БІЛІМ

Мектеп оқулығы: автордан - оқушыға дейін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Қоғамда мектеп оқулықтарының күрделенуіне, сапасына және салмағына қатысты сын-пікірлер жиі айтылып жүргенмен, әр адам осы оқулықты әзірлеудің бастапқы сатысында қоғамдық талқылауға қатысып, өз үлесін қоса алатынын білмейді. Сондай-ақ, оқулықтар ұсынылмас бұрын қандай кезеңдерден өтетінінен де бейхабар. Мектеп оқулықтарына қатысты сананы жаулаған сан сауалдарға Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Кабдоллаевна Абдрахманова жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

- Назира Кабдоллаевна, заман ағымына қарай білім беру сапасына қойылатын талаптар күшеюде. Осыған орай мектеп оқулықтарын әзірлеуде қандай өзгерістер бар?
        - Дұрыс айтасыз, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы білім беру мақсаттары мен оқыту әдістемесіне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Білім беру үлгісі мен мазмұнына жаңаша көзқарастар пайда болды. Білім берудің басты құралы оқулыққа да қойылатын талаптар өзгерді. Қазіргі оқулыққа оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, ғылыми дүниетанымын кеңейту, заманауи өмір талаптарына сай білімі мен құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттері қойылып отыр. Оқулықта теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемі азайтылып, оқып-жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінше ойлануға және ізденуге жетелейтін шығармашылық тапсырмалар мен олардың түрлі тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілуде. Оқулыққа қойылатын талаптарды күшейту мақсатында  2022 жылы Министрдің арнайы бұйрығымен Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілді. Бұл құжатта дидактикалық талаптармен қатар оқулықтың баяндау тіліне қойылатын талаптар да күшейтілді. Мысалға алсақ, қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін оқулықты қазақ тілінде (тілдік пәндер бойынша оқулықтардан басқа), басқа тілде оқытатын мектептер үшін – оқу тілінде әзірлеу немесе аудармада ұсыну туралы арнайы норма енгізілді.

-  Осындай жоғары талаптар қойылып отырған оқулықтарды жазуға кімдер қатысады және ол авторларды кім таңдайды? Жалпы оқулық  неге сүйеніп жазылады?

- Біріншіден, неге сүйеніп жазылады деген сұрағыңызға келетін болсақ, Оқу-ағарту министрлігі бекіткен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты,  пән бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сүйенеді. Жаңа стандарт бойынша, білім беру оқушыларымыздың жан-жақты сауаттылығын дамытуға бағытталуы керек. Бұрын оқушылардың мектеп қабырғасынан қандай білім алып шыққаны маңызды болса, қазір сол білімді өмірде қалай жүзеге асыра алады деген мәселені қамту маңыздырақ. Мемлекеттік стандартта сонымен қатар оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ету көзделіп, білім мен тәрбие берудегі негізгі құндылықтар айқындалған. Оқулық жазу кезінде бұл құндылықтар көрініс табуы қажет.   Кімдер әзірлейді деген мәселеге тоқталсақ, оқулық жазу - бәсекелестік ортада. Бүгінгі күні елімізде оқулық жазумен 20-ға жуық баспа айналысады. Бұл жерде оқу әдебиеттерін баспалар өз есебінен әзірлейтінін де айта кету керек. Авторлар ұжымын әрбір баспа өздері жасақтайды. Бірақ бұл авторларға ешқандай талап қойылмайды деген сөз емес. Министрлік бекіткен Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларда мектеп оқулығының авторлар құрамында оқулық әзірлеу мәселелері бойынша оқыту курстарынан өткен бір ғалым және екі практик мұғалім, яғни кем дегенде үш адам болуы міндеттелген. Ал сол баспалардың жазған оқулықтары білім беру ұйымдарына жеткенше сараптаманың бес  сатысынан өтеді.

