ТӘРБИЕ
Фото: massaget.kz , bugin.kz
Зейнеп Ахметовадан «Күретамыр» атты кітабын қолтаңбасымен алдым. Жалпы Зейнеп апамыздың қай кітабы болмасын «бестселлерге» айналып, қолдан қолға тимей оқылып жататыны рас. Кітаптың алғашқы бетінен-ақ оның тегі қазақ ұлтының оқырмандарына арналғанын көресің. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Күретамырдың» 3 бетінде: «Қай ұлттың болмасын ана тілі, ата дәстүрі, салт санасы – сол халықтың өзіндік қадір қасиетін, жан-дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқылдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа қалдырған ардақ мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүрі өзінен өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылу не сақтап қалуы – әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты». – деген ойынан «Күретамыр» кітабының миссиясын түсінесің.
Қазіргі уақытта салт-дәстүрлеріміз, ырым-тыйымдарымыз ұмыт қалып бара жатқанын көріп жүреміз. Кей кезде өзіміз де балаларымыздың салт-дәстүрлерімізге байланысты қойылған сұрақтарына нақты жауап таппай қалатын кездеріміз де бар. Бұл дәстүр жайында айтшы? Олай жасасам не болады екен? - деп қызығып сұрап жатады. «Күретамырдан» көптеген сұрақтардың жауабын білдім. Жас ұрпақтың өсіп білуіне ғана емес, жасы үлкендерге де таптыртпайтын туынды. Мысалы «Тыйым» тарауында «Нан», «Ас тұзы», «Ағарған», «Дастарқан» жайында білместік әрекеттерді жасамауға тыйым мағынасын терең зерделей келе, «Бүйіріңді таянба», «Тізеңді құшақтама», «Жағыңды таянба», деген сияқты дене мүшелеріне де байланысты және мезгіл мен уақыттың да қасиеттерін қамтыған: «Бейуақытта ұйықтама», «Бейуақытта жылама», «Бейуақытта ұрыс керіс шығарма», «Бейуақытта қоқыс төкпе», «Әкесі тірі кісі бас ұстамайды», «Аяқ киімді төңкерме», «Адамды айналма», деген сол сияқты т.б. кіші-гірім жазылған мағыналар мазмұнына көңілің толады. Кітап бірнеше беттерден тұратын 54 тараудан құрылған. Тарау аттары да хронологиялық кезекпен тізілген «Құрсақ шашу», «Жеріктік өріс», «Шілдехана», «Итжейде немесе иткөйлек», «Бесіктой», «Тұсау кесер», «Тымаққа салу», «Танабау», «Байғазы», «Көрімдік», «Айттық», «Жарампазан» т.б. Әр аталған тарау салт дәстүрдің мағынасын түсіндіріп қана қоймай автордың басынан өткен, не өзі естіген қызықты әңгімесімен, сол аталған тарауға байланысты мысалдарымен оқырманды баурап алып отырады. «Күретамырда» қазіргі кездегі қазақтың салт-дәстүрлерімізді бұрмалап жүрген кейіпкерлердің де іс әрекеттері жазылған, оларға не ыза болып, не күлеріңді білмейсің. Мысалы бұны біз «Сүндеттой» тарауындағы үзіндіге көз жүгіртейік: «Содан баланы көтеріп апарып қыжым жабылған орындықтың үстіне шығарып, екі келіншек екі жағынан тұра қалды». Автор әрі қарай асабаның әндетіп, қонақтар көңілен шығып жатқанын әдемі келтіре отырып жалғастырды: «баланың екі жағында тұрған келіншектер сүндетжейденің етегін қозғады, абырой болғанда жоғары көтерілмеді. Баланың атасы қасақана: «Көрдім, көрдім!» - деп дауыстап, қоржынға ақша салды, одан келіп немересінің маңдайынан сүйіп, тілегін айтты. Бұл не десеңіз, кәдімгі «беташар» үлгісімен «сүндеташар» деген жаңа салт екен». Автор бұл «сүндеташарға» көңілінің нілдей түскенін, амалсыздан осындай сұмдықтың куәгеріне айналғанын жаза отырып: «Осы сәтте бағанадан бері әдеп сақтап, сызылып тұрған екі келіншек ширақ қимылмен баланың жейдесін үш қайтара жоғары көтеріп, үш қайтара төмен түсірді. Қонақтар «көрдік, көрдік» - деп ешкімде жоқ нәрсені көргендей шулады. Бала екі алақанымен бетін басып тұрып қалды. Әттесі-ай! Өзін «жігіт болдым» деп көңілі толған баланың сенімін сетінетіп, дүйім жұрттың алдында абыройын айрандай төкті. Мүмкін біреулерге бұл қызық көрінген шығар, ал маған баланың рухын басып, жігерін құм етіп қорлап жатқандай көрінді. «Беташарды» ақша табудың бір көзіне айналдырып, келін сәлемін сатып құныққан сұғанақтардың мына тексіздігі бейкүнә бүлдіршіннің сана сезіміне қалай әсер ететінін біле ме екен?». - деп автор балаға жаны ашып, ойын әрі қарай қозғайды: «Әлгі тойда болған адамдардың талайы ойдан шығарылған осы бір оғаш жаңалықты іштей жаратпағанына сенімдімін. Десе де, өтірік сыпайы болдық, дүрмекке ілесіп қол соғып дәрменсіздік таныттық, себебі той иелерінің көңіліне қарадық, ал той иелері не ойлаған, оны білмеймін. Бұл - қазақтың текті де иманды салтына жасалған қиянат, ортадан жабысқан індет деп ойлаймын. «Індет» дегенді қызыл сөз үшін айтып отырғаным жоқ. Жаман әдет қашанда жұқпалы індет сияқты тез тарайды. Біз тым еліктегішпіз, оңай желігеміз, өзге істегенді мән-мағынасына үңілмей, лезде көшіре салуға даяр тұрамыз. Мына тойда көргенін біреулер қайталап, ары қарай жайылып кетпесіне кім кепіл, мен өз ойымды өзгеге теліп-таңудан аулақпын, тек қана зерде таразысына салып көріңізші». - деп ойын түйіндейді. Әрине бұндай «індет» біздер туған күн иелерінің де балаларына торт үстіндегі жағылған шамды үрлеп өшіруді жаман әдетке айналдырған. «Голливуд» әкелген бұл «індеттен» әлі де құтыла алмай жүргеніміз бар. Бұл жайында Зейнеп апамыздың: «баланың өсіп өнуіне, қарсы болғандай. Туған күннің иесіне жанып жатқан шамды үрлеп өшіру дұрыс емес. Маздап жанатын өмірін, өз болашағына өз қолымен қастандық жасағандай. Осыны доғару керекпіз». – деп әңгіме үстінде талай айтатын.
Қорыта келе «Күретамыр» ұлттық әдебиетімізде халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, ырым-тыйымдар мағынасының мәнін ұғындыратын құнды шығарма.
Таралымы 2000 дана ғана. Бұл кітаптың көп оқырмандардың қолына жетпейтіндігінен алдағы жылдары Зейнеп апамыз «Күретамырды» толықтырып сан мыңдаған тиражбен шығаратынына үміттіміз.
Жалғас Иманалиев