МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz
Бүгін, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. 2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Содан бастап бұл мереке жыл сайын атап өтіліп келеді. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Қазақ көркем фильмдерінің тарихы «Амангелді» фильмінен басталады. Ал «Амангелді» фильмі 1938 жылы Ленфильмде Алматы кинохроника студиясының кинематографистерімен түсірілген Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбысты фильм.
Алғаш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында:
«1937 жылы Ленин орденді «Ленфильм» киностудиясы толықметражды «Амангелді» дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз болып табылады», - деп жазған.
II дүниежүзілік соғыс жылдарында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, Біріккен орталық киностудия деген атпен өзінің қызметін бастады. 1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежірелік фильмдер студиясы деп аталды. Бұл орда кейіннен, 1960 жылдан бастап «Қазақфильм» деп аталды. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды.
II дүниежүзілік соғыс жылдарында халық батырлығы туралы, заманауи тақырыпқа арналған картиналар шықты. Олар: «Абай әні» (1946), «Махаббат дастаны» (1954), «Шоқан Уәлиханов» (1957), «Қыз Жібек» (1972), «Ботагөз» (1957), «Атаманның ақыры» (1971), «Орман балладасы» (1972), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957), «Менің атым Қожа» (1963), т.б. Қазақ киносын дамытуға Ш. Айманов, М. Бегалин, О. Әбішев, С. Қожамқұловтар ат салысса, актерлерден Қ.Қуанышбаев, Н. Жантөрин, Ә. Өмірзақова сынды тұлғалар еңбек сіңірді.