ТӘРБИЕ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяко
Ұлттық банк балалар мен жасөспірімдер киберқылмыскерлердің жаңа нысанасына айналып бара жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Банктің хабарлауынша, алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданып, өздерін таныс адам, мемлекеттік орган немесе ұйым өкілі ретінде көрсетіп, балалардан жеке және қаржылай ақпаратты алуға тырысады. Мұндай «виртуалды таныстардың» басты мақсаты – қаржылай пайда табу, жеке деректерді ұрлау немесе зиянды контент тарату.
Киберқылмыстың кең тараған түрлері – фишинг және спуфинг. Бұл тәсілдер арқылы жалған сайттар мен қолданбаларға сілтеме жіберіп, балалардан құпиясөздер мен банк картасының дерегін алдап алуға тырысады.
Қауіптің алдын алу үшін Ұлттық банк ата-аналар мен мұғалімдерге балаларға кибергигиена негіздерін үйретуді және интернетті қауіпсіз пайдалануға баулуды ұсынады.
Мамандардың айтуынша, баланың смартфонына ата-ана бақылауы, антивирус және қауіпсіз шолу режимі сияқты функцияларды орнату қажет. Сондай-ақ баланың онлайн саудасын және қаржыға қатысты әрекеттерін бақылап отыру, екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.
«Жасөспірімдерге бейтаныс адамдармен хат алмасуға болмайтынын, жеке мәліметтер мен суреттерді бөгде адамдарға жіберуге рұқсат етілмейтінін, ата-анасының келісімінсіз онлайн сатып алулар жасамау керектігін, тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалану маңызды екенін түсіндіру қажет», – деп атап өтті Ұлттық банк.