-  Оқулықтар оқу процесіне енгенге дейін іріктеудің бес сатысынан өтеді дедіңіз, бұл іріктеулерді кім жүргізеді, қалай жүргізеді, осы жүйе туралы толығырақ айта кетсеңіз.
        -  Оқулықтарды әзірлеу, сынақтан және сараптамадан өткізу Министрлік бекіткен қағидалар бойынша жүзеге асады. Сараптама жүргізудің ең негізгі сатысы – ғылыми-педагогикалық сараптама. Сараптаманы сапалы жүргізу үшін орталығымызда 2000-ға жуық білікті ғалым, жоғары санатты мұғалімдер мен әдіскерлерден тұратын сарапшылар базасы жасақталған. Сарапшыларды іріктеудің белгілі қағидалары бар. Сарапшылар базасына енгізілмес бұрын педагог-мамандар жоғары оқу орындарының, Алматы және Астана қалалары мен облыстық білім басқармаларының ұсыныстары және Орталық сайтындағы «Сарапшы болу» рубрикасындағы сауалнама арқылы оқыту курсына тіркеледі.  

Оқыту курсына ғылыми дәрежесі, сала бойынша ғылыми еңбектері және атаулы жетістіктері бар ғалымдар мен  педагогикалық өтілі 10 жылдан кем емес, "Зерттеуші педагог" немесе бірінші санаттан төмен емес біліктілік санаты бар педагог қана қатыса алады.  Ал курсқа қатысқандардың ішінен сарапшылар базасына оқыту және қорытынды бағалау нәтижесі бойынша оқулық теориясынан білімі мен аналитикалық қабілетін көрсете алған сарапшылар ғана енгізіледі.

Орталықта тұрақты негізде сарапшыларды оқыту бойынша курстар өткізіліп, онда оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға қойылатын дидактикалық, психологиялық-педагогикалық талаптар, оқулықтардың құрылымдық компоненттерін бағалау критерийлері, сапасын талдау әдістері және осы жұмысқа қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар мен олардың мазмұны бойынша дәрістер өткізіледі. Мысалға алсақ, 2021 жылы Дүниежүзіліктің банктің қолдауымен жүзеге асырылған "Орта білім беруді жаңғырту" жобасының "Оқулықтарды сараптауға қойылатын талаптарды әзірлеу және сарапшылардың әлеуетін арттыру бойынша консультациялық қызметтер" компонентін іске асыру аясында Қазақстанның барлық өңірлерінен оқу әдебиетінің 2000  сарапшысы асинхронды оқыту курсынан өтті. 2022-2023 жылдары үлгілік оқу бағдарламаларының сарапшылары үшін ұйымдастырылған оқыту курсына  398 тыңдаушы қатысты. 2023 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту деңгейіндегі сарапшыларға арналған оқыту семинары өткізілді. Семинарға 453 педагог қатысып, олардың 385-і сертификатталды және Орталықтың сарапшылар базасына енгізілді. Биылғы жылғы маусым-тамыз айларында «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің ғылыми-педагогикалық сараптамасы бойынша сарапшылардың кәсіби құзыретін дамыту» тақырыбында оқу әдебиеттерінің сарапшыларына арналған 360 сағаттық оқыту курсы өткізілді. Оқыту курсына тіркелген 250 тілек білдірушінің ішінен 183 тыңдаушы біліктілік талаптарына сай іріктеліп, оқытуға жіберілді. Оның 81-і сертификатталып, Орталықтың сарапшылар базасына енгізілді.

Орталыққа келіп түскен оқу әдебиеттеріне сарапшылар нақты критерийлер бойынша ғылыми және педагогикалық сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесі бойынша түзетуге болатын ескертулері бар оқулықтар баспаларға қайта өңдеуге жіберіледі. Ал сараптама критерийлеріне сәйкес келмеген оқулықтар іріктеуден түсіп қалады. Ғылыми-педагогикалық сараптама бойынша оң нәтижеге ие болған оқулықтар пилоттық мектептерде сынақтан өтеді. Сынақ кезеңінде оқулықтарға қоғамдық бағалау жүргізіледі. Іс-шараның мақсаты – педагогика қауымы мен белсенді азаматтардың жоғарыда аталып өткен оқулықтардың мазмұны мен құрылымына, әдістемесіне қатысты конструктивті пікірін білу, сын-ескертпелері мен ұсыныстарын назарға алу. Яғни бұл уақытта кез-келген қоғам мүшесі Орталық сайтында орналасқан оқулықтарға өз пікірін  білдіре алады. Келесі кезеңде  сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізіледі. Осы кезең бойынша оң нәтижеге ие болған оқулықтар Пәндік сарапталық комиссия қарауына ұсынылады. Пәндік сараптамалық комиссия ғылыми-педагогикалық сараптама және сынақ нәтижелері бойынша қорытындыларды зерделей отырып, олардың сапасын талдайды және білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен ОӘК тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдайды. Тізбеге бір пән бойынша 5 баламалы оқулыққа дейін енуі мүмкін. Көріп отырғанымыздай, оқулық оқушылардың алдына келгенге дейін іріктеудің 5 кезеңінен өтеді. Сараптама процесінің ашықтығы мен әділдігін сақтау мақсатында сараптама кезеңдерінің барлығы құпиялық режимінде өткізіледі. Бұл дегеніміз, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сарапшының қолына оның әзірлеушісі, баспасы және авторлары көрсетілмей  беріледі.

