Bugin
Фото: freepik.com
Өңірде қарияларға құрмет әлі де жалғасып жатыр. Бүгін аудан, қала әкімдері жасы 100-ден асқан ақ жаулықты аналар мен қарияларды арнайы құттықтап, сыйлық табыс етті, деп хабарлайды Bugin.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Қазыбек би ауылдық округі, Жамбыл елді мекенінің тұрғыны 1922 жылы дүниеге келген Қалдан Қадырбекованың шаңырағында болды. 102 жасқа толған Қалдан апа 1939 жылы Киров ауданына отбасымен канал қазуға көшіп келіп, осында тұрақтап қалған. Өзінен туған 8 перзенттен 40 немере, 60-қа тарта шөбере мен шөпшек сүйіп отыр.
Жетісай қаласының тұрғыны Гүлсім Ақшаева да биыл 102 жасқа толды. Ғасыр куәгері 13 перзентінен 40-тан астам немере-шөбере сүйген. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен Екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген. Соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан. Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн өткізіп, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп отыр.
Сондай-ақ Серік Мамытов Түркістан облысының ең қарт тұрғыны, 110 жастағы Унгай Бегбаеваның шаңырағында болды. 1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген әжей бүгінде Қарақай ауылдық округіне қарасты Қ.Сәтпаев елді мекенінде тұрады. 1926 жылдан бастап еңбекке ерте араласқан ақ жаулықты ана ауыл шаруашылығы саласында мақта теріп, қолмен канал қазған. Колхоз-совхоздарда табанды еңбек етіп, жеткен жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отыр. Қазіргі кезде тек әулеттің ғана емес бүкіл бір ауылдың жазылмаған тарихы, ақылгөй анасы іспетті.
Шаңырақтарына арнайы барып құттықтаған аудан әкіміне ардақты аналар алғыстарын айтып, бата берді. Бүгінде Жетісай ауданында 17 624 зейнеткер тұрады. Оның біреуі – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 287-сі – тыл ардагері, 8-і – мүгедектігі бар ардагердің жесірлері. Сондай-ақ 100 жастан асқан 8 қария, 262 еңбекке жарамсыз жалғызбасты қарт пен мүгедектігі бар азамат бар.
Қарияларға құрмет Түлкібас ауданында да жалғасты. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және орынбасары Ербол Орманов жүз жасаған қариялардың үйлерін арнайы аралап, мерекемен құттықтады. Бірінші кезекте аудан басшысы Майтөбе ауылында тұратын абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының шаңырағында болып, ғасырға жуық жасаған қартқа сый-құрмет көрсетті. Осындай игі іске мәз-мейрам болған қария шынайы ризашылығын білдіріп, Нұржан Жақсылықұлына өзінің «Абайтану» атты он томдық жинағын тарту етті. Елдің амандығын Алладан тілеп бата берді.
Содан соң, аудан басшысы аудан орталығындағы ғасыр куәгері Вера Севирикованың шаңырағында болды. Бүгінде 104 жасқа келген анаға мерекелік құттықтауын жеткізіп, сый-сыйапат көрсетті.
Ал, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Нұрлы жол ауылының тұрғыны 104 жастағы Жадыра Кескенбаеваны арнайы құттықтап, сый-сияпат табыстады. 7 ұл-қызды дүниеге әкелген ақ жаулықты ана қазіргі таңда 35 немере, 87 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.
Сондай-ақ Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының тұрғыны 104 жастағы алтын құрсақты ана Сәуле Сапарбаеваның шаңырағына болды. 11 ұл-қызды дүниеген алып келген батыр ананың 39 немере, 44 шөбересі бар.
«Біз ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз көптің жүрегіне сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Ақ жаулықты аналарымыз қандай құрметке болсын лайықты. Әрқашан шаңырақтарыңызға құт-береке дарып, үйлеріңізден жылулық кетпесін. Жанұяларыңызға ынтымақ тілеймін!», - деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Батыр аналарымыз шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жастық шақтарынан сыр шертті. Сонымен қатар өңірдің дамуы жолында жасап жатқан жаңа бастамаларға сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.