САЯСАТ
Қашаған мұнай кен орнының шетелдік инвесторлары күкірттің нормадан тыс сақталуына байланысты айыппұл салыну тәуекелдері туралы Атырау облысы бойынша Экология департаменті 2,3 трлн теңге (сол кездегі бағаммен $5,1 млрд) көлемінде айыппұл салғанға дейін бірнеше жыл бұрын білген, бірақ бұған қатысты ешқандай шара қолданбаған, деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: www.kbv.kz
Бұл туралы Bloomberg агенттігі зерделеген сот құжаттарында жазылған.
2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан билігі Қашаған операторы — құрамына Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» кіретін North Caspian Operating Co. (NCOC) компаниясына салған 2,356 трлн теңге (шамамен 4,7-5 млрд доллар) көлеміндегі айыппұл салынған.
Астана сотына ұсынылған құжаттардың ішінде компаниялардың ішкі хат-хабарлары мен презентациялары бар. Материалға сәйкес, бұл құжаттар NCOC-тың «Күкірт сақтауға рұқсатымыз болды» деген ұстанымын толық жоққа шығармайды, бірақ серіктестердің айыппұл салыну мүмкіндігін ол тағайындалғанға дейін әлдеқайда бұрын болжағанын көрсетеді.
«Ішкі құжаттар көрсеткендей, жоба серіктестері күкіртті сатуды тездету немесе қосымша қоймалар салу шығындарын ықтимал айыппұлдардың тәуекелімен салыстырған. Соңында олар бұл шығындар жобаның табысына нұқсан келтіреді деген шешімге келген», — деп атап өтеді Bloomberg агенттігі.
Агенттік сарапшыларының пікірінше, дамушы экономикасы бар елдерде экологиялық нормалар «Жаһандық келісімшарттарды қайта қарау кезінде жиі қысым құралына айналуда». Қашаған инвесторлары үшін бұл дау беделге нұқсан келтіретін ұзақ мерзімді тәуекелдер туғызып, кен орнын игерудің болашақ кезеңдері бойынша келіссөздерді қиындата түскен.
2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан Қашағанға 2,356 трлн теңге (сол кездегі бағаммен 5,1 млрд доллар) көлемінде айыппұл салды. Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысының экология департаменті оператордың жұмысынан бірнеше құқық бұзушылықтарды анықтаған болатын. Олардың қатарында күкірт шаңының таралуын болдырмау үшін күкірт блогын игеру кезінде сумен шаң басу шараларының жүргізілмеуі бар. Сонымен қатар, NCOC күкіртті орналастыру лимитінен асып кеткен: 2022 жылы рұқсат етілген 730 мың тоннаның орнына іс жүзінде шамамен 1,7 млн тонна күкірт жиналған.
Кейіннен NCOC процедуралық құқық бұзушылықтарға сілтеме жасап және экологиялық ережелер жалпы көлемді емес, жыл сайын қоймаға қосылатын химиялық заттың мөлшерін ғана реттейтінін мәлімдеп, айыппұлға шағым түсірген болатын.
2025 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Қашаған операторы NCOC компаниясының Атырау облысының экология департаментіне қарсы талап арызы бойынша қаулы шығарғаны белгілі болды. Іс жаңа сот құрамымен апелляциялық инстанцияға қайта қарауға жіберілді. 2025 жылдың тамыз айының басында БАҚ өкілдері NCOC-тың бұл процесте жеңіске жеткенін және Қазақстан оператордан 2,3 трлн теңге көлеміндегі айыппұлды өндіріп ала алмайтынын хабарлады.
Кейінірек Астананың әкімшілік істер жөніндегі соты NCOC-қа салынған айыппұлды оны тағайындау процедурасының сақталмауына байланысты жойғанын түсіндірді. Алайда бұл экологиялық заң бұзушылықтар болған жоқ дегенді білдірмейді. Экология департаменті сотқа қайта жүгінді.
2025 жылдың желтоқсанында Астана соты NCOC-тың айыппұл туралы шешімге берген апелляциясын қабылдамады. Бұл соңғы шешім әлі заңды күшіне енген жоқ, өйткені апелляциялық шағым түсіру күтілуде. Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, шағым шешім шыққаннан кейін екі ай ішінде берілуі мүмкін.