САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Қазақстанда зейнетке шыққан 800-ден астам азамат әлі де мемлекеттік органдарда қызмет атқарып жүр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Депутаттың айтуынша, бұл азаматтардың мемлекеттік қызметте қалуы “өзара келісім” негізінде жүзеге асқан. Әсіресе, әкімшілік мемлекеттік лауазымдарда еңбек ететін зейнеткерлердің келісімшарттары жыл сайын автоматты түрде ұзартылып келеді.
“Бұл — ресми дерек. Бұл адамдар министрліктерде, әкімдіктерде, комитеттер мен департаменттерде қызмет атқарып отыр. Және олардың барлығы қызметін “өзара келісім” негізінде ұзартқаны көрсетілген.
Мұнда ең алдымен әкімшілік мемлекеттік лауазымдар туралы сөз болып отыр — дәл осы санатта келісімшарттар жыл сайын жаппай ұзартылып келеді.
Құжат жүзінде бұл тәжірибе — тәжірибеге құрмет көрсету ретінде көрінеді.
Бірақ біз нақты білеміз: кей жағдайларда мұндай ұзарту бірегейлікпен, ерекше құзыреттілікпен немесе кадр тапшылығымен байланысты емес. Көп жағдайда бұл — бірінші басшының шешімі немесе сырттан келген өтініштер, тапсырмалар. Оған жай ғана «өзінің» адамын қалдыру ыңғайлы. Конкурстан тыс. Объективті бағалаусыз. Негіздемесіз.
Егер шынымен ерекше тиімділік болса — біз соны деректермен көрер едік:
• республикалық деңгейден жоғары нәтиже;
• аяқталуға жақын ерекше жоба;
• нақты бірегей дағдысы бар, орны толмас маман.
Көп жағдайда мұның бәрі жоқ.
Мұнда ашықтықтың орнына субъективтілік бар. “Маған керек” деген түсінік — “Мемлекетке керек” деген қағидаттың орнын басқан”, – дейді депутат.
Ол мұндай тәжірибенің кадрлық жаңару мен жас мамандардың ілгерілеуіне кедергі келтіретінін алға тартты.
Әлиевтің мәліметінше, зейнеткерлер ең көп шоғырланған құрылымдар қатарына Қаржы министрлігі (89 адам), Денсаулық сақтау министрлігі (73), Ауыл шаруашылығы министрлігі (43) және бірқатар облыстар – Ақмола (53), Абай (35), Павлодар (37), Қарағанды (34), Қостанай (32) аймақтары кіреді.
“Неге дәл осы құрылымдар мен өңірлерде зейнеткерлерге жүктеме жоғары? Бұл кездейсоқтық па, әлде ешкім жауапкершілік алғысы келмейтін басқарушылық шешім бе?”– деген сұрақ қойды депутат.
Сондай-ақ ол квазимемлекеттік секторда жағдайдың тіпті күрделі екенін айтты. Себебі мұнда зейнет жасына шектеу болмай, қызметкерлер бір орында ондаған жыл бойы отыра береді.
“Компания басшылары өз “адамдарын” қалдырып, олар өз кезегінде өзіне ыңғайлы басқа мамандарды тартады. Жабық, айналмалы кадрлық жүйе осылай қалыптасады”, – деді Әлиев.
Мәжілісмен Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, бұл мәселені кезең-кезеңімен талдауды бастайтынын және әрбір министрлік пен әкімдікке тиісті сұрақтар қойылатынын мәлімдеді.
“Жүйе жаңармай қалса – іштен іри бастайды. Біз бұған жол бере алмаймыз”, – деді Болатбек Әлиев.