Саясат

Жер сату мәселесі: әлемдік тәжірибе

Қазақ-қазақ болғалы, қазақтың ең жанды жері «Жер дауы мен жесір дауы» болатын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Жер сату әлемдік тәжірибеге, экономиканың сан қатпарлы талаптарына толықтай сай» деген болатын: Уәж: Жерді жалға берген, сатқан және кепілдікке қойған елдердің ешқайсысы жерін қайтарып ала алмаған, тіпті алпауыт елдердің өзі де.

Алаш көсемдері кезінде татар мен башқұрт халықтарын мысалға келтіре отырып, жерді жекеменшікке басыбайлы берудің кеселін дəлелдеп берген. Жекеменшік жерлерін татар мен башқұрт бауырлар банкіге кепілдікке қойып, несие алған, оны қайтара алмай, көп жерден айырылып қалған. (Бұл дерек Алаш көсемі Əлихан Бөкейханның жазбаларынан алынды).

«Николайдың (Ресей патшасы – ред.) кезiнде арендаға берiлген жер қайтпады. Қазақ жерiнiң түбiне жеткеннiң бiрi – осы аренда болатын. Халықтың сыртынан билеп үйренген қазақтың жуандары арендаға жер бере беретiн. 1904 жылы Жекендi өзенiнiң бойындағы Ойыл жәрмеңкесi кезiнде әлгi жуандар елдiң жайлауын орыстарға арендаға берген ғой. Сол жердiң бәрi орыстарға өтiп кетiп, көшпелi қазақтың күнi қараңға айналды».

Кедей қазақтың жерiн сол жуандар сыртынан жалдап жiберетiн, ақырында ол жер арендаға алған кiсiнiң түпкiлiктi мүлкi болып қалатын. Осылайша отаршылдар қазақтың жерiн әбден талады, бұған қазақтың өз жуандары да қолғабысын тигiздi. (Телжан ШОНАНҰЛЫ: «Николайдың (Ресей патшасы – ред.) кезiнде арендаға берiлген жер қайтпады». Орынбор, 1923 жыл).

Ресей кезінде Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға сатқан болатын, ол жерден Ресей түпкілікті айырылды. Бұл оқиғаны дүние жүзі біледі.

Күрдістан мемлекеті кезінде жерін кепілдікке қойып қарызға ақша алған. Қарызын уақтылы қайтара алмауы себепті үш ел – Ұлыбритания, Франция және Түркия оның жерін бөліп алып, Күрдістан елі мемлекет ретінде тарихтан жойылды. Курдтар әлемдегі жерсіз, мемлекетсіз қалған көп санды халықтардың бірі. «Дүние жүзінде жалпы саны — 40 миллион шамасында» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

Қандай ауыр қасірет. Жерін кепілдікке қойып, қарыз алып, ақыр соңында осыншама көп халық мемлекеттігінен айрылып қаңғып қалды.

Палестина мемлекеті тура біздегідей, кезінде жер сатуды парламентке шығарып, жерді шетелдіктерге сату жайлы заң қабылдаған болатын. Сол заңның негізінде олардың жерінің бір үлкен бөлігін еврейлер сатып алып, сол жерге қазіргі Израиль мемлекетін құрды.

«Израиль қалай құрылды: Сионистік қозғалыстың авторы атанған журналист Теодор Герцльдің (1896 жылы) «Еврей мемлекеті» деп аталатын шағын кітапшасы жарық көрген. Әр елде тентіреп жүрген еврейлерге ұлттық мемлекет құру туралы ең алғаш ой тастаған осы кітапта, автор, бүкіл әлемдегі жөйіттерді Палестинадан немесе Аргентинадан иелік сатып алу үшін «ақша жинауға» шақырады. Бұл еңбегі жарыққа шыққанда, Палестинада олардың отыз шақты елді мекені болған екен. Сионистік ұйымдар ол жаққа барған қандастарына «жеті сотық» алуға қаржылай көмек беріп, ақшаға құныққан арабтардың жерін көтерме бағамен сатып ала бастайды. Қазір енді, барынан айырылып, жау кеткеннен кейін қылышын тасқа сермегендей болған Палестина үкіметі, еврейлерге жер сатқандарды өлім жазасына кесетін үкім шығарып қойған. Арабтар осы ессіз қылығына әлі күнге дейін өкінеді. Біз де өкініп қалмайық, ағайын…» (Жолымбет Мәкіш).

«Қытайдан қарыз алған Тәжікстан Таулы Бадахшанды берді» деп хабарлайды – БАҚ».

«Пекин 28,5 мың шаршы шақырым территорияны даулап келген. Ол Тәжікстан жерінің 20 пайызын құрайды. Екіжақты келісім бойынша Шығыс Памир таулы ауданындағы 1,1 мың шаршы шақырым жер Қытай жағына берілді». 

Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады.

Тарих тағлымы: Әлемдік тәжрибе де жерін саудаға салған елдің оңғаны жоқ. Кез келген ұлттық мемлекет жерін сатса немесе ұзақ жылға шетелге жалға берсе, онда ол жерден міндетті түрде айырылып, қаңғып қалады, немесе ұлт ретінде тарих сахнасынан кетеді.

Жоғары да көрсетілгендердің негізінде:

«Жер кодексінің» 6 бабының 6 тармағында былай делінген: «шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады» делінген.

Бұл бапқа мынадай өзгеріс енгізу қажет: «Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құқығы қатынастарында еш құқықтар пайдалана алмайды».

Осы кодекстің 23-бабында:

«4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды» делінген.

Өздеріңіз көріп отырғандай,  шегара аймақтары ғана сатылмайды деген сөз айқын айтылып тұр.

Бұл жағдайда, шегаралық аймақты картон қораппен салыстырсақ, дұрысы сол болар. Қораптың ішіндегі барлық бағалы дүниеміздің бәрін сатып жіберсек, іші бос қуыс қорапты не істейміз. Оны қандай пайдамызға жаратамыз? Балама, ретінде айтар болсақ, сол қораптың ішіндегі өзімізде сатылып кеткен жоқпыз ба?

Осы кодекстің 24-бабында:

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» делінген.

Бұл бап бойынша айтарымыз:

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және жарғылық қорында шетелдіктердің 1 пайыз үлесі болса да жер сатылмайды және жалға берілмейді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына) жер сатылмайды және жалға берілмейді, - деп шегелеп тұрып жазылуы қажет.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім

Дереккөз: Ұлт ақпарат