Weekend

Абақтыға айналған сұм өмір

Алаш арыстары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам өмірі түрлі белестер мен кедергілерден тұрады. Әуел бастан Хақ Тағала адамзат баласына өмірімен қоса түрлі сынақтарды да тарту еткен. Маңдайына жазылған сынаққа біреу тура қарап, бас имейді ал енді біреулер сол сынақтың ырқына көніп кете барады.

Өмір жолында кездескен түрлі сынаққа бас имей, тағдырдың талай кедергісін артқа тастап, түрлі белестерді бағындырар жан бұл жалғанда сиреп бара жатқандай. Бес күндік фәниде барлық жан елеп-ескере бермейтін жайттар жетерлік. Ескерсек те, көз жұма қарап, заман шындығын бүркеп қалуға тырысатынымыз тағы бар. Бұл харекеттің барлығы жеке бастың амандығы үшін жасалатындығы айдан анық. Кейде өтірікті шындықтан жақын көріп тұрамыз. Міне, сол себептен де боямасыз шындықты жеткізген жан біз үшін жауымызға айналады.

Сөзіме дәлелді тарих беттеріндегі бедерлі оқиғалардан іздесем. Кешегі Ресейдің озбырлық саясатына ұшыраған халыққа тура жолдың жаршысы болған ұлт зиялыларының ғұмырын тілге тиек етпекпін. Айлакер патшалық саясаттың үстем тап өкілдері саяси сауатсыз, аңқау елді арзан ұрандармен артына ертіп, ал оның көзі ашық көсем көшбастаушыларын "буржуазиялық ұлтшыл" деп жариялады. Саяси сахнада орын алған бұл саясат ұлт зиялыларынан ғана аяқ тартқан еді. Міне, дәл осы мақсатта қазақ арасындағы көзі ашық көкірегі ояу азаматтарды асып-атып, рухани азапқа салып жойып тынды. Дегенмен, қазақтың ел болып еңсесін көтеруінің түбінде осы ұлттық интеллигенция өкілдері тұр. Өшкеніміз жаңарып, өткеніміз ұлықталар шақта ғана біз зиялы қауымның еңбегін бағалап, тарих беттерінен лайықты орын алуына жол аштық. Бұл тұлғалар тарихта атым қалсын деген жоқ, халық мүддесі үшін барын салып, басын қауіп-қатерге тікті. Әділетсіздік орын алған сол қараңғы заманда елім деп еңіреп жүрген азаматтардың шоғыры Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айыптың құрбанына айналды. Елімді маужыраған ұйқыдан оятамын, санасына патриоттық сезімді жеткіземін деген азаматтар бір сәтте-ақ "халық жауы" болып шыға келді. Аталған алашордашылардың қатарын М.Жұмабаев та толықтырды.

Қара жердің бетінде өмір сүріп жатқан кез-келнен халықтың жүріп өткен жолының сүрлеу-соқпағына зер салсаңыз, өнердің басқа түрімен салыстырғанда, сөз құдіретіне ерекше мән беріліп келгенін аңғарамыз. Ұлы тұлға әр кезде де билікпен тіл табыса алмаған, сол үшін де өмір бақи ресми билікке оппозицияда болған. Олар билікке қара басының қамы үшін емес, халқының болашағы үшін қарсы шықты. Бірақ халық ақынның өмірін бір-ақ сәтте шешетін тоғыз грамм қорғасын оғынан арашалап қала алмады. Мағжан ақын өмір жайлы мына бір өлең жолдарында: 

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, 

Сұм өмір абақты ғой саналыға 

Ақында адамзаттан дос болмайды, 

Жалғыз-ақ сырын айтар қаламына, – деп күйіне жырлайды.

Ақынның өмірді абақтыға теңеуі заманның азып-тозғанының шынайы белгісі. Елім деп еңіреген өрен ерлердің тағылымды тағдырлары әрдайым халық жүрегінде.