Bugin

Хабар-ошарсыз кеткен сарбаз туралы дерек 81 жылдан кейін мәлім болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: freepik.com

Туыстары хабар-ошарсыз кеткен сарбаздың жерленген жерін 81 жылдан кейін білді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әлішер Қызынбаев 1943 жылы Курск облысының Белгород ауданында қаза тауып, сол жерде жерленген.

Елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жауынгердің туған-туыстарына жерлеу орнынан әкелінген бір уыс топырақты табыстау рәсімі өтті. Еске алу жиыны бір минут үнсіздікпен басталды.

Әлішер Қызынбаев 1903 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың басындағы аштық кезінде оның отбасы туған жерлерін тастап, Өзбекстанға көшкен.

Туысы Жарқын Қызынбаеваның айтуынша, оның ағасын Ұлы Отан соғысының басында Бұхара аудандық әскери комитеті майданға шақырған.

"Соғысқа дейін ағамыз Әлішер үйленген еді, артында өсіп қалған ұлы болды. Хабарсыз кеткенге дейін туыстары одан бірнеше қысқа хат алды. Далалық пошта соңғы хабарды 1943 жылы жеткізген, содан кейін байланыс үзілді. Осы уақытқа дейін біз оны іздеуді тоқтатпадық", - деді туысы. 

Екі жыл бұрын туыстары іздеу сайттарында деректерді тапқан кезде үміт пайда болды. Іздеушілердің арқасында жауынгердің Ресейдің Курск облысындағы қабірге жерленгені белгілі болды. 

Бүгінде жауынгердің ұрпақтары елімізде, Өзбекстан мен Қырғызстанда тұрады. Жақындарының қалауы бойынша Әлішер Қызынбаевтың топырағы туыстары тұратын Бұхараға жеткізіледі.