таза. Осыдан кейін Арал мен Қазалы ауданының жергілікті тұрғындарының денсаулығы айтарлықтай жақсарды",— деді Нарбаев.

 

Оның айтуынша, жобалар жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, көші-қонды тоқтатуға және өңір тұрғындарының денсаулығын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

 

Арал маңы экологиялық мәселелері және халық денсаулығы

 

Нарбаев сондай-ақ ҚР-дағы Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы дирекциясының 2023 жылғы қызметі туралы есептің деректерін келтірді. Оған сәйкес Арал теңізінде миллиардтаған тонна улы тұздар жиналған, олар ауыл шаруашылығы алқаптарын жуу үшін пайдаланылған сумен келген. Сарапшылар теңіздің құрғаған түбінде шамамен 107-114 миллиард тонна тұз жиналғанын анықтады. Бұл жағдай барлық дерлік уылдырық шашатын жерлердің жойылуымен бірге балық қорының азаюына әкелді. Бұрын 34-ке жуық түр болған, олардың 20-дан астамы коммерциялық маңызы барлар. Бұл бір кездері 60 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған жергілікті балық аулау саласына ауыр соққы болды.

 

Бүгінде Арал маңындағы балық аулау саласы қиын кезеңді бастан өткеруде. 2023 жылы Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,1 км³ құрады, көл жүйелері мен сулы-батпақты жерлердің су бетінің ауданы 439 км²-ге жетті және 7000 тонна балық аулауға рұқсат етілдіы. Салыстыру үшін, 2007 жылы су көлемі 26,3 км³ құрады, су объектілерінің ауданы 1014 км², ал балық аулау лимиті 1920 тоннаны құрады.

Аралдың болашағы

 

Марат Нарбаев өңірдің және оның су объектілерінің болашағы су ресурстарын сауатты басқаруға және одан әрі дамытуға тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол су ресурстарына жүктемені азайту үшін балама шешім бола алатын балық шаруашылығы мен аквамәдениетті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сарапшы суды үнемдеу технологияларын, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды және терең өңдеуді дамыту қажет деген қорытындыға келді

 

Келе жатқан 18 қыркүйекте Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасы отырысын және атқару комитетінің даму жолындағы халықаралық серіктестерімен кездесуін өткізу жоспарланған, онда Арал теңізі бассейнінде жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады.