Саясат

Ұстаздарды билеп-төстеу тоқтай ма?

Маусымда өзгерістер нақты күшіне енсе, ұс­таздардың еңсесі көтеріліп қалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дәл қазір қоғамда «Педагог мәртебесі» туралы заң қызу талқылану үстінде. Дербес зейнеткерлер мен білім саласының жанашырларынан бастап жас педагогтар да билік ұсынып отырған мүмкіндікті орайы келгенде пайдаланып, ұсыныс айтудан қалыс қалып жатқан жоқ. Газеттің өткен санында журналистік зерттеуіміздің бас тақырыбы да осы заңға енетін талаптар хақында өрбіген еді. «Педагог мәртебесін қалайда арттыру керек!» деген ұран билік бастаған, қоғам қостаған іспен біте қайнасып жатыр. Дегенмен пікірлердің алуандылығы да желіні шарлап, қайшы көзқарастардың да ашық көрініс алуына жол ашты. Бірі "тек жалақыны көбейткенмен мұғалім мәртебесі артып кетпейді" десе, ендігі бірі «ұстаз беделі өз міндетінен тыс дүниелерді атқарғаннан төмендеп кетті, заң қабылданғанмен, әкімдік бәрібір де ұстаздарды билеп-төстеу әдетін шектей қой­майды» деген пікірлер ел арасында ашықтан ашық айтылды.

Бірақ, жер-жерде айтылып ке­ле жатқан педагогтардың ұсы­ныс­тары 6 тарау, 21-баптан тұратын «Пе­да­гог мәртебесі» туралы заңда нақ­ты ескерілгенге ұқсайды. Қа­зірде ҚР Білім және ғылым ми­нист­рлігі сай­тында заңның тұ­жы­рымдамасы мен алдын ала мәтіні жа­­рыққа шықты. Мұғалім мәрте­бе­сін артты­руға күш салатын заң­ды қоғам тал­қысына шығару ар­қы­­­­лы олқы­лықтың орнын тол­ты­ру минист­р­лік­тегі мамандар­дың мін­­деті. Бұл ретте заңда ұстаз қа­уы­мын қуантатын та­лаптар бе­кіді. Ол қандай тиімді тетіктер дер­сіз?

Біріншіден, 30 жылдан аса ең­бек өтілі бар ұстаз зейнетке шыға ала­ды. Бұл жас кадрларға орын бо­сату мен мұғалім қызметінің ла­йық­ты еңбегіне берілген жеңілдік.

Екіншіден, дәптер тексеріп, сынып жетекшілік еткен ұстаз­дарға төленетін қаржының көлемі ұл­ғайды. Бұрын дәптер тексеруге 3500 теңге ақы төленсе, енді оның мөл­шері 10600 теңгеге дейін ар­тады. Ал, 5-11 сынып оқушыла­ры­ның дәптерін тексеретін ұстаздар бұған дейін 4400 теңге алып келсе, енді 13200 теңгеге дейінгі ақшаны ала алады. Бұған сынып жетек­ші­лігі үшін де қосылатын қаржыны қо­­сы­ңыз. Ол бастауыш сынып­тарда 5300 теңгеден жоғары сы­нып­тарда яғни 15900 теңгеге дейін артады.

Мұғалім жалақысы жаңа заңға дейін де мінберден талай рет көтерілді. Жаңартылған білім беру мазмұны бо­йынша білімін арттырған ұстаздар, ағылшын тілінде сабақ бере алатын педагогтарға 35 мың теңге қосымша жала­қы­ны биылдан бастап ұстаздар алуға көшті. Енді бес жыл­да бір рет кемінде 6 ай ғылыми қызметпен айналысқысы келетін мұғалімге шығармашылық демалыс беріліп, еңбек өтілі мен жалақысы сақталатын болады. Заң баптарына енген тағы бір толықтыру үздік ұстаздарды ұлықтауға ар­налды. Мәселен, «Үздік педагог» атағын иеленген ұстазға 300 еселенген АЕК-тен кем емес мөлшерде сыйақы бел­гі­ленеді. Бұл мұғалімнің құлшынып еңбек етіп, жас кадр­ларды педагог жұмысына қызықтыру бағыты үшін жаса­лып отырғанға ұқсайды.

Педагог қауым енді әлеуметтік проблемаларға да аса бас қатыра қоймайды. Себебі «Педагог мәртебесі» туралы заңда мұғалімдерді баспанамен қамтуға ерекше мән беріледі. Бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несиемен үй сатып ала алады. Қызметтік баспана немесе жатақхана алу­ға да құқылы. Тіпті жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учас­келері бөлінеді. Мұндай жеңілдікке ие болған ұс­таздар баспана проблемасына кезікпейді. Ал, бұл бар ын­таны тек білім алу бағытына бұрып, алаңсыз іздену мен кәсіби шыңдалуға жетелеуі керек.

Ауыл мұғалімдері де ақжолтай жаңалықтан құр қал­майды. Ауыл мен қала мектептерінің арасын жақындату міндетіне кіріскен билік жаңа заңда ауылда еңбек ететін мұ­ғалімдердің жалақысы мен тарифтік мөлшерлемелер қа­ламен салыстырғанда кемінде 25 пайызға арттыруды енгізіп отыр.

Маусымда аталған өзгерістер нақты күшіне енсе, ұс­таздардың еңсесі көтеріліп қалады. Білім эксперттері ТМД елдері арасында қазақстандық мектептердегі мұғалім­дер­дің оқу жүктемесі тым ауыр екенін анықтады. Сол себепті де мұғалім жүктемесін қысқарту талабы да заңға нақты ен­гі­зу көзделуде. Қысқасы, жалақы артып, жүктеме қыс­қа­рып, баспаналы болатын педагог қауым заңның тезірек бекі­генін тілейді. Ал, ең бастысы, мұғалімдер өз міндетіне қайшы келетін жұмыстарға жегілмейтін болады. Қаптаған қағазбастылықтан да құтылатын кезең алыс емес. Демек, мұғалім нақ алдына келген балаға білім беріп, шығарма­шы­лықпен айналыса алады. Бірақ, алмақтың да салмағы бар. Енді ұстаздарға қойылар талап күшеймек. Талап үдесінен шыға алмай қалу ұстаздың біліміне келіп тіреледі. Бұл іріктеу мұғалімдікке «келдім, кеттік» көзқараспен қарайтындарға тежеу болса игі.