Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Балық шаруашылығы өте әлеуеті зор сала. Үкімет «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» қабылдады. Бағдарлама аясында республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Соның нәтижесінде, Түркістан облысы бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға берілген. 22 су айдыны резервте. Қазір өңірде 158 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 3 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді.
Су айдындарын балықпен молайту – басты мәселе. Бүгінгі таңда балық ресурстарының өсімін молайту мақсатында «Шардара» су қоймасына «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 12 грамнан кем емес 635 мың дана шабақ жіберді. Атап айтсақ, оның ішінде 300 мың дана тұқы тектес балық болса, 200 дана ақ амур, 135 мың дана дөңмаңдай шабақтары бар. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарлама аясында балық өсіру ісі жанданып келеді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында жүретін бұл жұмыстар биыл да жалғасып, жасанды жолмен өсірілген балық дернәсілдері су айдынға жіберілді. Жалпы ауданда балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.