Weekend
(жалғасы)
* * *
– Осы қолыммен талай рет жылдам және дәл ұмтылып, – деді ол, – қашанда допты ауада немесе жерде тез қағып алып жүрдім.
Официант уылдырық пен шампан алып келгенде, Хемингуэй бөтелкені ашып беріңіз, – деп өтінді. Әйелі ұйықтайтын бөлмеден шығып ерінің тіс щеткасын таба алмағанын айтты, Хемингуэй оған щетканың қайда екенін білмеймін, жоқ болса жоғалсын, басқасын сатып алуға болады ғой, – деді. Әйелі ерінің айтқанын мақұлдап, ұйықтайтын бөлмеге қайта кіріп кетті. Хемингуэй екі бокалға шампан құйды да, біреуін маған ұсынды, екіншісін өзі ішіп алды. Официант одан көз алмай қарапты да қалыпты. Хемингуэй оған бұрылып, испан тілінде бірдеме деп еді, екеуі де күлді. Содан кейін официант шығып кетті. Хемингуэй қолына бокалын ұстаған күйі қызыл тақтай төсекке барып отыра кетті. Қарсысында тұрған креслоға барып мен отырдым.
– Дүниежүзілік бірінші соғыстың маған жаман әсер қалдырғаны соншалық, ол туралы бүкіл он жыл бойына еш нәрсе жаза алмай келгенім бар, – деді ол, аяқ астынан қатуланып. – Соғыс жазушы жүрегіне көп уақыт жазылмайтындай жара салады. Ол жайында мен баяғыда «Жат елде», «Сіздер қандай болсаңыздар да», «Қазір мен өзімді-өзім ұстап бердім» деген үш әңгіме жазған едім...
Ол соғыс туралы жазған, сөйтіп, өзін екінші Толстоймын деп есептеген, бірақ Толсойға бар ұқсайтын жері тек қана жалаңаяқ жүрген бір жазушының атын атады.
– Ол ешқашан мылтық дауысын да естімеген, бірақ сонда да Севастополь соғысында қан төккен, өз ісін тамаша білетін артиллерия офицері, төсекте жатқанда да, ішімдік ішкенде де, немесе бос бөлмеде жападан-жалғыз стол басында ойланып отырғанда да – қайда болмасын, нағыз ер азамат болған Толстоймен өзін теңестіргісі келеді. Мен алғашында жұпыны ғана бастасам да, соңынан Тургенов мырзадан асып түстім. Содан кейін – көп еңбек етіп, көп күш жұмсап барып – Мопассан мырзаны жеңіп шықтым. Стендаль мырзамен екі мәрте тепе-тең түскен едім, бірақ оны соңғы сайыста ұпай саны жөнінен жеңіп шықтым ба деп ойлаймын. Бірақ, нақа ақыл-есімнен айрылғанда немесе қол жетпейтін биікке шыққанымда ғана болмаса, Толстой мырзаға қарсы сайысқа шығуға өмірі бара қоймаспын... – деді ол.
Хемингуэй жаңа кітабының тууына ыңғай қысқа-қысқа әңгімелер себеп болғанын айтты.
– Одан кейін өзімді тоқтата алмадым. Әңгіме романға айналды, – деп түсіндірді ол. – Барлық романдарымда солай болған еді. Жиырма бес жасымда Сомерсет Моэм мен Стефан Сент-Виксен Бенеттің романдарын оқып жүрдім, – деп жөткіріне күлді. – Олардың жазған кітаптары бар, ал менің бірде-бір кітабым жоқ, соны өзіме ұят көрдім. Сөйтіп «Күн» романын жазып шығардым. Ол кезде жиырма жетіде едім, сол кітабымды алты аптаның ішінде жазып шықтым. Оны туған күнім – 21 июльде Валенсияда бастадым да, сентябрдың алтысы күні Парижде аяқтадым. Бірақ роман нашар болып шықты. Сондықтан бес ай бойы дерлік қайта жөндедім. Мүмкін, соның өзі жас жазушыларға үлгі де шығар. Сөйтіп олар өздерін емдеп жүрген психиатор дәрігерлердің берген ақылын орындамай-ақ қояр. Бір кезде осындай дәрігерлердің біреуі менен «Сіз осы психиатор дәрігерлерден не үйрендіңіз?» – деп сұрап жазыпты. Мен оған «Оншама ештеңе үйрене алмадым, ал олар егер түсінген болса, менің кітаптарымнан да соншама мықты әсер ала қоймаған шығар,» – деп жауап бердім. Тек қорғана білетін боксшы еш уақытта жеңе алмайды. Егер жеңе алмайтын болсаң, бекер бәлеге ұрынба. Қарсылас боксеріңді бұрышқа айдап тық та, әбден сілесін қатыр. Бар күшіңді жинап, өзіңе ешбір соққы дарытпай, талмау жерлеріңе ешбір зақым келтірмей, үсті-үстіне төпей бер. Папа осының бәрін өз басынан кешірген...
