Саясат

55 жастан кейін мұғалім аспирин ішіп, сабақ беріп жүре беруі мүмкін, бірақ...

Қазақстандық мұғалімдер 48 жастан зейнетке шыға ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қанша жылдан бері іште қайнап, ұсыныс деңгейінен әрі аса алмай жүрген білімдегі проблемалар бүкпесіз айтылып келді. Жай ғана айтылып келді. Білім саласында айтары бар ұстаздардың өзін толғандырып жүрген көкейтесті мәселелердің ендігісіне билік шындап мо­йын бұрды. Себебі педагог қауым талай жылдан бері аңсап күткен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданбақ. Елбасының өзі қатаң тапсырма жүктеп, министрлікке әрбір мәселеге мән беру керектігін қадап айтты. Пәрменнің жоғары жақтан берілуі министрлікте отырған шенеуніктердің екі есе жұмыс істеп, қалғып кеткен ойларды қайта түрткілеуге мүмкіндік беріп отыр. Жыл аяқталар тұста ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Педагог мәртебесі» туралы заң барлық ұстаз­дар­дың ұсыныстары негізінде әзірленеді деп айтуы педагогтарды бір қуантып қойды. Бас көтерер тақырыпты біз де уақытында қозғап келдік, әлі де қозғай бермекпіз. Дегенмен, педагог қауым беделіміз биіктеп, жалақымыз артып, міндетімізден тыс жұмысқа жегілмейтін боламыз деп үміт етуде. Құлақ асуға даяр министрлік те әрбір ұсыныстың жерде қалмайтынына сендіріп отыр.

Жыл басталғалы бері қарқын тағы да үдей түсті. ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер жаңа заңға келіп түскен ұсыныс-пікірлер мен жер-жер­де өткен кездесулердің барысын БАҚ өкілдеріне есеп беріп, ақпарат таратуда. Мақсат - ұстаз үніне құлақ түру, керек ұсынысты заңға әзірлеу. Уақыт өлтірмеудің жолын білетін министрлік "Педагог мәртебесі" ту­ралы заңның жобасын әзірлеп, ресми сайтқа жүктеп қойды. Мамандардың айтуынша, заң жобасына 8 мыңнан астам ұсыныстар келіп түскен. Ой­ларды сарапқа сала келе министрлік заңға мұғалімнің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік жеңілдіктері және білуге тиіс стандарттарын енгіз­ген. Заң бас-аяғы 6 тарау, 21 бапқа сы­йып тұр. Қазір "Педагог мәртебесі ту­ралы" заң жобасы ҚР Үкіметінде қа­ра­лып жатыр. Ал, ақпан айында ҚР Парламентіне түседі. Толық заңға маусым айында қол қойылып, іске асады. Бұл жауаптылардың жауабы.

Министрлік құр қарап жатпағанға ұқсайды. Ұсыныс-тілектерді тыңдау үшін арнайы ресми сайтта бағана ашқан. Пікірлер де сан алуан. Ой қозғағандардың дені мұғалімдерді ерте жастан зейнетке шығару туралы бастаманың қолдау тапқанын қалай­ды. Біз де мәселенің өзекті екенін ескере келе журналистік зерттеуге ар­қау еттік.

Байыбына барсақ, "мұғалім мәртебесін арттыру керек" деген ұсыныс әлі де керек деген сөздің айналасында ғана қалып барады. Нақты механизм, жүйелі жолды таппаған мұғалімдер "осы заңда мұғалім мәртебесі шегеленіп жазылады" деген ойға тоқтайды. Мәртебенің артуына жалақының өсуі, шығармашылыққа еркіндік беру, әлеуметтік пакеттерге же­ңілдік жасау, қажетсіз құжаттардан құ­ты­лу, құзырына кірмейтін жұмыстан босатылу сынды факторлар әсер етеді. Ал, талаптың ең басында мұға­лім мамандығында қызмет атқаратындарды ерте кезден зейнетке шығару идеясы тұр. Жаңа заңда бұл тармақты енгізбеске шара жоқ. Себебі ұстаздар мемлекеттік стандарттағы әйел­дер­ді 58, ер азаматтарды 63 жастан зей­нет­ке шығару талабы ұстаздарға тым ауыр деген ойды желеу етеді. Себебі бала оқыту, қап­­таған қағаз толтыру мұға­лім­нің жүйкесіне әрі денсаулығына кері әсерін береді, жасы жеткен ұстаздардың фи­зикалық қабілеті тө­мен­дейді. Бұл пікірмен 30 жыл­дық тәжірибесі бар ҚР Білім беру ісінің үздігі Набат Жаппарова да келіседі. Ұстаз "мектепке мұғалімдік қызметті реформамен бастап едім, 30 жылға таяп қалды әлі де жаңа реформалардың орындалуына қызмет етіп жүрмін" дейді. Айтуынша, ұстаздардың қажып кетуіне алдына келген бала емес, қаптаған құжаттар, тексеруге қа­жетті қағаздар себеп.

