САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comКоллаж: Kursiv.Media/Ахтам Зиперов
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС сирек кездесетін жер металдарының экспортына қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берді. Компания өз қызметін заңнама талаптарына сай жүргізетінін мәлімдеп, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айыптауын жоққа шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz поратлы.
Компания өкілдерінің айтуынша, "Қазақмыс" негізінен катодты мыс, тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылы өндірісімен айналысады. Олардың мәліметінше, кен мен концентраттарды өңдеу барысында барлық шикізат белгіленген стандарттарға сәйкес қатаң тексеруден өтеді.
"Қазақмыс" мыс концентратын экспорттауға қажеттілік туындаған жағдайда, шикізат міндетті түрде химиялық талдаудан өтеді. Бұл зерттеулер SGS Қазақстан сынды халықаралық сертификаттау саласының жетекші компанияларында жүргізіледі. Сонымен қатар шикізат экспорты қатаң мемлекеттік бақылауда болады. Барлық процесс Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің лицензиялау талаптарына және кеден заңнамасының ережелеріне толықтай сәйкес жүзеге асырылады, – делінген компания мәлімдемесінде.
Компания сирек жер металдарын мақсатты түрде өндірмейтінін атап өтті.
"Біздің өндірісіміздің негізгі бағыты – түсті металдар. Сирек металдар тек күкірт қышқылы мен қымбат металдар өндірісінің қалдықтарынан шағын көлемде ғана алынады", – деді "Қазақмыс" өкілдері.
Аталған өндірістік қалдықтар мемлекеттік "Жезқазғансирекмет" РМК және жаңадан құрылған "Қазақмыс Прогресс" ЖШС кәсіпорындарында өңделеді. "Қазақмыс Прогресс" Қазақстанда шикізатты тереңдетіп өңдеуге және қайта өңдеу деңгейін арттыруға үлес қосып, елді әлемдік сирек және бағалы металдар нарығында тәуелсіз ойыншы ретінде нығайтуға мүмкіндік бермек.
Компания өз қызметінде ашықтық қағидатын ұстанатынын және уәкілетті органдар тарапынан барлық операцияның қатаң бақыланатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, "Қазақмыс" минералды шикізат экспортына мемлекеттік бақылауды күшейту бастамасын қолдайтынын және бұл мәселеде тиісті органдармен ашық диалогқа дайын екенін жеткізді.
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС сирек жер металдарының құрамын жасыру немесе экспортталатын шикізаттың құнын жасанды түрде төмендету туралы айыптауларды негізсіз деп санайды. Біз кез келген тексерулер жүргізу үшін мемлекеттік органдармен ынтымақтастыққа дайынбыз", – делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Ақ жол" партиясы сирек жер металдарын игеру мәселесінде ұлттық мүддені қорғау қажеттігін көтерген болатын.
Қазақстан сирек жер металдарының айтарлықтай қорына ие. Олардың ішінде жоғары технологиялық өндірістерде стратегиялық маңызы зор лантан, церий, иттрий және басқа да элементтер бар. Бұл ресурстар бүгінде жаһандық экономикада "жаңа мұнай" ретінде қарастырылып, олардың бақылауы үшін күрес күшейіп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары сирек жер металдарына деген сұраныс күрт артып, кейбір элементтерге қажеттілік 40 есеге дейін ұлғаюы мүмкін. 2030 жылға қарай бұл нарықтың көлемі жылына 10 миллиард доллардан асады деп болжануда.
Қазақстан басшылығы бұл ресурстардың маңыздылығын жоғары бағалайды. Мәселен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Еліміздің сирек және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеуде зор әлеуеті бар. Бұл салаға шетелдік инвесторлар мен отандық бизнестің назарын аударып, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуымыз қажет", – деп мәлімдеген болатын.
Бұл мәселенің өзектілігін сирек металдарға қатысты ірі жер қойнауын пайдаланушылардың күмәнді әрекеттері туралы ақпараттар да растап отыр.
Әлеуметтік желілерде "Қазақмыс" корпорациясының бұрынғы лаборанты Бақыт Әділова компанияның химиялық сараптама жүргізбестен, құрамында бағалы және сирек жер металдары бар кен мен мыс концентратын сыртқа шығарып жатқанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, бұл тәсіл шикізаттың нақты бағасын жасыру арқылы оның құнын жасанды түрде төмендетуге және ұлттық экономикаға зиян келтіруге бағытталған.
Сондай-ақ, геология саласының басқа да сарапшылары тау-кен алпауыттарының кен мен концентраттарды зертханалық талдаусыз экспорттап келгенін айтып, осылайша Қазақстан ондаған жылдар бойы бағалы ресурстарын бақылаусыз сыртқа шығарып отырғанын алға тартқан.
Осы жағдайға байланысты "Ақ жол" партиясының депутаттық фракциясы Үкіметтен мына мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдауды талап етті:
Қазақстаннан шетелге шығарылатын кен мен концентраттарға қойылатын зертханалық талаптардың бар-жоғын ресми түрде анықтау;
Егер мұндай талаптар жоқ болса, жауапты тұлғалардың заң алдында есеп беруін қамтамасыз ету;
Шикізаттың нақты құрамын анықтамастан экспорттау фактілері расталған жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту;
Құрамында сирек жер және бағалы металдар бар минералды шикізат экспортына кедендік бақылауды күшейту, қажет болған жағдайда арнайы зертханалармен жабдықтау;
Президенттің сирек металдарды заңды түрде өндіру және өңдеу туралы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету.