Weekend
Филолог журналистер көбейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мол мүмкіндіктер мен жарқын білімнің қайнар ортасы. Студенттердің кәсіби білімі мен біліктілігін шыңдайтын оқу ордасы. Оның ішінде дарындыларды даралайтын журналистика факультеті қасиетті мекен. Бұл жерде болашақ мамандар тәжірибені игеріп қана қоймай сапалы білімді де академиалық ұшқырлықты да меңгереді. Алайда, журналист болу үшін кәсіби төрт жылдық білім алу керек пе? Тәмәмдаған мамандығы бір бөлек, атқарып жүрген қызметі тым бөлек маман иелері неліктен көбейді?
Мамандығым филолог бірақ журналист болып қызмет атқарам дейтіндердің саны да сапасы да артқан. Сіз журналистиканы таңдамайсыз, журналистика сізді таңдайды деуші еді ұстаздарымыз. Балды майға, суды лайға айналдырып, қадам басқан жерін оңбай адастырып жүргендер де жоқ емес. Бірақ бүгінде талабы таудай, қаламы қарымды филологтар журналистерден кем түспей отқаны бізге мәлім. Журналистика әмбебап мамандық дейтін болсақ, онда филологтардың да журналист болуына негіз бар емес пе? Сөздің төркінін әп дегеннен-ақ ұғатын дана халықпыз ғой. Бүгінгі мәселеміздің мәйегі мамандығы филолог, қызметі журналист жандар жайында болмақ. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Филология және әлем тілдері факультетінің түлегі, «Білім айнасы» газетінің редактор-корректоры Әлімханова Әмина Омарбекқызымен осы жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Әмина ханым, өзіңіз жайлы туып-өскен ел жайында айта отырсаңыз?
– 1993жылдың 13 қаңтарында қазіргі Түркістан облысы, Шардара ауданы Қызылқұм елді-мекенінде дүниеге келдім. Жанұямда әкем анам, үш сіңілім, бір інім бар. Ата-анам қарапайым кісілер. Әкем ауылда шаруашылықпен айналысады, ал анам мектепте мұғалім болып қызмет атқарады.
– Демек, үйдің тұңғышы екенсіз. Бала Әминаның оқу үлгерімі қалай болды?
– 1999 жылы 1 сыныпқа қабылдандым. 8 сыныпқа дейін үздік оқыдым. 9 сыныпта Ілияс Жансүгіров оқуларына қатысып 2 орынды иелендім. Аудандық, Республикалық басылымдарға көптеген өлеңдерімді жариялап отырдым.
– ҰБТ-ны қалай тәмәмдадыңыз?
– 2010 жылы ҰБТ-дан 115 бал жинап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетіне оқуға түстім.
– Қара шаңырық ҚазҰУ жайында ыстық естеліктеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– 1 курста Мәслихат ұйымында болып, түрлі-іс шараларға қатыстым. ҚазҰУ-да оқығанымды зор мақтанышпен айта алам. Ондағы мұғалімдерді сағынышпен еске алам. Диплом жетекшім Қанипаш Мәдібай апай болды. Сол кісінің көмегімен 2014 жылы сүйікті оқу орнымнан түлеп ұштым.
– ҚазҰУ түлектерін бағытынан жаңылдырмайды, адастырмайды деп жатады. Мамандық бойынша қызмет атқардыңыз ба, әлде отбасын құрдыңыз ба?
– Оқуды бітірген бойда тұрмыс құрдым. Екі балалы болған соң жұмысқа шықтым. Әрине, бірінші орынға отбасымды қойдым. Қазір бәріне үлгеруге тырысып жүремін. Ата-енеммен бірге тұрамын. Келіндік қызметімді де атқаруға үлгеремін.
– Қызмет жолыңыз жайында айта өтсеңіз?
– Жұмысым Мақтарал ауданы, Жетісай қаласы «Жеті сыр» республикалық ғылыми-танымдық газетінде тілші болып қызмет атқардым. Аудан әкімі, Нұр Отан партиясының алғыс хаттарымен марапатталдым. Кейіннен отбасылық жағдайларға байланысты Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдік. Қазіргі таңда «Білім айнасы» газетінде редактор корректор қызметін атқарудамын.
– Журналистика жолыңыз тоғыспағанда қай салаға бет бұрар едіңіз?
Журналистикамен жолым тоғыспағанда мектепте мұғалім болар ма едім.Мен филологпын. -Өмірлік миссияңыз қандай? Өмірлік миссиям – қоғамға, мемлекетке, одан қала берді халыққа өз пайдамды тигізу. Ақ абыройымды жоғалтпау. Адами құндылықтар үшін қашанда күресу.
– Журналист болу үшін журналистиканы меңгерудің қажеті бар ма?
Қазір екінің бірі журналист. Әр адамның жеке қабілеті мен шыңдалуына байланысты мамандығы ығысады. Адам оң жамбасына жығылады. Ол үшін адамға өкпе артып, ренжудің қажеті шамалы. Пенденің қасиеті мен қабілеті сізден асып тұрса, тасып тұрса ондадемеу болған жөн сияқты.
– Сырлы сұқбатыңызға көп рақмет!