Келесі күні таңертең
телефон шылдырымен ояндым. Хемингуэй дереу қонақ үйге кел, деп өтінді. Даусына
қарағанда абыржып тұрған тәрізді. Мен бір кесе кофені шала-пұла іше салып,
номеріне келгенімде есігі ашық тұр екен. Кірсем, Хемингуэй телефонмен сөйлесіп
отыр. Үстіндегі шақпақ суретті қызыл сары шапаны өзіне кішілеу сияқты болып
көрінді. Бір қолында шампан құйылған бокал. Сақалы кешегісінен гөрі қобырап,
ұйысыңқырап қалған.
– Гарбардтан ұлым Патрик келетін
еді, соған бір номер қалдыруыңызды сұраймын, – деп жатты телефонда. – Патрик
деймін, бас әрпі «П»-дан басталады. – Біраз үнсіз отырды да, қолындағы
бокалынан бір жұтып қойды. – Көптен-көп рахмет. Гарвардтан келеді.
Хемингуэй
трубканы қоя салып, шапанының жақалтасынан кішкентай коробка алып, соның ішінен
екі түйір дәріні шампанмен ішіп жіберді. Сонан кейін маған ертеңгі сағат алтыда
тұрып, содан бері біраз жазу жазып тастағанын, енді менімен әңгімелескісі
келетінін, ал ханым әлі ұйықтап жатқанын айтты. Әдетте, біреумен әңгімелескенде
тынығып қаламын дейді. Әрқашан таңсәріден тұрып жұмыс істеуге дағдыланған.
Себебі, қабақтары өте нәзік, сондықтан көзіне күннің жарығы түссе-ақ ұйықтай
алмайтын әдеті бар көрінеді.
– Мен өз өмірімде яғни жарты ғасыр
бойы барлық таң шапағын қарсы алып, күннің қалай шыққанын көріп келемін, – деді
ол.
Бүгін
таңертең өзінің қолжазбаларын өте мұқият қайталап оқып шыққан екен.
– Таңертең ертемен оянған едім,
басыма неше түрлі сөз орамдары орала кетті, сол себепті соларды қалайда айтып
беруім немесе қағазға түсіруім қажет болды, – деді ол. – Қалай, сізге Капуста
ұнады ма?
– Өте ұнады, – дедім мен.
– Осы Капуста мен Ингрид
(киноактриса Ингрид Бергманды айтып отыр) екеуін жақсы көремін, – деді ол. –
Егер мына Мэри ханымды сүйіп, оған үйленіп қоймасам өзім сол екеуін бірдей
қаратып алуға тырысқан болар едім. Олардың біреуінде жоқ қасиет екіншісінен
табылады, сондықтан маған әрқайсысы өзінше ұнайды, – деп, бір сәт өз сөзіне өзі
таңданғандай пішін білдірді де, тез өзгеріп, тағы да: – Актрисаға ешқашан да
үйленбес едім, өйткені олар мансап іздеп соның соңында жүріп, қолайсыз уақыттарда
жұмыс істеуге дағдыланған, – деді.
– Әлі де плащ сатып алу ойыңызда бар
ма? – деп сұрадым.
– Әрине, плащ алуым керек, бірақ
сапырылсқан қарақұрымның арасына барып қысылып-қымтырылып жүру – жақтырмайтын
әдетім, оның үстіне күн де салқын болып тұр ғой, – деп жауап берді.
Кушетка
жанындағы кішкене столда мұз салған екі бірдей шелекте шампан бөтелкелері тұр
еді. Солардың біреуін алып, ішіне үңіліп еді, онда дәнеме де жоқ екен. Сонсоң
екінші бөтелкенің аузын ашып, бокалдарға шампан құйғанша ол:
«Оғым қайда, бермен әкел – бере көр,
Дивизиям, сен үшін мен төктім тер.
Аш бөрідей араны кең солдат ең –
Бір жеңістен бір жеңіске жете бер», -
деп ыңылдап әндете жөнелді. Біраз үндемей қалды да, әннің
мәнісін түсіндірді:
– Бұл үшінші жаяу әскер дивизиясының
әні болатын. Осы өлеңді жақсы көрем, сондықтан музыкаға көңілім соққан
шақтарымда ылғи осыны айтамын.