– Егер тек мұғалім сабақтан-сабаққа кі­ріп, оқушыға керекті программаны ғана үйрететін болса, онда ерте зейнетке шығару бастамасын қолдамас едім. Бірақ, бізде өкінішке орай олай емес қой. Әр сабақтың артында бірнеше қағазды толтыру, оны жоғары жаққа тапсыру тапсырмасы тағы бар. Оның үстіне біздің елде мектептердегі оқу жүктемесі тым ауыр. 18 сағаттық жүктемені азайтса, мәселені шешуге болар еді. Себебі әрбір сабақтан шыққан кезде оқушыға тақырыпты жете түсіндіру үшін энергия жұм­сайсың. Жастық жалынмен ол білінбей кетуі мүмкін. Дегенмен, еңбек өтіліміз 30 жылға жуықтаған біздер үшін кейде миға салмақ болатыны жасырын емес,- дейді Набат Жаппарова.

Набат Махмұтқызы тәжірибесі то­лыс­қан мұғалімнің, яғни еңбек өтілі 30 жыл­ға жеткен педагогты аттестациядан өткізудің қажеті жоқ деп санайды. Себебі өз пәнін жете меңгерген ұстаз барлық бі­лім санаттарын алып шығады, сондықтан да министрлік бұл мәселені де назардан тыс қалдырмауы керек деген ойын іркіп қалмады.

Ал, талай жылдан бері білім саласын реформаларына бас қатырып, ашық ойын айтып жүрген қаладағы №3 ІТ-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аманғали Есімов "55 жастан асқан ұстаздардың мектепте сабақ беріп жүруі білім сапасының төмендеуіне де әкеледі" деген пікірде. Ол "бұрындары педагогикада 25 жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер зейнетке шыға беретін, нарық талабы өзгеріп, өмір сүру сапасы артқаннан кейін бұл талап алынып тасталды" дейді. Дегенмен, дәл қазір зейнет жасына жетеқабыл жастағы ұстаздарды еңбек демалысына шығарып салу әлеуметтік проблемалардың шешілуіне де ықпал етеді дейді бізге берген сұхбатында.

– Әйелдерді 50 жастан, ер азаматтарды 60 жастан зейнетке шығару керек. Себебі Қазақстанның мектептеріндегі ер азаматтардың үлесі төмен. Бұл ешқандай қартаю процесіне алып келмейді. Әрі ер адамдардың тәлімі мектептерге аса керек. Былай қараңыз, 55 жасқа жеткен әйел ұстаз аспиринін ішіп, сабақ беріп жү­ре беруі мүмкін, бірақ ол білім сапасы­ның төмендеуіне алып келеді. Дамыған елдерде ұстаздарды 60-65 жасында зейнетке шығарады. Себебі Еуропа елдерін­де туу көрсеткіші төмен. Сондықтан олар­дың зейнет жасындағы еңбек ресурстарына қажеттілік бар. Ал, бізде де­мо­графия қарқын алып келеді. Сондықтан жас мамандарға орын босату керек. Бұл сенделіп, жұмыс таба алмай жүрген жастардың жұмыссыз қалмауына да оң ық­­палын береді, – деді Аман­ғали Есімов.

Мектепте әйел ұстаздардың көп еке­ні статистикасыз-ақ белгілі. Аналитикалық ақпаратқа зер салсаңыз, педагогикалық мамандықтың феминиза­ция­лану дәрежесі жоғары екенін бай­қайсыз. Ма­мандар Қазақстанның орта білім беру саласында әйелдердің үлесі халықаралық мәннен 10%-ға жоғары дейді. Яғни стандартта 69 пайыз болса, біздің елде 80,3 пайыз әйелдер білім саласында еңбек етеді.

Әлеуметтанушылар да мұғалімді ерте зейнетке шығару уақыты келген ұсыныс екенін айтады. Ақпараттық талдау орталығының бас маманы, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан "социологиялық қорытынды осындай ойға жетелейді" деген пікірді алға тартты.

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер 59 жастан зейнетке шыға алады. Әрбір жыл сайын 6 ай зейнет жасына қосылатынын ескерсек, бұл талап мұғалімдерге тым ауыр. Өйткені педагогикада әйел азаматшалардың үлесі басым. Сондықтан билік 48 жастан бас­тап зейнетке шығу таңдауын беріп отыр. Бұл ең тиімді жол секілді көрінеді маған. Себебі заңда әрбір деталь ашық жазылады. Жалпы, бұл тақырыпқа орай мұ­ғалімдердің өздерінен де әлеуметтік сауалнама алып көрдік. Орта мектеп мұғалімдері қолдап шықты. Ал, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушылары 48 жас өмірлік те кәсіби жетілетін кезең, сондықтан тәжірибені студенттерге тарату керекпіз деп есептейді. Қалай десеңіз де, 30 жылдық өтілі бар мұғалімдерді еңбек демалысына шығару психоэмоционалдық жағынан проб­ле­маның болмауына алып келеді,- дейді Нұрсұлтан Қаражан.

