Bugin

“Мектепте балаларды кім тамақтандырып жатқанын білу керек”— сарапшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: freepik.com

Мектеп оқушыларының жаппай улануына тамаққа бөлінетін бюджеттік қаражаттың әсері бар жоғын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Taspanews-ke сілтеме жасап. 

Сұхбат барысында сарапшы "Мектеп оқушыларының жаппай улануы тамақтануға бөлінетін бюджеттік қаражатты қайта қарауға әкелуі керек" деп санайтынын айтты. 

Елді дүр сілкіндірген оқушылардың улану жағдайлары өскелең ұрпақтың сапалы тамақтану мәселесін көтеруге итермеледі.

Қоғамдық тамақтандыру жүйесінде тәртіпті қалпына келтіру цифрландыру арқылы жүзеге аса бастады. Осылайша, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының басында "Әлеуметтік әмиян" жүйесі жұмыс істей бастағанын хабарлады. Ата-аналар балаларының қалай тамақтанатынын және асханаға қалай баратынын бақылайды. Бұл мақсатта арнайы электронды ваучерлер енгізіліп жатыр. Дегенмен “Аспаздық” бойынша World skills бас халықаралық сарапшысы Серікхан Әділханов, ең алдымен, ас мәзірі мен қаржыландыру көлеміне қатысты мәселелерді шешу қажет деп санайды.

“Мектептегі тамақ жұмсақ, әрі сіңімді болу керек. Бірнеше теңдестірілген ас мәзірі болу керек. Қазіргі таңда барлығын граммен өлшейді, алайда азық-түлікті өзара алмастыру шешімдері де қарастырылу керек. Бұл мәселелермен кәсіби мамандар айналысуы керек. Мен өзім Алматы облысы мәслихатының депутаты ретінде осы мәселелердің барлығын көтердім. Асханаларды тексердік, сын айту мақсат болған жоқ, алайда балалардың тамақтануын ұйымдастыруға деген көзқарасты өзгерту керек. Котлетті кешке дайындаған кезде, ашыту процесі басталып кетеді, себебі онда нан мен пияз болуы мүмкін. Қазіргі таңда әркім өзі білгенінше пісіреді, алайда бұл істі бір жүйеге келтіру керек, ол үшін комбинаттарды қайта құру қажет”, - деді Серікхан Әділханов.

2024 жылы бір бастауыш сынып оқушысын тегін тамақтандыруға 580 теңге бөлінген. Бұл нормаға сай келмейтін секілді. 

“Ең үлкен мәселе – қаржыландыру. Бүгінде бір балаға бөлінетін сома өте аз, соның салдарынан тамақтандыру сапасы төмендеді. Ақша табу үшін балаларды тамақтандырумен айналысатын ұйымдар көп мектептерді алып алады. Кәсіпкер әр мектепті өз бақылауында ұстап, аралап, тексеріп отыруы керек. Ол оннан астам мектепке қызмет етсе, бұл дұрыс емес, себебі бәріне үлгермейді. Олар шикізатқа ақша үнемдеуге тырысып жатады, бұл әрине кері әсер етеді.                  

Сосын әр қалада қаржыландыру әртүрлі. Алматы облысында 430 теңге болса, Алматы қаласында 2 есе көп. Облыста тым болмаса 700 теңгеге дейін көбейту керек”, - деді сарапшы.

Сарапшы балаларды тамақтандырып жатқандар кімдер екенін де білу керектігін айтты.