Асылы мен
музыка атаулының бәрін тәуір көремін, тіпті опералық музыканы да ұнатамын.
Бірақ менің даусым жоқ, сондықтан ән салуға шорқақпын. Жалпы музыкаға сұмдық
сақ болғаныммен, ешбір музыкалық аспапта, тіпті рояльда да ойнай білмеймін.
Шешем мені виолончельде ойнауға үйретпек болған еді. Сол үшін бір кездері мені
тіпті мектептен де шығарып алды. Ал мен фудбол ойынына құмар болдым. Шешем
үйімізде камералық музыка шалқып тұрса деген ғой.
Аузы ашулы
портфелі жазу столының қасындағы
орындықта жатыр, портфельден біреу қалай болса солай жұмарлап тыға салған
секілді боп, қолжазбалары көрініп тұр. Хемингуэй осы қолжазбаларын қайтадан
қарап, қысқартып отырғанын айтты.
– Автор жазғанынан қанша керекті
жерлерін алып тастаған болса, кітаптың қандай екенін соған қарап байқауға
болады, – деді ол. – Жазған кезімде, ойпырмай, арыстандай айбаттымын! Мен
ағылшын тілінің өте ескі сөздерін көп қолданамын. Жұрт мені әрі ақымақ, әрі
шала оқыған кешше, тілге орамды сөздерді білмейді деседі. Мен оларды білмейді
емеспін, білемін, бірақ ескі болғанымен, өте жақсы сөздер бар, егер оларды
орын-орнымен дұрыс қолданса, мәңгі есте қалады. Есіңде болсын: тым көп білемін,
көп оқуым бар деп кеудесін ұрған адам асылында екі жағынан бірдей жұрдай боп
шығатын.
Қызым,
мынаны да жадыңа тұт: мен төрт жасқа шыққан кезімнің өзінде-ақ қасыма қуыршақ
алып жатуды қойып кеткен болатынмын. Ал осы күні сексендегі кемпірлердің өздері
де майданда қаза болып, алтын жұлдызбен наградталған солдаттардың шешелері
тегін оқып білім алуына болады деген әскери қызметкерлердің правосы жайындағы
заңнан пайда түсіргісі келеді. Мен өзіме-өзім степендия тағайындап, өзімді-өзім
Гарвард университетіне жіберсем деген қиялды да ойластырып көрген болатынмын. Өйткені менің тәтем Арбелла Хемингуэйлер
тұқымындағы колледждің есігін ашпаған жалғыз мен болғаныма қатты қиналушы еді.
Алайда менің жұмысбасты болғаным соншалық, тіпті оқуға да уақытым жетпеді. Орта
мектепті бітіргеннен кейін тез бітіретін екі жылдық әскери курста болдым,
француз тілін еш уақытта оқыған емеспін. Мен әуелі французша американ тілінде
өзім оқып алған, содан кейін француз газеттеріне көшіріліп басылған
«Ассошиэйтед пресстің» хабарлары бойынша оқып үйрене бастадым. Ақыр аяғында мен
өзім көзбе-көз көріп, куәсі болған уақиғалар туралы, сонымен қатар спорт
жаңалықтары мен қылмысты істер жайындағы хабарларды оқи алатындай дәрежеге жеттім.
Осындай тәжірибеден кейін барып, Мопассан мырза маған онша қиын бола қоймады.
Өйткені ол маған таныс та түсінікті нәрселер жайында жазған. Мен Дюманы ма,
Додэні ме, Стендальды ма – кімді оқымайын, маған да тап солардай жазу керек
екенін түсіндім. Флобер мырзаның сөз саптауы әрқашан мүлде дәл, екпінді, әрі
асқақ болады екен. Содан кейін Бодлер мырзамен таныстым, ол мені өте-мөте қиын
нәрселерге үйретті, ал Рембо мырза бүкіл өмірінде еш уақытта да жақсы нәрсе
айта алмапты. Андре Жид мырза мен Валери
мырзадан еш нәрсе үйрене алған емеспін. Валери мырза мен үшін тым сұлу болады
ма деймін. Джек Бриттон мен Бенни Леонард та тап сондай болды.
