БІЛІМ

Әлем әдебиетінің танымал туындысы қазақ тіліне аударылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: "Mazmundama" баспасы

Астанада әлемдік бестселлер – Дэниел Киздің тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Алжернонға арналған гүл» романының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Кітапты аударуға және басып шығаруға атсалысқан – Allur қазақстандық автомобиль компаниясы және «Мазмұндама» баспасы.

Іс-шара жаңа кітаптың тұсаукесерімен қатар, шетелдік шығармаларды қазақ тіліне бейімдеу мәселелерін де қозғады. Шарада спикер ретінде «Мазмұндама» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан, Allur өкілі Айгүл Ахметова және Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген сөз сөйледі, ал жиынның модераторы Перизат Мырзахмет болды. Қатысушылар аудару ісі, түпнұсқаның стилистикалық және ой тереңдігін сақтау, сонымен қатар баспагерлердің мәтінді қазақтілді оқырман үшін бейімдеу кезінде тап болатын қиындықтарды атап өтті. 

Аудару құқығына қол жеткізуге баспа өкілдері үш жыл жұмсаған. Аударманың өзі де бірталай уақыт жасалған. Араға бес жыл салып, осындай шығарма қазақстандық оқырманға жол тапты.

«Бұл аударманы жүзеге асыру басқа жұмыстармен салыстырғанда қиындау өтті. Себебі бұл кітап ақыл-ойының дамуында кемшілігі бар, орфография мен пунктуацияның ережелерін білмейтін, қалай естісе, солай жазатын баланың жүргізетін күнделігі ретінде жазылған. Осы себептен алғашқы бөлімдерді оқу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл роман ақыл-ойының дамуында ерекшеліктері бар адамдардың тағдырына назар аударуға мүмкіндік береді, осыдан 50-60 жыл бұрын Америкада басып шығарылса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған», - деп атап өтті Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының өкілі.

 Allur компаниясының өкілі Айгүл Ахметова да шығармаға жақсы баға беретінен сенім білдірді.

«Біз осындай ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраны, мемлекеттік тілді ілгерілетуге және сақтауға көмектесетін әлеуметтік бастамаларды қуана қолдаймыз. Бұл біздің миссиямызға және басымдылық беретін бағыттарымызға сәйкес келеді. Туған тілімізде контент шығарып, оны популяризациялауға атсалысу – компанияның қоғамның дамуына қосатын үлесі. Біздің қазақстандық оқырманның бұл шығармаға жоғары баға беретініне сеніміміз мол. Бұл бастамамен тоқтап қалмай, жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын ниетіміз бар», - деді Айгүл Ахметова.

Кітап танымал дүкендер мен маркетплейстердің сөрелерінде пайда болды. 

Дэниел Киз — Хьюго және Небьюла сыйлықтарына ие болған айрықша автор. Оның шығармалары терең философиялық ойлары мен әсерлі стилінің арқасында бүкіл әлем бойынша оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген.