БІЛІМ
2025 жылдың 27 қарашасында Алматыдағы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде өткен «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: тарих, мәдениет, тіл және технологиялар диалогы» атты халықаралық форум әлемдік деңгейдегі ғылыми серіктестікті дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылауда маңызды алаңға айналды. Оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Пәкістан елдерінің жетекші ғалымдары қатысып, жасанды интеллекттің заманауи ғылымға, әлеуметтік қатынастарға және мәдени процестерге әсерін талдады.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Назира Қасымбек
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дархан Берікұлы Ақпанбетов конференция жұмысына бағыт-бағдар берген мазмұнды кіріспе сөзін ұсынып, университеттердің цифрлық трансформация дәуіріндегі стратегиялық рөліне тоқталды. Ол ЖИ технологияларының жаһандық ғылыми интеграцияны жеделдетіп жатқанын, ал ғылыми әріптестік пен академиялық желілердің кеңеюі пәнаралық зерттеулердің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Пленарлық отырыста әр елден келген ғалымдардың баяндамалары жасанды интеллектің қоғамдағы орны мен ғылыми жүйені жаңғыртудағы рөлін терең ашып көрсетті. ҚР ҰҒА академигі Мақтағали Бектемісов деректерді өңдеу және оқу процесін автоматтандырудағы ЖИ қолдану тәсілдерін талдады. Пәкістандық ғалым Зафаруллах Сахито инженерлік білім беруде тілдік интеграцияның маңызын көрсетті. Kazakh-American University президенті Асылбек Исахов алгоритмдік әділеттілік, цифрлық этика және қоғамдағы технологиялық жауапкершілік мәселелерін саралады. Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Бахтияр Эргашев Түркістан генерал-губернаторлығы құжаттарын цифрлық деректанулық әдістер арқылы интерпретациялаудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Жомарт Симтиков гуманитарлық ғылымдардың цифрлық зерттеу тәсілдерімен жаңаруын талдаса, МИТУ профессоры Алтынай Абуова инновациялық өндірістік технологиялардың тиімділігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Түркиялық зерттеуші Ибрахим Калқан қазақ шежіресін сандық ортада реконструкциялаудың артықшылықтарын көрсетті.
Үш негізгі секция бойынша өткен ғылыми талқылаулар тарихи-мәдени мұраны сақтау, тілдік ортаның цифрлануы, ЖИ-дің экономика мен қоғамдық институттарға ықпалы сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды. Конференция нәтижесінде ЖИ технологияларын білім беру, зерттеу және мәдени мұраны сақтау жүйесіне кешенді түрде енгізу жөнінде ұсыныстар жасалды.
Қорытынды бөлімде қатысушылар тарихи мұраны цифрлық форматта сақтау, білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын тиімді енгізу, ғылыми қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және цифрлық этика стандарттарын жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Форум халықаралық ғылыми серіктестікті күшейтуге, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығын әлемдік ғылыми кеңістікпен интеграциялауға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған маңызды қадам болды.