- Қазіргі кезде оқулық салмағына қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Сараптама кезінде осыған көңіл бөліне ме?

- Біздің орталық негізінен оқу әдебиеттерін мазмұндық тұрғыда барлық талаптарға сай келуін қарастырады. Яғни баспалар оқулықтарды әзірлеп болған соң, оның санитарлық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен алуы тиіс. Осы құзырлы мекеме бекіткен талаптар бойынша 1-4 сыныптардың оқулығы 300 грамнан, 5-6 сыныптардың оқулығы 400 грамнан, 7-9 сыныптардікі 500 грамнан, 10-11 сынаптардікі 600 грамнан аспауы тиіс. Бұл талаптарды орындау мақсатында  оқулықтар мен жұмыс дәптерлерін бірнеше бөлімге бөліп шығару жолға қойылған. Жалпы оқушы портфелінің ауырлығын оқу кестесін тиімді құру арқылы да ішінара реттестіруге болады деп ойлаймын.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіруді жеделдету қажеттігін атап өткені белгілі.  Бұл тапсырманың орындалу барысын айтып кетсеңіз. Жалпы бұл шараның тиімділігі қандай?

- Президент тапсырмасына сәйкес 2022-2023 жылдары қолданыстағы оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 100 %-ға жетіп, 1-11-сынып аралығындағы оқу пәндері бойынша оқулықтар толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Бұл шараның тиімділігіне келетін болсақ, біріншіден мұғалімдерге пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін кеңірек қолдануға мүмкіндік пайда болса, екіншіден

электрондық оқулықтардағы бейнематериалдар, аудио, анимациялар және интерактивті элементтер оқу материалдарын түсінуді және есте сақтауды жеңілдетеді. Сонымен бірге, интерактивті құралдар оқушыларға өздерінің жетістіктерін бақылауға және қателіктерін дереу түзетуге мүмкіндік береді. Мысалы, онлайн тестер мен жаттығулар арқылы оқушылар өз білімдерін тексеріп, нақты уақыт режимінде кері байланыс алады. Үшіншіден, қағаз оқулықтың орнына электрондық оқулықты пайдалану арқылы біз біртіндеп жоғарыда аталған ауыр портфель мәселесін шешуіміз әбден мүмкін.

Қазіргі уақытта жаңадан әзірленетін оқулықтарда жасанды интеллект элементтерін енгізу көзделіп отыр. Бұл технологиялар оқулықтар мен оқыту тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, оқушылардың білім алу үдерісін тиімдірек және қызықтырақ етуде. Мұндай технологияларды дұрыс қолдану арқылы білім беру саласы жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймыз.

- Жоғарыда бір сөзіңізде бір пән бойынша Тізбеге 5 баламалы оқулыққа дейін енгізілетінін айттыңыз.  Ол оқулықтарды мектептер қалай таңдайды?

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы №491 бұйрығымен "Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидалары" бекітілді. Олар педагогтердің оқулықтар мен ОӘК таңдау тәртібін айқындайды. Қағидаларға сәйкес педагогтердің таңдауы ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылуы көзделген. Осыған байланысты 2023 жылы оқулықтарды таңдау бойынша ETANDAU.GOV.KZ электрондық платформасы әзірленіп, 2024 жылы республика ауқымында пайдалануға енгізілді.  2024 жылғы сәуірдің  22 мен мамырдың 20 аралығында еліміздің 20 өңірінің 60 000 педагогы оқулықтарды осы платформа арқылы таңдауға қатысты. Бұл жүйе "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес педагогтердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында оқулықты таңдау процесін автоматтандыру арқылы қабылданатын шешімдердің әділдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.