Джек
Бриттон, – деді онан әрі Хемингуэй, – боксер еді, мен оған қайран қалып
жүретінмін. Джек Бриттон қашан да сақ, қырағы болатын. Ринг ішінде қолды-аяққа
тұрмай зыр жүгіріп жүріп, еш уақытта өзіне қатты соққы дарытпайтын. Мен де сол
сияқты үнемі әр нәрсеге әзір тұрамын да, өзіме ешқашан қатты соққы тигізбеймін.
Егер жеңе алмайтын болсаң, бекер пәлеге ұрынба. Боксерді бір бұрышқа тық та...
– деп, Хемингуэй орнынан тұрып, боксер сияқты болып нықталып алды да, шампан
бокалын қысып ұстаған оң қолын кеудесіне апарды. Сол қолымен алдындағы әлдебір
қарсылас боксерін ұрып жатқандай, бірнеше қатты соққы жасады. – Есіңде болсын,
бар күшіңді салып, өзіңе ешбір соққы дарытпай, үсті-үстіне төпей бер.
Ол бойын
жазып, ойлы жүзбен қолындағы бокалға бір қарап алды да, содан кейін былай деді:
– Бір еретте Джектен, Бенни Леонард
екеуінің сайысын әңгімелей келіп: «Джек, сен Бенниді қалай тез жеңе қойдың?» –
деп сұрағанымда, «Эрни, – деді ол маған, – Беннидің өте әдісшіл боксер екені
рас. Сонысына қарамастан, сайыс кезінде де ылғи ойлаумен болады. Сондықтан ол
ырғалып-жырғалып ойланып жүргенде мен оны соға бердім».
Осы
әңгімені өзі бейне алғаш рет есіткен адамдай, Хемингуэй қырылдап күлді. – Джек
жан-жағына бір миллиметр де ауытқымастан рингте асқан дәлдікпен қимылдап жүрді.
Оған ешкім қатты соққы бере алмайтын және одан соққы жемейтін боксер болмайтын.
– «Ол ойланумен жүргенде, мен оны соға бердім», – деп, ол тағы күлді.
Осы оқиғаны
Хемингуэй өзінің «Елу мыңыншы» деген әңгімесінің алғашқы нұсқасында суреттеп
жазғанын, бірақ кейін Скотт Фицджеральд сол жерін алып тастауға көндіргенін
айтты маған.
– Скотт бұл оқиғаны бәрі біледі, деп
ойлады, шамасы, ал шынында Джек Бриттон екеумізден басқа ешкім білмейтін еді.
Джек мұны тек маған ғана айтқан. Дегенмен, Скотт мені сол жерін алып тастауға
көндірді. Мен оған келіспейін деген едім. Бірақ Скотт өзім өте қадір тұтатын
атақты жазушы еді, сол себепті оның көңілін жықпадым.
Хемингуэй
тақтай төсекке барып отырды да, назарымды аудара маған қарап, бірнеше рет басын
изеп қойды.
– Егде тартқан шағында кейіпкер
табуыңның өзі де қиын, бірақ ол әбден қажет-ақ, – деді ол. – Менің Буаз дейтін
мысығым бар, сол адам болғысы келеді, – деді ол одан әрі бірте-бірте дауысын
бәсеңдетіп, сыбырға көшіп. – Сол мысығым адам не жесе, соны жейді. Тіпті жау
жапырақ сияқты өте ащы «В» витаминін де жеп қояды. Қан қысымын азайту үшін
ішетін дәрімді бермесем, ұйықтар алдында ұйықтататын дәрі бермесем, ол шамасы,
мені сараңдық істеді деп ойлайды, – деп сақ-сақ күлді. – Мен осы щалмын-ау.
Бұған не дейсіңдер, мырзалар?
– Елу жас, – деді Хемингуэй, біраз
үндемей отырды да, – елу жас – ердің жасы. Қайта осы елуде өз атағыңды қорғай
алатының бір абырой емес пе. Мен өз атағыма жиырмасыншы жылдары ие болдым,
отызыншы, қырқыншы жылдарда оны қорғай алдым, енді елуінші жылдарда да қорғауға
әзірмін.
