Weekend

«Жаман боладының» мағынасы қандай?

Қазақы ырымдар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақта ырым-тыйымдар дегеніңіз жетіп артылады. Ырымдарды ысыра тұрып, тыйымға тоқталсаңыз көп нәрседен тыяды. Табалдырықты баспа, есікті керме, үйге жүгіріп кірме, шашыңды жайма... Толық жатқан «істемелер» тіпті, кейде қалай жүріп-тұрарыңды да білмей қаласың. «Не себепті оны істеуге болмайды? Неге солай істемеймін? Онда не болады? Неге өйтеді?» деген сұрақтарды жаудырған балаға нақты жауабын беріп отырған ата-әже, ата-ана аз. Неге? Сансыз сұраққа жауап қатып, басын ауыртқысы келмейді  немесе өзі де білмеуі мүмкін.

«Білмеймін» деген бір сөз, «білемін» деген көп сөз дер ме екен, бәлкім? Қош, оны әр адамның өз санасына қалдырдық. Бірақ, көсемсіді демессіздер, білгенді үйретіп, неден не себепті тыйылу керектігін жастарға, балаларға үйреткен ләзім. Бұл жерде «неге?» деген сауал орын алмас деп сенеміз.

Әжемнен, ата-анамнан естіген «болмайдылардың» мағынасы мен мәнін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Біреу білер, біреу білмес. Білгеніміз «жөн екен» деп оқып, санаға түйе отырайық, білмегеніміз, есте сақтайық.

Үйге кіргенде табалдырықтың еденнен биіктігі қызықтырды ма екен, сіңілім екеуіміз соны басып өтуге әуес болатынбыз. Өзімізше биіктегіміз келді ме екен? Бірақ, оны көрген әжем бірден ішке енуімізді бұйырып, мәнісін айтқан болатын. Сөйтсек, ертеректе киіз үйде әйел босанғанда баланың досын, шарананы ит-құс сүйреп алып кетпесін деп табалдырықтың оң босағасына тереңге көмеді екен...

Қыз бала болғаннан соң ас үйдің жұмыстарына ерте жастан араластық. Сондағы анамның айтқан әр ақылы, әрбір көмегі күні бүгінге дейін санамда жаңғырып, өзге үйдің түтінін түтетіп отырғанда керегіме жарап жатыр. «Қазанды төңкерме, ырыс-несібесі кетеді» деп тыйып, пышақтың жүзін көкке көтеріп қоюға болмайтынын да ескерткен анам болатын. Оның себебі – сол үйдің малы не жаны пышаққа түссін деген жаман ырымды білдіреді екен. «Жағыңды таянба», «Бетіңді баспа» деген сөз тіркестерін әрбір бала естіген болар. Алайда соның барлығы да себебін біле бермес ары кетсе, «жаман боладының» аясындағы саяз мағына. Бірақ бұл тыйымдардың мағынасы тереңірек. Қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана бетін басып, жағын таянады екен. Баламысың деген сол болар... «Үлкендердің былай істеме», «олай отырма» деген сөздеріне «Сонда қалай жүремін?» деп кей кездері әлдебір ренішімізді де білдіретін едік. Сондағы ата-анамның сабырлығы мен бізді біле жүрсін деген қамқорлығы балаң көңілімізді жұбатқандай болатын. Әр ырым мен тыйымның мәнін ашып берген ата-анамның арқасында бүгінде көп нәрсенің пайымына барып, тыйымнан өнеге алып жүрміз.