Спорт

Аягөздің өз GGG-і бар: Ғабитов Ғалымжан Ғабитұлы

Бокс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ғабитов Ғалымжан Ғабитұлын аягөздіктер өздерінің GGG –і санайды. Ғалымжанның жасы 10-да. Бокспен 8 жасынан бастап айналыса бастаған. Таңғаларлығы, Ғалымжан аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда 16 рет рингке шығып, бірде бірінде жеңіліс тапқан емес.

Сол жеңістерінің ішінде Ұлан, Аягөз аудандарының біріншіліктері, Абай ауданының спорт ардагері Мұрат Хасеновты, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабден Есенғаринды еске алуға арналған турнирлер бар. Жоғарыда айтып өткенімздей жас боксшы әлі жеңіліс дәмін татып көрген жоқ. Аягөз қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде осы қаладағы № 9 аралас бастауыш мектептің оқушысы Ғалымжан Ғабитов өз салмақ дәрежесінде (28 келі) чемпион атанды. Бұл турнир ҚР жеңімпаздары Мақсат Қасымов пен Мейіржан Кешкіловтарды еске алуға арналды. Аталмыш республикалық турнирде Ғалымжанның рингте өзін еркін сезініп,қарсыласын тықсыра соққының астына алуы, қажет болған сәттерде қорғана білуі бокс мамандарының көзіне түсті. Финалда Оңтүстік Қазақстаннан келген Аманкелді Элдармен шаршы алаңда кездесіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ғалымжанның қарсылас шақ келтірмей жеңіп келе жатуына жаттықтырушысы белгілі боксшы Мейіржан Жақсылықовтың еңбегі алабөтен. Бір кездері шаршы алаңда шебер ойын өрнегін көрсете білетін Мейіржан Ақылбайұлы Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс, халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Сондай-ақ, оның кәсіпқой бокстан жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе.

-Баламыздың боксқа баруына жаттықтырушысы Мейіржанның ықпалы зор болды,-дейді әкесі Ғабит пен анасы Назым,-Мейіржанның өзі үй арасында үй жоқ көршіміз. Ол Ғалымжанды бокс секциясына жаздырып, жаттықтырып жүр.


Ғалымжан ҚР жеңімпаздары Мақсат Қасымов пен Мейіржан Кешкіловтарды еске алуға арналған республикалық турнирде өзінен бір жас, екі жас үлкен балалармен қолғап түйістірді. Әсіресе, финалда чемпиондыққа таласқан Аманкелді Элдардың өзінен екі жас үлкендігі болды. Элдар да өте намысқой бала екен, жеңіліп қалғанына күйініп, жылап жіберді. Қызық болды. Кездесуден кейін екеуі сөйлесіп отыр. Аманкелді Элдар: «Мен үш рет қатарынан жеңіп келе жатқанмын. Төртінші рет тек сенен ғана жеңілдім», десе, біздің ұл: «Мен 16 рет рингке шығып, ешқайсысында жеңілгем жоқ», деп мақтанып тұр,-дейді жымияды анасы Назым.

Бар болғаны 2017 жылдың қазан айынан ғана бері бокспен айналысып жүрген Ғалымжан Ғабитұлы Ғабитовтың болашағы алда. «Халық айтса, қалт айтпайды», деген. GGG десе дегендей...

Берікхан Тайжігіт

altaynews.kz