Бөлмеге
Хемингуэй ханым келіп кірді. Үстінде ақ кофтасы, жұмсақ сұр матадан тігілген
шалбары бар. Көңіл күйі, денсаулығы тамаша екенін, соңғы алты айдың ішінде
бүгін тұңғыш рет ваннаға түскенін айтты. Ол өз шаруасымен бір жаққа бармақ
болды. Хемингуэйге де киініп, өз жұмысыңмен барып қайтсаңшы деді. Хемингуэй
оған түскі тамақ болып қалды емес пе, егер номерден шығып кетсек,
әрқайсысымыздың бір жерге кіріп, тамақ ішуімізге тура келеді, ал бәріміз осында
отырып тамақ алдырсақ, едәуір уақыт үнемдемейміз бе, – деді. Хемингуэй ханым күйеуіне ол киініп үлгергенше
тамақ алдыратынын айтты. Хемингуэй тақтай төсектен самарқау тұрды да, қолындағы
шампанын іше салып, ұйықтайтын бөлмеге кіріп кетті. Ол тек қайырма жағалы,
түймелі көк көйлегін айтпағанда дәл кешегідей киініп, қайта шыққанда официант
столға тамақ әкеліп те үлгірген еді. Хемингуэй өздерінің әдетте шарапсыз түскі
тамақ ішпейтінін айтып еді, сол себепті официант шарап әкелгенше, біз тамақ
ішпей, оны тосып отырдық.
Хемингуэй
тамақты алдымен устрицадан бастады да, асын асықпай жақсылап айнап жеді.
– Тамақты жақсы шайнап жесең, жақсы
сіңеді, – деді ол бізге.
– Папасы, көз әйнегіңді жөндетіп ал,
– деді Хемингуэй ханым.
Ол басын
изеді. Содан кейін маған қарап та бірнеше рет басын изеп қойды.
– Қартайғанымда беймаза емес,
байсалды шал болғым келеді, – деді де, официант алдына тамақ әкеп қойып, шарап
құйғанша үнсіз отырды. Сонан кейін шараптың дәмін татып көріп, официантқа жақсы
екен дегендей ишарат етті. – Мен жаңадан шыққан боксерлерді, жүйрік аттарды,
балетті, велосипед жарысын, өгізбен шайқасуды, суретшілерді – осылардың
бәрін-бәрін, самолеттерді, кафеге келген өңшең келімсектерді, халықаралық
сайпалаңдарды көрер едім, ресторанда болып, ең ескі шараптардың дәмін татып,
газеттегі хабарларды оқыр едім. Бірақ осылардың бәрі жайында ешқашан бір де жол
жазбас едім. Мен оның орнына достарыма көп хат жазып, солардан жауап алғанды
тәуір көремін. Мен де Клемансо сияқты сексен бес жасқа келгенге дейін тұғырдан
таймаған еркек болып қалсам деймін. Бірақ Берни Барух тәрізді болғым келмейді.
Паркке барғанымда орындықтарда тектен-тек отырмас едім, оның ішін аралап жүріп,
кей-кейде көгершіндерге жем берер едім, дүниеде Бернард Шоуға ұқсамайтын ең
болмаса жалғыз шал болу үшін ұзын сақалымды өсіріп жібермес едім.
Ол біраз
үндемей отырды да, қолының сыртымен сақалын сипап қойып, әлдебір ойлы жүзбен
бөлмені айнала шолып өтті.
– Шоу мырзамен ешбір кездескен
емеспін, – деп ойын онан әрі жалғастырды. – Сол секілді Ниагар сарқырамасында
да болған жоқпын. Бірақ ат жарысында бәс тігу сияқты құмар ойыды бар
ықыласыммен қайта бастап кетуге даярмын. Ат жарысы дегеннің не екенін шын
түсіне бастайтын кез – жасың жетпіс беске келгенде екен. Содан кейін мен ойыншыларының бәрі жастардан
құралған бейбол клубын тапсам деймін. Бірақ ойынның барысын өзгертпек болғанымда,
оларға қолымдағы программамен белгі бермеген болар едім. Мен немен белгі беретінімді әлі ойластырған
емеспін. Бұл жалғанда бәрі де
өтер-кетер, баяғы бет біткеннің сұлуы болған Флойд сияқтанып, бір кезде менің
де сүйегім қурап қалар. Бас сауғалау деген тек аузынан ана сүті кетпегендердің
ісі ғой. Қорғаған шебіңді ұстап тұруға
болмаған кезде, қайтсең де оны жауға қымбатқа түсіретінің сияқты, бұл өмірден
сыйлы болып кететін кезегі келгенде де кім жанын аяп қалатын еді. Өлу деген
қиын жұмыс емес-ті.
Ол аузын
ашып әуелі үнсіз, содан кейін қарқылдап кеп күле жөнелді.
– Енді маған қайғы ойлап, уайым
қылатын еш нәрсе жоқ, – деп жеп отырған тамағын бармағымен іліп алып,
қолындағысына біртүрлі селқос қарап қалды.
– Тек құдіретті адам ғана ажал
жеткеннің өзінде де ақылынан жазбай өтеді.
Хемингуэй
ханым тамағын ішіп болды да, шарабын да тездетіп сіміріп салды. Ал Хемингуэйдің
өзі шарабын ішуге асықпады. Сағатыма
қарасам, уақыт үшке тақап қалған екен. Официант столды жинай бастағанда, біз де орын-орнымыздан тұрдық. Хемингуэй орта қалған шампан шөлмегін
қимағандай, томсара қарап тұрды. Ханым ішігін киді. Мен де киіндім.
– Ішілмей қалған шампан – адамзаттың
жауы, – деді ол.
Біз
қайтадан отырдық
– Қолыма ақша түскенде өзім
шампаннан өзгеге жұмсау керек емес деп есептеймін, – деді Хемингуэй бокалын
толтырып жатып.
Шампан
ішіліп болған соң біз сыртқа шықтық. Хемингуэй ханым төменге түскенімізде көз
әйнекті жөндетіңдер деп тағы бір өтінді. Сөйтті де қайда кеткені белгісіз жоқ
боп кетті. Хемингуэй есік алдында біраз уақыт
сенделіп жүрді де қойды.
Күн суық,
аспан бұлыңғыр еді.
– Көшеде серуендеп жүретіндей күн
онша жақсы емес екен, – деді ол жүзі түнеріп, сонан кейін тамағы ауыратынын
айтты.
– Дәрігерге көрінгіңіз келмей ме, –
деп едім. Көрінгім келмейді, – деп жауап қайтарды.
– Емдегеніне ақы алатын дәрігерге мен еш
уақытта да сенген емеспін, – деді ол, Бесінші авенюдің (көшенің) екінші бетіне
өтіп бара жатқанымызда.
Бір топ
көгершін пыр етіп ұша жөнелді. Хемингуэй тоқтай қалып, жоғары қарады да, қолында
мылтығы бардай, көздеп атқан сияқты болып, мылтықтың шүріппесін басқандай қимыл
жасады. Жүзінде қап бәлем, деп өкінгендей белгі бар еді.
Атыстың аса қиыны осы, – деп, тез
бұрылды да, тағы да мылтығын кезей қалғандай болды. – Ал атыстың жеңілі мынау,
– көріңдерші! – деді содан кейін.
Солай деп,
тротуарға түскен дақты көрсетті. Сонда ғана алабұртып тұрса да, көңілі
орныққандай болды.
Алдымен
оптика магазиніне кіргіңіз келмей ме, – деп сұрап едім, жоқ, кіргім келмейді, –
деді. Сол арада плащты да есіне салдым, оған екі иығын секең еткізді де қойды.
Хемингуэй ханым плащты «Аберкромби мен Фитч» магазинінен іздегенің жөн болар
еді деген соң, мен де сол магазинді құптадым. Ол тағы да екі иығын секең
еткізіп, баяу басып таксиге қарай тартты. Біз түскі тамақтан кейінгі
сапырылысқан мың сан машинаның ішінде Бесінші авенюмен келе жатырмыз. 54-ші
көшенің мүйісінде полицейдің ысқыруымен машинамыз кілт тоқтап еді. Хемингуэй
оған күйіп-пісіп қалды.
