Bugin
Фото: freepik.com
"Дербісек" деп аталатын елді мекенде 70 гектарға жуық жылыжайда осы шаруашылық кеңінен дамыған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 24 KZ арнасына сілтеме жасап.
Ал онымен айналысатын еңбек адамдары жылдар бойы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, көпке үлгі болып отыр. Акрамбек Умаров - Дербісек ауылында алғаш гүл өсіруді қолға алғандардың бірі. Үй іргесіндегі жылыжайында қалампыр мен қызғалдақ, голландиялық альстромерия да жерсінген. Күтімі жақсы раушан гүлі 45 жылдан бері жайқалып тұр. Еңбек адамының ерекше ықыласы шаруашылыққа оң серпін берді. Бүгінде жылыжайы 2,5 гектарға дейін ұлғайтылып, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Тамшылатып суару технологиясы мен климатты реттеу жүйесі енгізілді. Осының арқасында бақытгүлінің көшеті көбейтіліп, кезең-кезеңімен гүл ашатын 20 түрі егілді. “Мен өзі гүл өсіруді гвоздикадан бастағанмын. Соның қатарында раушан гүлін де жалғастырып кеттім. Дербісек елі өсімдік саласында Құдайдың нұры жауған жер деп есептеледі. Осының арқасында джип міндік қой. Әкеміз мінбеген джиптерді міндік. Заман ағысы бүгін талап етіп тұр ғой мынаны. Атадан балаға мирас болған бағбандыққа кейінгі ұл-қыздардың да аңсары ауды”, - дейді Акрамбек Умаров.
Қазір Акрамбек Умаровқа қолғабыс ететін ұрпақтар сабақтастығы өрбіп келеді.
“Біздің де ұл-қыздарымыз өсіп келе жатыр. Үйреніп жатыр. Келешекте осы саланы алып кетеміз десе қарсы емеспіз. Ертең Құдай қаласа гүлдеріміз ашылған кезде ақ, сары, қызыл болып сол кезде рахатын көреміз. Дербісек ауылында 70 гектардан астам жылыжай бар. Оның басым бөлігі гүл шаруашылығына бағытталып, дайын өнім ел аумағына жөнелтіледі”, дейді бағбан Давранбек Әбдуғаниев.
Қазір көрші ауыл тұрғындары да бағбандықтың қыр-сырын үйреніп, жерді әртараптандыруға мән беріп келеді.
“Гүл өсіру бойынша Дербісек елді мекенінде алпыстан астам шаруа қожалық айналысып жатыр. Одан бөлек Жібек жолында арнайы 2 гектар жерде Голландиядан келген раушан гүлінің көшеттері былтыр отырғызылды. Биыл өнімдерін алды. Ал Акрамбек Умаровтың пайымынша, гүл өсіру тек кәсіп көзі емес”, дейді Сарыағаш аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Жайқалған өскіндер отбасы мүшелерін жақындастыратын сүйіспеншіліктің, сұлулықтың символына айналғанын айтады. Сондықтан атадан балаға жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы сақтала бермек.