Саясат
Мұндай инвестордан не пайда?
Лакшми Миттал есімін естісек төбе шашымыз тік тұратын халге жеттік. Шыны керек, бұл мәселенің жақын арада шешімін тауып, түйіні жазылар түрі жоқ. Есімі жер жарған Лакшми Миттал деген кім? Ол – әлемдегі ең бай дегендердің бірі. 2011 жылғы «Форбс» журналының тізімінде ол 6-орында тұрған. Әлемдегі ең ықпалды 50 адамның қатарына кіреді. Оның металлургиялық империясы 30 елдегі кәсіпорынға қожалық етеді. Оған әлемдік болат өндірісінің 10 пайызы тиесілі. Ол әлемдегі болат өндіретін ең ірі «Арселор Миттал» компаниясының қожасы.
Бұл кісінің 30 елдегі кәсіпорынға қожалық еткені аз болғандай, қазақ жеріне де көз тіккен көрінеді. Ол Қазақстанға 1995 жылы келеді.Дереу іске кіріскен Миттал мырза 1995 жылы ол Қазақстан Үкіметінен Теміртаудағы Қарағанды металлургиялық комбинатын сатып алды. Тағы бір тоқталатын тұс «Арселор Миттал Теміртау» жалғыз болат өндірісімен шектеліп отырған жоқ. Компания бұдан тыс Қарағандыдағы 8 көмір шахтасына және Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы 4 темір рудасына иелік етеді.
Митталдың Қазақстандағы филиалына қатысты өз ойлағаны бар. Яғни ол – жұмысшыларды қысқарту. Бұл Миттал үшін жұмысшыларға ақшаны аз төлеудің ең тиімді амалы.Ол бұл әдісті Қазақстанда ғана емес, өзіне қарасты бүкіл компаниялардың барлығында қолданып келеді. 1996 жылы ол ирландиялық Irish Steel меткомбинатының 600 адамын жұмыстан шығарып жіберді. Мittal Steel Poland комбинатының жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды 25 пайызға қысқартқандықтан Польшаның металлургия тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен апат болды. 270 тонна шойын жерге төгілді. Миттал мырзаның бұл әрекетіне қарасаң, ол кәсіпті дөңгелетін жан емес, керісінше төңкеретін адамға ұқсайды.Ақыры дегеніне жетіп, ойлағаны болды. Бұл кісінің өз істегендері аз болғандай, қазір «Арселор Миттал» команиясының тізгінін ұлына ұстатқан. Қазіргі жағдаймызда барлығымызға мәлім. Жұмысшылардың жалақысы мүлдем көңіл көншітпейді. Алатын айлықтары, істеген еңбектеріне мүлдем татымайды. Күні кеше ғана «Арселор Миттал Теміртау» бас директоры Виджай Пахадевана теңгені құлдырауы жұмысшылардың айлық ақысын 25 пайызға қысқартуға тек аз ғана уақытқа тежеу болатынын өзінің әлеуметтік парақшасында жазыпты.
Жалақының қысқаруы уақыттың еншісіндегі дүние дегені бұл. Салыстырар болсақ, Қазақстандағы митталдық кәсіпорындардың жалақысы дәл сондай бағадағы өнім өндіретін ресейлік кәсіпорындармен салыстырғанда үш есе төмен екен. Сонда бізге мұндай инвестордан не пайда? Оның компаниясын бұдан әрі Қазақстанда қалдыра берсек, ендігі халіміз не болмақ?