– Тоңып, дірдектеп тұрған
ирландиялық-полицейді көргенде айызым қанып-ақ қалады, – деді. – Егер соғыс
кезінде осы біреудің өзі әскери полицияда істемеген болса, менің атым құрысын.
Бәтшағардың шебері-ай. Ала таяғын шайтандай шошаңдатуын қарашы! Шын өмірдегі
полицейлер Хэллинджердің кинофильидеріндегі өзіміз талай көріп жүргендерге
тіпті де ұқсамайды. Тек ілуде біреуі ғана болмаса.
Біз әрі
қарай жүріп келе жатқанымызда ол Скотт Фицджеральд екеуінің бір кезде Бесінші
авенюді кесіп өткен жерін көрсетті.
– Скотт Принстоннан кеткеніне талай
уақыт өте тұрса да, ол әлі де футбол жайын әңгімелеумен болды, – деді Хемингуэй
селқос қана. – Ол футболсыз өткен өмірді өмір сүрдім деп есептемейтін. Мен
«Скотт-ау, сен осы футболды неге қоймайсың?» – дегенімде, «Ақылыңнан алжасқан
боларсың, жігітім» деп жауап берді. Әңгіменің бас-аяғы осы-ақ. Егер көшеден де
өте алмайтын болсаң, футболдағы қорғаныс шебін қалай бұзбақшысың? Бірақ мен
Томас Манн емеспін. Менің өз пікірім бар, – деп тұжырымдады Хемингуэй.
«Аберкромби»
магазиніне келіп жеткенімізде, Хемингуэй тағы да түсі бұзылып, түнеріп кетті.
Таксиден зорға шығып, магазинге де зорға дегенде кірді. Мен: ең алдымен нені
көргіңіз келеді – плащты ма, болмаса басқа бірдемені ме, – деп сұрадым.
– Плащты, – деді ол бәсең дауыспен.
Лифт ішінде
Хемингуэй бұрыңғысынан да күжірейіп қомақтырақ боп көрінді, ал кескіні бейне
қинап, азапқа салған адамның түр-сиқындай еді. Қасында тұрған орта жас
шамасыдағы әйел оның аппақ қудай ұйысқан дуда сақалына әрі үрейлене, әрі
жақтырмаған пішінмен қадалып қалған.
– О, Тоба! – деді кенет Хемингуэй
лифт ішіндегі тыныштықты бұзып.
Әлгі әйел,
аяғындағы туфлиіне қарай бастады.
Керек
қабатта есік ашылды да, біз лифтен
шығып, плащ сататын бөлімге қарай беттедік. Үсті-басы жып-жылмағай сұңғақ бойлы
бір сатушы алдан шыға келгенде, Хемингуэй де екі қолын шалбарының қалтасына
салып, оған қарсы жүрді.
– Бұл дүкенде маған әлде де несиеге
беретін нәрсе-қара бар шығар-ау, – деді сатушыға.
– Бар ғой, мырза, – деп сатушы
жөтеліп қойды.
– Маған плащ керек, – деді Хемингуэй
сатушыны қорқытқандай гүжілдеген үнмен.
– Әрине, мырза, – деді сатушы. – Қандай
плащты көргіңіз келер еді, мырза?
– Әне біреуді.
Ол иықшаға
ілулі тұрған, қаптай қолқылдаған белбеусіз қоңыр габардин плащты нұқып қалды.
Сатушы плащты әперді де, Хемингуэйді жетелеп үлкен айнаның алдына алып келді.
– Кебінге ұқсайды, – деді Хемингуэй
плащты үстінен шешіп жатып. – Менің бойыма шақ емес. Басқа плащтарыңыз жоқ па? –
деп сұрады, жоқ деп айтар деген үмітпен. Сүйдеді де, мазасызданып лифтіге қарай
жөнеле берді.
– Мына біреуін көріңіз, мырза,
түймелеп киетін астары да бар, мырза, –деді сатушы.
Бұл плащтың
белбеуі бар екен. Хемингуэй соны өзіне өлшеп жатып айнаға қарады да, мылтығын
кезеп тұра қалғандай екі қолын көтере қойды.
