ҚОҒАМ

Жауапсыз қалған жеті сауал: Сүлейменова Үкіметті сынға алды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: astanatv.kz

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, плотник секілді техникалық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған депутаттық сауалдарға Үкімет тарапынан нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Депутаттың айтуынша, Мәжілістің үшінші сессиясы барысында бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың мәселесіне қатысты 7 сауал жолданған. Бұл сауалдар өңірлерде халықпен кездесу кезінде жиі көтерілген.

"Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Бұл – жұмысшы мәртебесін арттырып, еңбек нарығындағы теңсіздікті жоюға бағытталған маңызды қадам. Алайда, Үкімет осы бағыттағы ұсыныстарымызды жауапсыз қалдырды", – деді Сүлейменова.

Оның айтуынша, 5 наурызда Үкіметтен ресми жауап келіп түскенмен, сауалдарда көтерілген нақты ұсыныстар назарға алынбаған. Мәселен:

Техникалық қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу,

Өңірлік теңсіздікті жоятын бірыңғай әлеуметтік кепілдік механизмін енгізу,

Хлор және басқа да зиянды заттармен жұмыс істейтіндерге өтемақы төлеу сияқты ұсыныстар ескерусіз қалған.

"Еңбек министрлігі 28,7 млрд теңге қажет екенін есептеп бергенімен, Үкімет нақты шешім қабылдамаған. Ал хлор қолданатын жұмысшыларға "жұмыс берушіге жүгінсін" деген жауап мүлде қисынсыз", – деді депутат.

Сүлейменова техникалық қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалау үшін келесі шараларды ұсынды:

Жалақыны арттырудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу – еңбек өтілі, жүктеме, өңірлік айырмашылық ескерілуі тиіс.

Сауықтыру жәрдемақысын барлығына төлеу – орталықтандырылған, әділ тәсілмен.

Техникалық қызметкерлерді жөндеу жұмыстарына заңсыз тартуға тыйым салу.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге қосымша өтемақы мен әлеуметтік кепілдіктер беру.

"Жергілікті әкімдіктерге үстемеақы белгілеу құқығы берілгенімен, бұл өңірлік теңсіздікке әкелді. Бір облыста жалақы өссе, екіншісінде өзгеріссіз қалып отыр", – деп түйіндеді Сүлейменова.