Мұғалімдердің білім жүйесінде шұқынып отыруы миына әжептеуір салмақ салады деген пікірді Қазақстандағы "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Мейіржан Темірбек те қоштайды. Сорақысы, қажып кеткеннен мұғалімдердің өмірден өтуіне де жүйедегі салмақ әсер етеді екен.

– Расында, қазір білім саласындағы реформа, кездесіп жатқан қарама-қайшылықтар, жергілікті органдардың жауапсыздығы мен заңды орындамауы, «цифрлы Қазақстан» жобасы аясында өткізіліп жатқан, әсіресе kundelik.kz яғ­ни электронды журнал толтыру мәселе­сі жүйкені жұқартып жібергені рас. Мұ­ға­лімдердің ішінде зейнет жасына жетпей, зейнетке шығып бір-екі жылдан ке­йін өмірден өткен ұстаздарымды көр­генде бір жағынан тағдыр шығар, дегенмен ойлануға тура келеді. Сондықтан мұғалімнің зейнет жасын қысқарту кезек күттірмейтін мәселе,-дейді ол.

Алайда, «мұғалім жұмысы тым миға салмақ салады» деп, «қара аспанды қапылтуға болмайды» дейді үлгілі ұстаз Аманғали Есімов. Ол мұғалімдердің ұс­таздықтан қажыдым деп айтуға құқығы жоқ дейді.

– Себебі ұстаз 300 метр тереңдіктегі шахтада жұмыс істеп жатқан жоқ. Метанға жарылып, апатқа ұшырап, күнде өміріне қауіп төнетіндей мамандық деп айта алмайсың. Екін­­шіден, бұ­рын­ғыдай емес, қазіргі мұғалімдердің сабақты игеруге қажетті ақпараттық ресурстарына қол жеткізу оңай. Қыз­­меттен қажыдым дейтіндер кеңес үкі­метінің соңғы буын ұстаздары. Қазір кеңестік кезеңдегі ұстаздар кетіп, тәуелсіз Қазақстанның тұсындағы өскелең ұр­пақ келіп жатыр. 2025 жылы бұл цикл аяқ­­талып, тәуелсіз Қазақстан тұсында бі­­­­лім алған жаңа кадрлар енеді. Сондықтан бұл аса бір проблема деңгейінде емес.

Зейнет жасына шыққаннан кейін мұ­ғалім мектепте қалып жұмыс істей берсін деген дұрыс емес. Ол зейнетке келгенде қызметті босатуы тиіс. Осы мәселеге үлкен мән беру керек. Бұл талап аудандарда дұрыс сақталған, ал қалада бұл әлі күнге дейін сақталмай отыр,- дейді Аманғали Есімов.

Ұстаздардың жанайқайға ұласып кет­кен мәселесі осы. Педагогтың ерте зей­нет жасына шықпауы психикасына да әсер етеді. Мұны психолог мамандар дәлелдепті. josparlar.kz сайтына ой біл­дірген психолог Ағуза Рамазанова "әрі кетсе 25 жылға дейін ұстаз зейнетке шы­ғып кетуі керек" деген пікірге жан бітірді.

– Салыстырмалы түрде айтсақ, бәсекеге қабілетті елдердің арасында, мәселен, Америкада мұғалімдерді 15 жылдан кейін зейнетке шығарады. Яғни, жұмыс мазмұнын өзгертеді. Олар қалалық білім бөлімі, әдістеме орталығы сынды баламен тікелей жұмыс жасамайтын мекемелерге ауысады. Өйткені мұғалім де­малуы керек. Үнемі баламен жұмыс жасау адамды шаршатады. Мұғалімге баланың деңгейімен ілесіп жүру өте қиын. Сондықтан ең шегі – 25 жыл болуы керек,- дейді психолог.

Ал әлемдік практика не дейді? Анализ жасай келе, бірқатар елдерге тоқталдық. Ең бірінші Жапония. Күншығыс жұрты 20 жылға жетпей ұстазды лайықты демалысына жібереді. Себебі ақпаратты мида сақтау қабілеті бірте-бірте төмендейді, сондықтан жапондар ұстаздарға осылай құрмет көрсетіп келеді, ал француздар мұғалімдерді 25 жыл өтілінен кейін құрметті зейнетіне шығарып салып, екі еселенген жәрдемақы төлейді екен. Батыстағы Ұлыбритания жұрты да мұғалім еңбегін ескерусіз қалдырмапты. Өмір сүрудің жоғары деңгейі бола тұрса да уақыты келген ұстаздарға зейнетке шығаруға рұқ­сат береді. Еуропа һәм Азия елдері болсын, мұғалім мамандығымен қызмет істейтіндерге ерекше заң шығарып, зейнетақыға шығу тетігін қарастырып қойған. Ал Қазақстан ше?