– Сіз бұл плащпен аңға шықпақ па
едіңіз, мырза? – деп сұрады сатушы.
Хемингуэй
мырс етті де, содан кейін осы плащты аламын деді. Ол сатушыға өз атын атап еді,
сатушы саусақтарын сырт еткізіп, аңырып қалды.
– Әрине! – деді ол, аңшылықтан басқа
не деп едіңіз...
Хемингуэй
біртүрлі именіп, қысылғандай боп қалды. Ол плащты "ШерриНедерлэнд" мейманханасына жіберіңіздер, – деді де белбеуді көрсетуді өтінді.
– Қандай белбеуді тәуір көресіз,
Хемингуэй мырза? – деді сатушы.
– Қоңыры жөн болар, – деді
Хемингуэй.
Біз белбеу
сататын жерге барып едік, жанымызға тағы бір сатушы келе қалды.
– Хемингуэй мырзаға белбеу
көрсетіңізші, – деп, алғашқы сатушы кейін шегінді де, өзі оған көз алмай қарап
тұра берді.
Екінші
сатушы қалтасынан өлшеуіш сантиметрін суырып алып, сірә, Хемингуэй мырзаға
қырық алтыншы немесе қырық төртінші размер керек қой деймін, – деді.
– Бәстесесіз бе? – деп сұрады
Хемингуэй. Солай деді де, сатушының қолынан ұстай алып, оның қолымен өзінің
қарнын қатты соғып қалды.
– Қарынның көкесі мынау екен! Болаттай берік! – деп
сатушы Хемингуэйдің белін өлшеп шықты.
– Отыз сегіз, – деді сатушы. – Дене
бітіміңізге қарағанда беліңіз жіңішкелеу екен. Спортпен көп шұғылданасызау
деймін?
Хемингуэй
тағы да қысылыңқырап, қолын сілтеп, күлді. Мейманханадан шыққанымыздан бері
оның көңілі көтерілгені осы еді. Енді ол өзін-өзі ішке жұдырығымен түйіп қалды.
– Бұл жолы қайда бет алдыңыз, тағы
да Испанияға ма? – деп сұрады сатушы.
– Италияға, – деді Хемингуэй, тағы
да өз ішіне өзі ұрып қалып.
Хемингуэй
қоңыр былғары белбеуді таңдап алғаннан кейін, сатушы ақша салатын кісе керек
емес пе? – деп сұрады. Хемингуэй: кісенің керегі жоқ, өйткені ақшаны банкте
сақтаймын, – деді.
Біз аяқкиім
сататын бөлімде тағы біраз аялдадық, онда Хемингуэй түнге киетін жұмсақ башмақ
сұрады.
– Вагонда киетін башмақ, – деді
сатушы. – Қандай размері керек еді?
Он бірінші (бізше қырық үшқырық
төртінші размер), – деді Хемингуэй тағы да қысылыңқырап.
Башмақты
көрді де, сатушыға осыны аламын деді.
– Мұны жанқалтама сала саламын, –
деді ол. –Тек жымқырып кетті демес үшін
чек жазып беріңіз.
– Сіз білмейсіз ғой, бізде шынында
да көп ұрлайды, – деді тапалдау келген сатушы шал. – Егер білгіңіз келсе, дәл
кеше ертеңгісін әлдеқандай бір сұмырай бірінші қабаттан рулетка ойынының үлкен
доңғалағын алып кетті. Тек иығына салып көтеріп ап, ала жөнелгені...
Хемингуэй
оны тыңдаған да жоқ.
– Вулфи! – деп айқайлады ол, бізге
ту сыртын беріп тұрған еңгезердей біреуге.
Әлгі адам жалт бұрылды. Үлкен, әдемі дөңгелек жүзі
Хемингуэйді көргенде қуанғанынан нұр жайнады.
