Weekend
Қазақстанда...
Соңғы жылдары елімізде сауатсыз жазылған жарнамалар мен жүйесіз жазылған сөйлемдердің қарасы көбейген. Далаға шықсаң болды самсап тұрған жарнамалар стилистикалық, грамматикалық, пунктуациялық қателерге толы. Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, жарнамадағы қателер азаяр емес. Мамандаркезекті рет көрнекі ақпарат пен жарнама сауаттылығы мәселесін көтеріп келеді. Әсіресе, бұл тақырып жарнамасаласындағы қазақ тілі нормасының сақталуы турасында өзекті. Мәселен "очки" сөзін "көзілдірік" емес, ұпайлар деп аударылуы, дүкен атауларында алдымен орыс тіліндегі нұсқасының жазылуы және екі сөздің бірігіп қалуы секілді өрескел қателіктер қалада жетіп артылады. Ал бұған жарнама агенттігі қызметкерлерінің көзі үйренген бе, әйтеуір аса олқылықты байқамайтын секілді.
Әйтсе де, жарнама берушілер орфографиялық қателіктерге қоса осы заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі-жиі қателіктерге ұрынады екен. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді. Осы орайда мамандар «бұрынғыдай емес қала жұртшылығы көшедегі қателіктерге деген наразылығын жиі білдіреді. Жарнамадағы қателікті көре сала әлеуметтік желіге салып, жұртшылықтың сынына, талқысына салады немесе жауапты органдардың сайтына салады. Бұл өз кезегінде көшедегі қателікке толы жарнамалардың азаюына ықпал етіп тұр» дейді. Әсіресе дүкен сөрелеріндегі тауарлардың сыртындағы мәліметтерді орыс тіліндегі нұсқасы еш қателіксіз жазылады да, мемлекеттік тіл нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер етері сөзсіз. «Сондықтан жарнама берушілерге салынатын 100 мың теңге айыппұл аз» дейді қазақ тілінің жанашырлары. Расында да қазақ тілінде жазылған көшедегі ию-қию қателіктерге толы, мағынасы түсініксіз жарнамаларға соңғы кездері көпшіліктің де көзі үйренісе бастаған еді. Кәсіпкерлерді тексеруге қатысты мораторийдің жариялануы қате жарнамалардың жазасыз қалуына, тіпті көбеюіне де себеп болған еді. Құзырлы орындар жаңа заңның күшіне енуіне орай жарымжан жарнамалардың саны азаятынына сендіріп отыр.
Жаңадан ашылған орталықтар мен кафе, дүкендер атауларының көпшілігі ҚР Тіл туралызаңының 21 бабынасәйкес келмейді. Тіптен Халыққа Қызмет көрсету орталықтарында да қателіктер кездеседі.
Қазақ тілінің төл әріптері көбіне ысырылып, шеттеп қалып жатады. Өйткені жастардың көбісі «оттик», «ухтап калдым» деп пернетақталарында лимит бардай жаза салады, сондықтан ол әдетке айналып кеткен. Көшеде осы іспеттес қателер кездессе, оған қате ретінде қарамайды. Мына жарнамадағы «ойткені», «кобейді» деп жазылу да солай шығар.
Ең көп ЖОО Алматыда орналасқан. Олардың көпшілігі Совет Үкіметі кезінде салынған, жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Атаулары да қате, әріптері түсіп қалған. Бір әріпті екіншісімен алмастырып, әйтеуір жазып қойған. Соларды атына затын сай қылып үлкен жазумен, қатесіз жазған жұрыс шығар. Себебі, көрер көз кіреберістен бастап сынайды.
Еліміздегі сансыз қателерді жөндеу үшін айыппұл мөлшерін көтеріп, жаңа акциялар мен өзгерістерді енгізу керек. Оған қоса, патриоттық сезімді ояту қажет. Бәлкім, сонда ғана ұлттық сананың деңгейі жоғарылап, тілімізге деген құрмет арта түседі.