Саясат

«Қайыршылық кәсіп» Түркістанда белең алуда

Түркістан қаласында көше кезген қайыршылардың саны азаяр емес...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Таяуда облыс орталығы мәртебесі берілген Түркістан қаласында қашанғыша қайнаған тіршілік. Әсіресе, базар маңында халықтың саны басым. Бірі қолындағы жүгін межелі жерге жеткізуге асықса, бірі үйіне ертерек жетуді көздейді, ал бірі тағысын-тағы басқа шаруалармен ентігіп барады. Тіпті бағдаршамның жарығы мен зулаған көліктерге көз салуға да мұршалары жоқ бұл жұрттың.

Қалың нөпірден тезірек өтіп кеткісі келіп, жүйткіген көлікті жанына келгенде ғана сезетін сыңайлы. Жалпы жаяу жүргіншілер жолы атаулы түркістандықтар үшін жаратылмағандай. Мұны жан-жақты талқыласақ ұзын-сонар әңгіме болары сөзсіз. Түркістанның базары көрші елдерге де біраз танымал. Іздеген затыңызды бағасына қарай кез-келген сапада таба аласыз. Оған қоса неше түрлі ұлт өкілдері мен сан қилы тағдырларды кездестіресіз. Әсіресе көше жиегіне жайғасқан "қолы қысқа" жандар көзіңізге оттай басылады.

Айтпағым, алдымен Алладан, одан соң адамдардан медет сұраған қайыршы қауымы жайлы. Иә, біраз уақыт тыныс-тіршілігі тасада қалып, елеусіз жатқан қаладан еңбекке елгезек жанды да, көше кезген қайыршыны да, көпшіліктің мейірін күткен мигрантты да табасыз. Біраз жыл бұрын Шымқаладағы қайыршылардың саны өсіп, ақырында олардың дені бетперде жамылған жымысқылар екені анықталған-ды. Алайда Түркістандағы жағдай бұрынғыдан өзгерек. Мүгедек арбасына таңылған, аяқ-қолдан айырлыған жандардың қарынның тоқтығынан емес , амалдың жоқтығынан осылай жан бағып жүргені жазылған картон қағазды көргенде жүрегіңіз елжірейді. Өйтпегенде қайтсін?! "Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрердің" нақ өзі емес пе? Жұмысқа жарамсыз адамның жанына туыстары да сая болмасы анық.

Адами санаға дендеп енген нарықтық заманда тума-туыстың да күнкөрісті сылтауратып сырт айналары сөзсіз. Бұлардан өзге тағдырына өздері балта шапқандар, ащысудың арбауына түсіп, шаңырағы шайқалып, басжазарына бақыр сұрап жүргендер. Мұндайларды мүсіркеуге де арланасың. Жолай кетсең еркектің қандай болу керектігін жайлы "ертегілерін" айтып құлақ етіңді жейді. Талмай тыңдасаң осылар отбасылы кезінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етіп, алаяқ жарының арандатуымен қазіргідей күйге түсті деп ойларсың. Әйткенмен олай емес. Қайыршылардың қалған қауымы балалы аналар, жанұя мен қоғамға сіңісе алмаған қариялар, отаға қажет қаражатты іздегендер мен әртүрлі жағдаятқа байланысты осы статусты иеленгендер. Бұлардың дені өзіміздің қаракөз қандастарымыз. Ал соңғы топты құраушылар әртүрлі ұлт өкілдері. Негізгі әңгіме де осылар туралы. Көпшілігі шекара асып, шет жайлап жұмыс іздеп келіп, қалтадағы құжаттан қағылғандар мен себептері беймәлім мигранттар. Алақан жайғандардың арасында ала тақиялы ағайынның қарасы көп. Оңай ақшаға дәніккендердің кейбірі қарапайым жұрттың қыр соңынан қалмай құтын қашырады. Жақтырмаса да, Алланың атын атаған соң кет дей алмайды. 

Естуімізше, әр бұрышты иемденген мұндай келімсектердің ортақ басшылары бар көрінеді. Халық айтса қалт айтпайды. Күнделікті түсетін пайданың көп бөлігін қалтаға басып, өзге елде жұмыс істеп, қайырын көреміз деп қайыршылық жолға түскендерді уысында ұстап отырған кімдер екенін қазірге білмейміз. Тіпті, саудагерлердің қитығына тиіп, заңсыз орында жұмыс істеудесің деп қарапайым жұрттың қаққанда қанын, соққанда сөлін алатын полиция қызметкерлері де алаңсыз. Өзгенің ала жібі тұрмақ, арқан тұрса да аттап кете беретін біздің құзырлы органдар аталған қауымның алдында расында қауқарсыз ба?! Мұндай жандардың саны еселенбей жатып өз елдеріне ертерек өткізу керек секілді. Әлде бұл жандардың басында билікпен бірлескен біреу бар ма немесе барлығын кеденнен өткізіп жіберу тым қиын ба? Әйтеуір бәрі бізге белгісіз. Көше кезген келімсектердің саны артса қалада нендей жағдай орын аларында білмейміз. Белгілісі бір күндік ас-суын тілемсектікпен айырып жүрген жанның таңсәріден тағы көше жағалайтындығы ғана...