– Папа! – деп айқайлап жіберді ол
да. Осы еңгезердей адаммен Хемингуэй құшақтасып, аймаласып бірсыпыра уақыт
бірінің-бірі арқасынан қағысып тұрды. Бұл Хемингуэйдің аңшылыққа
өзімен жиі шығып жүретін достарының бірі – Уинстон Гэст екен. Ол жоғары қабатқа мылтық
сатып алуға бара жатқанын айтып, менімен бірге жүріңдер, – деді. Хемингуэй
қандай мылтық сатып алмақсың, – деп
сұрап еді, Гэст оныншы калиберлі винчестер мылтығын алатынын айтты.
– Ол өте жақсы мылтық, – деді
Хемингуэй, сатушыдан алған өзінің түнгі башмағын қалтасына салып жатып.
Лифте
Хемингуэй мен Гэст бір-бірінен өздерінің қаншаға арықтағанын сұрады. Гэст қазір
салмағы жүз он килограмм екенін, соның өзінде де салт атпен көп жүріп, атпен
ойнайтын допты көп ойнағаннан кейін барып сондай болғанын айтты. Хемингуэй
Кубада аң аулап, сонсоң кітап жазумен айналысқанымнан кейін салмағым тоқсан
жеті килограмм болды, – деді.
– Ал, кітабың не боп жатыр, Папа? – деп
сұрады Гэст лифтен шығып келе жатқанымызда.
Хемингуэй
аузын қолымен жауып күлді де, өзінің абырой-атағын әлі талай-талай
қорғамақ екенін айтты.
– Вулфи, мен бір нәрсені анық
түсіндім: бармағымды шайнап опық жеудің орнына, әлі де бұрыңғыдай мықтап жаза
алады екенмін, –деді ол жайлап қана. – Басымдағының бәрі қайта өзгеріп, қалпына
келгенге дейін біраз уақыт керек болған шығар, сірә. Ол үшін автомобиль апатына
ұшыратып, басымды қақ айыру немесе қатарынан жеті рет миымды шайқалту, болмаса
бар-жоғы қырық жетіде екеніме қарамастан алты бірдей қабырғамды сындыру немесе
машина айнасының темірімен басымды ойып жіберу, ойғанда тіпті жұлын тұтама
зақым келтіре жаздау немесе айталық, денеме бірнеше рет оқ ату тіпті де қажет
емес. Екінші жағынан, Вулфи, осы пәле-жаланың бәріне де кәріңді тігіп жекіріп
жіберсең-ақ болғаны, олар құйрықтарын қысып, әрқайсысы өз ініне тығылып қала
береді, – деп қарққ-арқ күлді.
Гэстің
еңгезердей денесі қатты күлкіден солқ-солқ етті.
– Құдайымау, Папа! – деді ол. –
Аралдағы үйімде сенің аңға киетін киімің әлі күнге сақтаулы тұр. Аңға енді
қашан шығамыз, Папа?
Хемингуэй
тағы да күліп, оны арқаға қағып қойды.
– Вулфи-ау, осы сен неткен
алып едің! – деді.
Гэст мылтықты беріп жіберу жөнінде сатушымен
келіскеннен кейін біз тағы да лифтке кірдік. Сонан соң бұлар былтыр салмағы
жарым тоннаға жуық балық ұстап алған біреу жайында әңгімелеп кетті.
– Кәне, бұған не айтасыздар,
мырзалар? – деді Хемингуэй дауыстап.
– Ой, құдірет-ай, Папа! – деді
Гэст.
Бірінші
этажда Гэст қабырғада тұрған пілдің басын көрсетіп:
– Мынауың піл емес, қортық қой өзі, Папа, – деді.
– Піл ме екен, тәйірі бұл! – деп
Хемингуэй де оны қостап қойды.
Олар бірін-бірі құшақтап,
көшеге шықты. Менің кетуім керек дедім, сонда Хемингуэй маған қайткенде ертең
азанда келіңіз, Патрик бәріміз Метрополитэн-музейге барамыз деді. Кетіп бара
жатқанымда Гэстің:
– Құдайға шүкір, Папа! Өмірімде
ұялып, қызаратын еш нәрсем жоқ, –дегенін естіп қалдым.
– Бір ғажабы – мен де солаймын, – деді
Хемингуэй.
Артыма
бұрылсам, олар бірін-бірі қарындарына сабалап, қарқылдап күлісіп жатыр
екен.
Орыс тілінен аударған Нәбиден Әбуталиев