Bugin
Фото: Автордан
Үй алып беретін кооперативтердің қаржы пирамидасы болып шыққаны туралы естуіңіз бар ма? 2020 жылы “кооператив емес, қаржы пирамидасы" деген атқа қалған R.O.I тұтынушылар кооперативінің негізін қалаушы Арген Нұржанов осы тақырыпта арнайы пресс-конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Аргеннің сөзінше, ол бұл мәселемен 5-ші жыл қатарынан күресіп келеді. 2020 жылдан бастап оған алғашқы іс қозғалса, ал бүгінге дейін ол істің саны 5-ке жеткен. 2022 жылы және 2024 жылы R.O.I кооперативіне аудит жүргізілген. Сол тұста 1-аудит шешімі бойынша компаниясының қаржы пирамидасы емес екені дәлелденген.
Ал 2-аудитте заңгерлер үлескерлерді жеңіп, оларға үгіт-насихат жасап, қайтадан прокуратура арқылы Полиция департаменті (ПД) қылмыстық іс 190-бап “алаяқтық” деген айыппен 2024 жылдың тамыз айында қайтадан іс қозғады.
“Маған іс ашылғанымен бұл жерде ештеңе болмайды, өйткені мен жеке тұлғамын. Демек, кооператив – заңды. Адамдар негізі бұны ЖШС деп ойлайды. Мен соның бастығындай, яғни барлығын шеше алатындай көреді. Бірақ кооперативтің өзгешеліктері – демократиялық түрде әр мәселе дауыс беру арқылы шешіледі”, – деп түсіндірді Арген Нұржанов.
Шотымызға айына 100 млн ақша түседі, бірақ оны тұтынушыларға бермейміз
Кәсіпкердің айтуынша, заңгерлер топ құрып, тұтынушыларға теріс мағлұмат беріп, оларды сотқа беруге үгіттей бастаған. Ал адамдар сотқа бергеннен кейін компания шоттарының бәрі жабылып, қылмыстық іс тіркелген. Осыдан кейін не кооперативтен шығам деген адамға, не үй аламын, көлік аламын деген адамға ақша бере алмай жатыр.
“Кооперативке 100 млн-ның айналасында ақша түседі, бірақ сол ақшаны біз қолдана алмаймыз. Неге? Өйткені Жеке сот орындаушылары (ЖСО) сот шешімі арқылы бүкіл ақшаны суырып алады. Өкінішке қарай бұл ақша біздің үлескерлерге жетпейді, себебі 20-30 млн теңге, оның ішінде заңгерлер де бар, яғни олар 10% алып қалады, ЖСО 20% алып қалады. Сөйтіп 70 млн теңге үлескерлердің қолына тиеді”, – деп мәлімдеді ол.
Нұржановтың сөзінше, 1000 үлескер шығамын десе, оның бәрі сотқа барады. Кооператив оларды өздерінің үлескері екенін мойындап, оларды міндетті түрде қайтаратынын айтады. Солай компанияда бірде-бір жеңіп алған сот жоқ және де ол заң бойынша болмауы керек. Ал үлескерлер оны түсінбейді, сондай-ақ заңгерлер үшін бұл оңай ақша.
“Заңгерлер ешқашан бір адаммен бармайды, бір адам үшін 100 мың теңге қызық емес оларға. Жинаса 100 адам жинайды. Алматы қаласында бір заңгер солай 15 млн теңге пайда көрген. Ал ЖСО-ға келетін болсақ, олардың айына 4-5 млн тауып отырғанын көрсете аламын. Оның барлығы менің емес, үлескерлердің ақшалары”, – деп түсіндірді Нұржанов.
Кәсіпкер көбіне әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың көп келетінін ашып айтты. 10 мың тұтынушыға жағдайды жеткізу мүмкін емес екенін, заңгерлердің бұрыс насихатынан жағдай ушығып бара жатқанын, осы іс бойынша қауіптеніп БАҚ өкілдерін шақырғанын да жасырмады.
Кәсіпкер тұтынушылардың 31 арнаға жазып, шағымданғанын еске алды. Оның айтуынша осы жағдайдан кейін, жұмыс процесі тежелді.
“Көптеген журналистер бір тарапты. Келеді үлескердің айтуын тыңдайды да кетеді. Бірақ олар кооперативтің заңын білмейді ғой”, – деді кәсіпкер.