Хемингуэй өзіне тағы бір бокал шампан құйды да: Қолдан жазуды тәуір көремін, жақында магнитофон сатып алсам да, оны байқап көруге әлі реті болмай жүр, – дегенді айтты.
– Сөйлейтін машинканы пайдалануды үйреніп алғым келеді, – деді ол. – Ондай машинкаға барлығын айтып беріп, содан кейін секретарыңа машинкаға бастырта салсаң болғаны.
Хемингуэй көп қиналып жазады екен. Тек диалогтар ғана оған оңайға түседі.
– Шығармамдағы кейіпкерлерім сөйлескен кезде олардың сөзін жазып үлгіре алмаймын. Солай бола тұрса да, қанша үлкен ықыласпен жазамын. Мен әрбір сөзіме мол мағына сыйдыруға тырысамын. Сөзді аспан өріне шарқ ұрғызып еркін, батыл, кейде тіпті өз бетімен ұшырып қоя беремін. Мысалы, нағыз жақсы ұшқыштар кейде солай ұшатын: олар тек аса шапшаңдықтан ғана ләззат алып, көбінесе емін-еркін түзу ұшумен болады. Міне, жазушы өмірді осылай ұзартып отырады, яғни, менің айтайын дегенім, жазушының шығармасы осылай ғана ұзақ өмір сүреді. Ал, мырзалар, бұған не айтасыңдар?
Осы мәселе оған ерекше маңызды сияқты, бірақ онысын маған түсіндіріп айтып жатпады.
Мен «өз пікіріңізше, сіздің жаңа кітабыңыздың бұрынғыларынан айырмасы қандай?» – деп сұрадым. Ол маған бұрынғысынша жек көргендей тесіле ұзақ қарап қалды.
– Ал сіз өзіңіз қалай деп ойлар едіңіз? – деді біраз үнсіз отырғаннан кейін. – Сіз «Қош бол,қаруым» сияқты Аддис-Абебадағы солдаттар немесе Канонерді басып алған солдаттар жайлы менің жаңа бір дүние жазғанымды қалайтын боларсыз!
Содан кейін қазіргі кітабы дүниежүзілік екінші соғыстағы командирлер туралы екенін айтты.
– Мен жалпы «солдат атаулыда» шаруам жоқ, – деп тағы бір кіжініп алды. – Немес өз басымнан кешкен әділетсіздіктерді әңгімелеп жатқан мен емес. – Сөздің қысқасын айтсақ, – менің жазатыным – қатал соғыс ғылымы ғана!
Жаңа романында, өзінің айтуына қарағанда өрескел, тұрпайы сөздер көп болса керек.
– Оның себебі, менің қаншама сыпайы сөйлегім келсе де, соғыста жұрт тым тұрпайы сөйлеседі, – деді. – Осы жағынан қарағанда меніңше, бұл роман «Қош бол, қаруымнан» әлдеқайда күштірек шыққан, – деді де, портфеліне қол созды. – Бұл кітапта бұрынғыдай жастық, аңғырттық жоқ. – Содан кейін ол шаршаған дауыспен тағы да:
– Ал, мырзалар, бұған не айтасыңдар? – деді.
Осы мезгілде есік қағылды. Хемингуэй тез барып ашқан еді, келген Марлен Дитрих екен. Бұлар бір-бірін көріп, қуанысып қалды. Хемингуэй ханым ұйықтайтын бөлмеден шығып, келген қонақты құшақ жая қарсы алды. Марлен Дитрих Хемингуэйден сәл арырақ барып, аса бір ықыласпен оның өне бойына қарап шықты да:
– Папа, дидарың қандай тамаша еді, – деді баяу үнмен.
