Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға тапсырылды. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп және облыстық бюджет және арнайы қордың қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда. Бұл 50 мектеп пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Бұдан бөлек, алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп есептеймін. Біз оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бүгінгі ашылғалы отырған жаңа мектебіміз көршілес жатқан ауылдарда тасымал арқылы білім алып жүрген оқушыларымыздың мәселесін шешеді. Осы жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған оқушыларымыз үздік оқып, ел үмітін ақтап, отаншыл азаматтар болатынына сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Нысан Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында бастаған. Жалпы жер көлемі 1,96 гектарды құрайды. Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Бұл мектепте Көгерту ауылында және осы елді мекеніне жақын орналасқан ауылдарда тұратын оқушылар білім алады.
Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 мектепте 33 669 оқушы білім алуда. Ауданы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.