ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ел азаматтарының жеке деректері ашық айналымға түсіп кеткенін айтып, Үкіметке дабыл қақты. Оның айтуынша, банктер мен микрокредит ұйымдары жеке ақпараттарды заңсыз пайдаланып, халықты қарызға батырып отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың басында қазақстандықтардың жалпы несие қарызы 24,1 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішіндегі өсім 22,9 пайызды құраған. Алайда бұдан да сорақысы — кредит компаниялары азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз пайдаланып, хабарламамен, қоңыраумен мазалауын доғармай отыр.
"Бұрын адамдар банкке барып несие алатын еді, қазір несие өзі іздеп келетін болды. Телефоныңды ашсаң болды — “сізге несие мақұлданды”, “мында басыңыз”, “қазір алып кетіңіз” деген хабарламалар қаптап кетеді. Ең сорақысы — бұлар біздің телефон нөмірімізді, тіпті жеке куәліктегі деректерімізді қайдан алды?" – дейді Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, жеке деректердің осылайша қолдан-қолға өтіп кетуі – цифрландырудың емес, жауапсыздықтың көрінісі. Бұған дейін азаматтардың денсаулық, отбасылық жағдайы, тіпті балаларға қатысты деректері де тарап кеткен жағдайлар болған.
"Мемлекеттік немесе жекеменшік қосымшаларға кірерде “жеке деректерді өңдеуге келісесіз бе?” деген терезе шығады. Келіспесең – қызмет көрсетпейді. Ал келіссең – кейін ол деректердің кімнің қолына түсетінін ешкім білмейді. Бұл цифрландыру ма, әлде еркін сауда ма?" – деп ашынды депутат.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, мұндай бейберекет жағдай интернет алаяқтықтың өршуіне жол ашып отыр. 2024 жылы 22 900 азамат интернет алаяқтардың құрбанына айналып, ел бойынша 45,5 млрд теңге шығын келген.
" Себебі жеке дерегі қолды болған азаматтар жаппай алаяқтардың құрығына түсіп жатыр. "Әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек" дейді қазақ, қазір қарызға кіру де кенет болады. Қазір несие алу – “әзіл айтып қалу” секілді – күтпеген жерден бола кетеді. Бірақ соңы күлкі емес, көз жасы. Ең қауіптісі – осындай қылмыстардың 81,8 пайызы қылмыскер анықталмауына байланысты жабылып қалады", – дейді ол.
Тіпті, оның айтуынша, өткен жылы интернет алаяқтар мемлекеттік мекемелердің өзін алдап, 8,4 млн теңгесін ұрлап кеткен.