- Оқулық оқушы қолына жеткенге дейін біраз жұмыстар атқарылатынына көзіміз жетті. Дегенмен қоғамда оқулықтарда қате көп деген пікір қалыптасқан. Осыны қалай түсіндіресіз?

- Иә дұрыс айтасыз, әлеуметтік желілерде оқулықтағы қателіктер туралы жиі айтылады. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа білім беру мазмұнын жаңарту идеясын жеткіліксіз түсінумен байланысты ескертулер жатады. Үлгілік оқу бағдарламаларының, соған сәйкес оқулықтардың өзгеруі қоғамда түрлі пікірлер туғызды. Бұрынғы бірсарынды сұрақ жауапқа негізделген тапсырмалардан өздігінен орындауға арналған шығармашылық тапсырмаларға көшу әсіресе үй тапсырмасын баласымен бірге орындайтын ата-аналар үшін жаңалық болды. Осы жерде ата-аналардың білім мазмұнының бір жерде тұра алмайтынын, заман ағымына сай өзгеріп тұруы заңды екенін түсінуі қажет.

Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге қатысты айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта Министрлік тарапынан қолданыстағы үлгілік оқу бағдарламаларын талдау және қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар әзірленген бағдарламаларды сараптамадан өткізу туралы жаңа қағида Министрдің бұйрығымен бекітіліп, жүзеге асырылуда.  Екінші топқа моральдық нормалар туралы, оқушылардың жас ерекшеліктері туралы субъективті идеялармен байланысты ескертулерді жатқызуға болады. Біз әлі де ескі стереотиптермен өмір сүріп жатырмыз. ХХІ ғасыр баласының танымы мен түсінігі өзгеше  екенін естен шығарып, қазіргі әдістеме мен педагогикалық ұстанымнан алыс адамдардың өз дүниетанымы мен көзқарасын білдіруінде. Үшінші топқа оқу басылымдарындағы техникалық қателер жатады.

Осыларға байланысты Орталық тарапынан 2016 жылдан бері қолданысқа енгізілген жаңартылған мазмұндағы оқулықтарға қатысты сын-пікірлерге  мониторинг жүргізіліп, себептері анықталды. Мониторинг нәтижесінде ескертулердің 44,2% мазмұнға қатысты субъективті көзқарас болса, 23% әдістемелік түсінбеушілік, 9,3% фейк ақпарат, 7% оқу бағдарламасынан хабарсыздықтан болған пікірлер екені, қалған 16,72% ғана деректік, техникалық, емлелік қателер екені анықталды. Осыдан айтылған сын-пікірлердің басым көпшілігі оқулық тұжырымдамасына, оқу материалдарын ұсынудың әдіснамалық аспектілері, оқу тапсырмаларының түрлері, иллюстрациялар, т.с.с сияқты жүйелі мәселелерге қатысы жоқ, жеке сипаттағы пікірлер екенін көруге болады. Қоғамдағы көзқарастың қалыптасуына әсіресе қазіргі кезде әлеуметтік желінің ықпалы зор екенін мойындауымыз керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында өкінішке орай негатив ақпарат басым да, білім мазмұнында болып жатқан оң өзгерістерді насихаттау аз. Осы бағытта да Министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Білім мазмұнын тиісті деңгейге көтеру алдымызға қойылған негізгі мақсат. Бұл міндеттерді орындау үшін жылдан жылға жұмыс ауқымы да көбеюде. Ең бастысы білім мазмұнын мемлекеттік мүддеге, ұлттық құндылықтарымызға, ал оқулық сапасының қазіргі жоғары талаптарға сай келуін қамтамасыз ету.  

- Қоғамды толғандырып жүрген сауалдарға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет! Осындай жауапкершілігі мол игілікті істеріңіздің жемісті болуын тілейміз!

- Сізге де көп рақмет!