– Қызым, сені сағынып қалыппын, – деді Хемингуэй. Қолын бетіне апарып, екі иығы селкілдеп сылқ-сылқ күлді.
Дитрих ханымның үстінде бұлғын ішік. Ішігін шешіп, Хемингуэй ханымға беріп жатып, қатты күрсініп алды. Содан кейін тағы бір күрсініп қойып, жұмсақ креслоға отыра кетті. Хемингуэй бір бокалға шампан құйып, қонаққа ұсынды да, қалған бокалдарды да толтырды.
– Капустаның ажары өте жақсы екен, – деді ол маған бокал ұстатып жатып.
Содан кейін орындығын жылжытып, Марлен Дитрихтың жанына жақынырақ келіп отырды. Олар дос-жарандары дәне өзді-өзі туралы өткен-кеткенді айта бастады. Театр жайында, кино қызметкерлері жайында сөз болды. Хемингуэй солардың біреуін сөз арасында «теңіз қарақшысы» деп атады. Марлен жазушыдан оны неге олай атадыңыз, – деп сұрады.
– Неге десең, құрлықтан теңіз үлкен, – деп жауап берді ол.
Хемингуэй ханым бөлмеден шығып кетіп еді, бірнеше минуттан кейін уылдырық жаққан бутерброд алып кірді.
– Мэри, Папаға айтып отырғаным: әже болғаннан кейін енді жүріс-тұрысым да басқаша болуы керек қой, – деді Марлен бутербродты алып жатып. – Енді маған әрдайым немерелерім туралы ойлауға тура келеді. Өзің білесің ғой, Папа?
Хемингуэй оны түсінемін ғой деген ишарат етті, ал Дитрих бізге сумкасынан немересінің әуесқойлықпен түскен бірнеше суретін алып көрсетті. Немересі бір жарым жас шамасында екен. Хемингуэй бұл бала бокс чемпионына ұқсап тұр, егер мен боксшы болсам, денсаулығым сондай-ақ болсын деп құмартар едім, – деді.
Дитрих ханым қызынан жуырда тағы да бір перзент көргелі отырғанын айтты.
– Папасы, сөйтіп қос немерелі болғалы отырмын, – деді ол. – Бамбт деген ұлымның жұбайы нәресте күтіп жүр.
Хемингуэй ханым күйеуінің үлкен ұлы Берлинде тұратын армия капитаны Джонның «Бамби» деп аталып кеткенін түсіндірді. Ал екінші ұлы Патрикті өздерінше «Қаптесер» дейді екен. – Ол қазір Гарвард университетінің екінші курс студенті, жасы жиырма бірде, июнь айында үйленем деп жүр. «Жижи» деп аталып кеткен үшінші ұлы Грегори жақында ғана Аннаполис қаласындағы Сент-Джон соғыс академиясына түскен. Ол бар болғаны он сегіз-ақ жаста. Патрик үйлену тойына осы отырған Хемингуэй ханымнан басқа Хемингуэйдің бұрынғы екінші әйелі – өзі мен Жижидің туған анасы Полина Фейферді шақырмақшы. Хемингуэйдің бірінші әйелі Бамбидің анасы Хедли Ричардсон деген кісі, қазіргі фамилиясы Поль Скотт Моурер ханым көрінеді. Үшінші әйелі Марта Геллхорн деген болыпты.
– Өмірде не істесек те, бәрі балаларымыз үшін ғой,– деді Дитрих.
– Әбден рас, бәрі де балалар үшін,– деді оны қостап Хемингуэй. Сөйтті де Марленнің бокалын тағы толтырды.