Нұржанов үлескер кооперативке ақша салған кезде “пай” ретінде, үлес болып салынатынын ал шыққан кезде де үлес болып шығатынын, яғни тұлғаның кірісі мен шығыс заң бойынша көрсетілмейтінін түсіндірді.
Компания қарызынан қалай құтылмақ?
Арген компания реабилитацияға өтсе, онда ол барлық қарыздан құтыла алатынын айтты. Компания үшін бұл ЖСО мен заңгерлерден құтылудың ең оңай жолы. Ал коoператив арқылы қамтамасыз етілген 1800 адам өз мүлкін қайтарса, онда 8 млрд теңге өндіріп, оны кооперативтен шығатын адамдарға өз ақшасын қайтарып бере алады. Кәсіпкер әзірге ақша салуды тоқтатып қойған, өйткені үлескерлер ақшасын сала берсе, ЖСО ол ақшаны алып кетеді. Осыны көп адамдар түсінбейтінін, сондай-ақ ақпаратты жеткізетін тұлғалардың да тек қана негатив жағын жеткізіп жатқанын айтты.
“Біз алдайтын болсақ, бұл жерде 6 жыл бойы отырмас едік. Біз істі болмай тұрып адамдарға 1200 үй беріп тастаған болатынбыз. Бұл небәрі 1 жыл ішіндегі нәтиже. Демек кооператив айына 100 отбасыны үймен қамтамасыз етіп отырған. Қалай іс қозғалды, солай жұмыс процесі де тоқтады. Сенесіздер ме, біз 6 ай бойы жұмыс істемей жүріп қалдық. Соның кесірінен 100 адамнан алып отыратын үлестердің бәрі “кептеліс” болып тұрып қалды”, – деп ақталды кәсіпкер.
Олардың шоты қайта ашылғанымен, тек қана 100 адамға ғана беріп үлгерген. Ал қалған 500 адам бермей жатқандықтан, оларға арыз жазып, коорперативтың жұмысы баяулап, әр 6 ай сайын оларды тоқтатып отырды. Салдарынан 2020-2024 жылдар арасында олардың үстінен 4 іс қозғалған.
Жұмыс қалай тежелді десеңіздер, барлық техника мен құжатты тексеру үшін алып кетеді. Демек, біз бос офисте отырдық және 2-3 ай жұмыскерлерге босқа айлық төлеп, босқа офисты жалға алып отырдық. Барлық құжаттарымыз бен техникамыз қайтпайынша осылай болатын. 5 жыл бойы осындай азапталып келе жатырмыз. 1 жылда 1200 пәтер берудің орнына, біз 100 пәтер бере алатындай хәлге жеттік.
Заңгер бұл туралы не дейді?
Аталмыш конференцияға спикер ретінде заңгер Ғабит Өмірбеков те қатысып, бұл жағдай туралы үлескерлердің ақшасы заң жағынан қалай қорғалатынын түсіндірді. Заңгердің сөзінше, кооператив ашып жатқан азаматтар мен қаржы салатын азаматтар қаржылық сауаттылық жағынан төмен.
“Біздің елде кооператив ашып жатқан азамат та, кооперативке үлесін қосып жатқан азамат та қаржылық сауаттылық жағынан, заң жағынан сауатсыз. Сондықтан біздің елде кооператив жағы дамымай жатыр", - деді Өмірбеков.
Заңгер бұндай жағдайда істің қалай жүретінін түсіндіре отырып, R.O.I кооперативінің ішкі “асханасында” не болып жатқанынан бейхабар екенін айтты.
Бұл жерде сараптамалар тағайындалған екен, қылмыстық іс қозғалып және тоқтатылған. Қазір мен бұл кооперативтің ішкі асханасын мүлде білмеймін, өйткені R.O.I кооперативінің жеке заңгері емеспін, мен жай ғана спикермін.
Заңгер Қазақстанда қаржылық сауаттылығын арттырып, корпоратив деген ұғымды терең түсіндіру керектігін, “Үй қатынастары” заңнамасына сәйкес 53-бабында кооперативтердің нақты қалай жұмыс істейтіні, қанша ақша салатыны, қанша адам ақша салғаннан кейін үй берілетіні жайлы жазылғанын жеткізді. Ал осы іс бойынша заңгер құқық қорғау органдары тергеу аяқталған соң тиісті бағасын беріп, процессуалдық шешім қабылдайтынын айтты.