Айтып айтпай не керек, ұстаздардың жанайқайы билікке мықтап жеткенге ұқсайды. Себебі апта басында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердина жаңа заң бекісе, ұстаздар 48 жастан бастап зейнетке шыға алатынын айтып педагогтарды қуантып қойды.

Вице-министр бұдан былай отыз жыл еңбек өтілі бар ұстаздар зейнетке ерте шыға алатынына сендіріп отыр. Яғни, ұстаздың жоғары оқу орындарында оқыған жылдары еңбек өтіліне жатқызылады. 26 жыл педагогикада қызмет атқарған ұстаз зейнетке шыға алмақ. Мұны былай деп қарайық. Айталық, 17 жасыңызда жоғары оқу орнына түссеңіз, 21 жасынызда университетті тәмамдайсыз. Осыдан кейін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесеңіз, яғни 48 жасыңызда зейнетке шыға аласыз.

Бірақ министрлік зейнеттен кейін қызмет етуге құлықты ұстаздардың әрі қарай еңбек ете алатынын қаперге салып отыр.

– Мұғалімдер отыз жыл еңбек еткеннен кейін зейнетке шығады не әрі қарай жұмысын жалғастырады. Осындай таңдау ұсынып отырмыз. Өйткені, сіздер білесіздер, қазір мұғалімдердің көбі жұмысынан кеткісі келмейді,- дейді вице-министр Э.Суханбердина.

Қызметте қалдыруды ұстаздың еркіне беру бұрындары да айтылған. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Нау­шақызы зейнетке ерте шыққан ұстаздардың зейнетақысы төмендеп кетеді, сондықтан зейнеттен кейін де қызмет етуіне жағдай жасау керек деп айтқан еді. Алайда, мұғалімдер арасында екі­ұдай пікірлер бар. Бірі қарым-қабілетім зейнеттен кейін де жетіп жүр, сондықтан әрі қарай ұстаздық қызметте жүре бергенім дұрыс десе, ендігі бірі жас кадр­­ларға орын босату керек, бізге мектептен тыс қосымша дайындық жұмыс­тары  жеткілікті деген ойларын айтады.

Ұстаздарды зейнетке шығару мәселесіне қатысты заң жобасы қазір талқы үстінде. Әлеуметтік желіде жаңа заң әлі де кейбір мәселелерді ескермеген деген пікір иелері бар. Шынарай есімді желі қолданушысы педагогтарды зейнетке шығару бастамасында балабақша қызметкерлері туралы айтылмағанын алға тартады.

– Еңбек өтіліне байланысты зейнетке шығуды неге тек мұғалім деп көрсетіледі? Мектепке дейінгі мекеменің педагог қызметкерлері онсыз да 42 күн еңбек демалысына шығады, бұл жаңалық емес. Лечпособие екі еселеніп тө­ленуі де тек мектеп мұғалімдеріне қа­тыс­ты сияқты. Мектепке дейінгі мекеме педагогтарына аталған заң аясында ешқандай жеңілдіктер байқағаным жоқ, – дейді ол.

Қанша жылдан бері білімнің бас тақырыбына айналып келген ұстаздарды зейнетке шығару бастамасына енді нүкте қойылды. 48 жастан бастап ұстаздардың зейнетке шығуына құқығы бар. Бұл "Педагог мәртебесі" туралы арнайы заңда белгіленбек. Мұнан өзге де ұстазды жарылқайтын жаңалықтар орын алады.

P.S. Мұғалім құқығы заңмен реттелсе, зейнет жасы уақытылы шешілсе, әлеуметтік жеңілдіктер берілсе, міндеттен тыс жұмыстар қысқарса, мұғалімнің мәртебесі сөзсіз артады. Бұл ширек ғасырдан асып, талай мінберлерден көтерілген мәселенің жауабы іспетті. Дегенмен, лайықты қолдау мен көтермелеуге ұстаздың өзі де сай болуы керек. Бала біліміне жаны ашитын ұстаздарды мұғалім мамандығына кім көрінгеннің баратыны қынжылтады. Ұстаз мәртебесін көтеру дегенде бұл мәселе де алдымыздан шыға келетіні жасырын емес.

Қалай болғанда да, биыл көктемде мұғалімдер реформаны тек жаңалық ретінде емес, іс жүзінде көрмек.