– Рахмет, Папа,– деп, ол тағы бір күрсініп қойды. – Мен қазір Плазда тұрамын,– деді ол, Хемингуэйге. – Бірақ көбінесе уақытымды Үшінші авеню көшесіндегі қызымның үйінде өткіземін. Папа, күйеуім мен қызым бір жаққа кеткенінде менің кім болатынымды көрген едің ғой,– деп сөзін сабақтай түсті де, шампаннан бір ұрттап алды. – Мен бала бағамын. Екеуі үйден кетісімен-ақ үй ішінің бәрін орын-орнына қойып, жиыстыра бастаймын. Қуыс-қуыстардың барлығын қарап, жәшіктердіңқақпағын жауып, шаң-тозаңды сүртемін. Аузы-мұрнынан шығып лас болып жатса, мен ондай үйде тұра алмаймын. Плаздан әкелген орамалымды қолыма алып, бұрыш-бұрышты сүртіп шығамын, сөйтіп бүкіл үйді жинап, сыпырып-сиырамын. Содан кейін олар түнгі бірде немесе екіде қайтып оралады. Сол кезде кір орамал мен баланың жуатын киімін бір нәрсеге буып-түйіп аламын да такси шақырамын. Шофер, шамасы, мені Үшінші авенюден келе жатқан кір жуатын әйел дейтін болар, маған жаны ашып машинасына отырғызып алады. Ал мен оған Плазға апарыңыз деп айтуға да бата алмаймын. Сол себепті машинадан дәл үйдің жанынан емес, бір көшеқалғанда түсем де, буыншақ-түйіншектерімді арқалаған күйімде үйге жаяу жетем. Сонсоң баланың киімдерін жуып болғасын ғана ұйықтаймын.
– Қызым, сен оны олар үшін емес, өзің үшін істейсің ғой,– деді Хемингуэй бар ниетімен.
Біреу есік қақты, бұларға қызметші гүл келген екен. Хемингуэй ханым гүл салған қорапты ашып еді, өзінің анасы бұған арнап бір шоқ жасыл орхидея гүлін жіберіпті. Ханым гүлді вазаға салып жатып:
– Кешкі тамаққа заказ беретін уақыт та болып қалды,– деді.
Тамақ басында Хемингуэй мен Марлен Дитрих ханым соғыс жайын әңгімелеп отырды. Осы отырған үшеуі де соғыс дегенді көрген адамдар. Сол кезде Мэри Уэлч деген атпен жүрген Хемингуэй ханым «Тайм» газетінің Лондондағы тілшісі болған, қазіргі күйеуі Хемингуэй сонда жүріп танысқан. Ол кездері екеуі де Лондонда, кейініректе Парижде Марлен Дитрихпен жиі кездесіп тұрған. Марлен майдандағы артистер бригадасында қызмет етіп, Европаның барлық майдандарында дерлік сахнаға шығып жүрген. Соғыс туралы айта бастағанда ол біраз қайғырып, мұңайып қалады. Өзі солдаттарға ойын көрсетуді ұнатады екен, өзінің айтуы бойынша үй-жайынан айрылып, қиыр шетте жүрген сол адамдардың жылы шырайлы ықыласы бұған бәрінен де қымбат көрінеді.
– Олар қашанда адамгершілікті ұмытпайтын,– деді Марлен, – жаманшылықты да, қорқытып-үркітуді де білмейтін, бір-бірімен жақсы қарым-қатынастағы адамдар ғана болатын.
Хемингуэй осы кісінің денінің сау болуы үшін ішіп қойды.
– Біздің Папа қазір соғыс біткеннен кейін сондай бір жабырқаңқы жүретінінің себебін енді ғана түсіндім, – деді Хемингуэй ханым. –Өйткені бейбіт уақытта қандай да бір ерлік көрсетуіне оның ешбір жағдайы жоқ.
– Соғыста бәрі өзгеше, – деді Дитрих: – Онда адамдар мұндай тасбауыр емес, қайта бір-біріне сондай бауырмал келеді.
Хемингуэй одан соғыс кезінде жазып алған пластинкалар қайда деп сұрады. Олар Америкаға кең тараған әйгілі әндердің неміс тіліне аударылған нұсқалары еді. Шіркін, сол пластинкалар өзімде болса ғой, дегенді айтты.
– Қызым, сол пластинкаларға мен жаңа жазған кітабымның қолжазбасын да айырбастап жіберер едім,– деді ол.
– Папа-ау ол болса саған айырбассыз-ақ берер едім ғой. Өйткені сені сондай жақсы көремін, – деді Дитрих.
Мен де осы өзім көріп жүргендердің ішінде сенен жақсы адамды кездестірген емеспін, – деді Хемингуэй.
Орыс тілінен аударған – Нәбиден Әбуталиев