Bugin

Бектенов бірнеше шенеуніктің жұмысын сынға алды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото:gov.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірдің су тарту және сумен қамту жобаларында кестеден артта қалып жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, жыл басынан бері ғана азаматтардан сумен қамту мәселесіне қатысты 30 мыңға жуық арыз-шағым түскен, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бектенов тиісті министрліктер мен өңір әкімдіктеріне жұмысты жеделдетуді тапсырды. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігіне және Ақмола облысы әкімдігіне елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жүктелді.

Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" қоры мен Маңғыстау облысы әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі су тұщыту зауытын іске қосып, Жаңаөзен қаласын сумен қамту міндеті тапсырылды.

Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласына қатысты да нақты тапсырма берілді. Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері мен облыс әкімдігі осы жылдың 1 тамызына дейін қаладағы су тазарту стансасының реконструкциясына қосымша қаржы бөлу мәселесін шешуі тиіс.

"Өңірлерде кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдануы қажет", — деді премьер-министр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау барысы қаралды. Премьер-министр әкімдерге жыл соңына дейін барлық қолданыстағы ауызсу жобаларын іске асыруды міндеттеді. Оның айтуынша, бұл жұмысқа тікелей жауапкершілік өңір басшыларының мойнында.

Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға уақытылы аударуы тиіс. Сонымен қатар, елді мекендерді дамыту жоспарларына сәйкес топтық су құбырларын тарту жұмыстары да жандандырылады.

"Топтық су құбырларын дамытуды елді мекендерді кешенді дамыту жоспарларымен үйлестіріп жүргізу қажет. Кей жағдайда ауыл ішінде су желісі дайын болғанымен, су көзіне қол жеткізу мүмкін емес. Немесе керісінше – ауылға дейін су тартылғанымен, ішкі инфрақұрылым салынбаған", — деді Бектенов.

Жыл соңына дейін Су ресурстары және ирригация министрлігіне топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын толық аяқтау тапсырылды. Сонымен бірге, 2026 жылға қарай бұл құбырларды әкімдіктердің балансына беру мәселесі қаралуда.

Ұлттық экономика министрлігіне тиісті ведомстволармен бірлесе отырып, республикалық меншіктегі су инфрақұрылымын коммуналдық меншікке өткізу үшін нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау тапсырылды.