ДЕНСАУЛЫҚ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ветеринария саласындағы шешімін таппай келе жатқан түйткілдерді ашық айтты. Оның сөзінше, бұл салада инфрақұрылым жеткіліксіз, техникалық база ескірген, ал мамандар аз жалақыға жұмыс істеп жүр. Импорт пен экспорт бағытында жұмыс істейтін жүйелер де толық цифрланбаған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанның ауылдық аудандарында орналасқан 206 ветеринариялық станцияның үштен бірі, яғни 72-сі жеке ғимаратқа ие емес. Абай облысында 10 аудан орталығының тек үшеуінде ғана өзіне тиесілі нысан бар. Мұндай жағдай ШҚО, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында да қайталанады.
«Бұдан да өзекті мәселе – ветеринариялық пункттердің жағдайы. Ветпункттерде малға қатысты алдын алу және емдеу шаралары жүргізіледі, сондықтан олар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек. Алайда республикадағы 2 285 пункттің 1 628-інде немесе 71%-ында тиісті ғимарат жоқ», – деді Сапаров.
Министрдің мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін президент тапсырмасына сәйкес жол картасы әзірленіп, 2023 жылы 107 ветеринариялық пункт салынған. Ал 2025 жылға дейін тағы 323 нысанның құрылысы жоспарланған.
Осы ретте Жетісу, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының тәжірибесі үлгі ретінде көрсетілді. Бұл өңірлерде 137 ветеринариялық пункт бюджет қаражаты мен жекеменшік инвестиция есебінен іске қосылған. Ал Абай, Павлодар және Түркістан облыстарында соңғы екі жылда бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылмаған.
2024 жылы өңір әкімдіктері 327 бірлік арнайы техника сатып алған. Жыл соңына дейін тағы 346 техника алынады деп жоспарланғанымен, Павлодар, Абай және Ұлытау облыстары бұл мақсатқа қаржы бөлмеген.
Министрлік зертханалардың техникалық жарақтандырылуын да назарда ұстап отыр. Биыл 9 бірлік сұйықтық хроматографы сатып алынған. Бұл құрылғы ветеринариялық бақылаудағы заттардың санын 5-тен 70-ке дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Зертханалардың әлеуетін толық арттыру үшін тағы 54 бірлік жабдық қажет.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы келісім аясында жалпы құны 1,5 млн доллар болатын 99 бірлік заманауи жабдық жеткізілген. Бұл зертхана отандық өндірушілерге өз өнімдерін Қытай нарығына еркін экспорттауға жол ашады.