ҚОҒАМ

Балабақшада баланы тепкен тәрбиешіге үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видеодан алынған скриншот

Атырауда жекеменшік балабақша тәрбиешісінің ісі бойынша сот шешім шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, тәрбиеші сабақ кезінде баланы ұрып жіберген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, баланың оң жамбасында көгерген іздер анықталған.

Балаға қатыгездік танытқаны үшін тәрбиеші Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша айыпталды. Жиналған материалдар негізінде оның кінәсі толық дәлелденген.

Сот бұл істің сипатын, оның қоғамдық қауіптілік деңгейін, сотталушының жеке басын, оның отбасылық жағдайын және алғаш рет қылмыс жасағанын ескере отырып, оның шын жүректен өкінгенін назарға алды.

Нәтижесінде сот тәрбиешіні ҚР ҚК-ның 140-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 80 АЕК (314 560 теңге) көлемінде айыппұл салу және 1 жылға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салу туралы шешім шығарды.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы "Зейнеп-Әмина" жекеменшік балабақшасында тәрбиеші баланы тепкенін хабарлаған едік.