Bugin
Педагогтардың цифрлық құзыреттілігін арттыру мен жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу – бүгінгі күннің басты міндетіне айналды. Осы бағытта педагогтардың жасанды интеллект технологияларын тиімді және жауапты қолдануға үйрету, олардың жұмыс жүктемесін азайтып, оқыту сапасын арттыруға арналған «Ustazga AI» бірегей жобасы аясында «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» оқыту курсы іске қосылды.
Осыған орай, отандық ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеріп, оларды озық технологиялармен қаруландырып жатқан «Ustazga AI» жобасының авторы, Bugin Holding компаниясының директоры Айбек Нұрланұлы еліміздегі цифрлық саясаттың бағыттары мен білім саласына арналған инновациялық шешімдер туралы өз пікірін білдірді. Сұхбат барысында ол жобаның мазмұны мен оның стратегиялық маңыздылығына жан-жақты тоқталып өтті, – деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Түпқараған аудандық білім бөлімінің әлеуметті желідегі парақшасынан
1. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған цифрлық трансформацияны ұстаздар қауымынан бастау - білім беру жүйесінің болашағын айқындайтын стратегиялық маңызы жоғары қадам. «Ustazga AI» жобасының негізгі мақсаты педагогтардың жұмыс жүктемесін азайту, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту екенін ескерсек, ЖИ құралдарын енгізу арқылы оқыту курстарында нақты қандай бағыттар, әдіс-тәсілдер қарастырылған?
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Цифрландыру мен жасанды интеллект жылында оны дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы бағытты негізге ала отырып, біздің тараптан және Оқу-ағарту министрлігі, «AMANAT» партиясы бірлесіп, мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған арнайы курс әзірледік. Курс аясында педагогтарға оқушылардың жұмысын тексеру, есеп беру, ата-аналармен байланыс орнату және тәрбие жұмыстарын жоспарлау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары үйретілді. Бұл бастама ұстаздардың уақытын үнемдеп, шығармашылықпен, кәсіби біліктіліктерін жетілдірумен айналысуына мүмкіндік береді.
2. Қазіргі білім беру парадигмасы ақпаратты жаттаудан оны талдауға (PISA стандарттары) көшіп жатыр. Мұғалімдердің ЖИ-ді қолдануы оқушылардың сыни ойлау қабілетіне қалай әсер етеді?
Бүгінде PISA стандарттары білім сапасын бағалаудың әлемдік стандартына айналды. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауы мен функционалды сауаттылығын дамытуда да жасанды интеллекттің рөлі артып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан біз үй тапсырмасының форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет. Ендігі кезекте мұғалімдер оқушыға ақпаратты жай ғана конспектілеуді емес, сол ақпаратты терең талдауды үй жұмысы ретінде беруі тиіс. XXI ғасырда жасанды интеллектіні меңгеру және деректерді сараптау, терең анализ жасау - ең маңызды дағдылардың бірі. ЖИ-ді тиімді қолданатын оқушыға оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсыну арқылы біз функционалды сауаттылықты жаңа деңгейге көтере аламыз.
3. Жаңа технология шеңберінде мұғалімге қосымша міндет емес, нақты көмекші болуы үшін ұсынылып отырған ЖИ шешімдері «Күнделік» немесе ҰБДҚ сияқты мемлекеттік жүйелермен интеграциялана ма? Мұғалім деректерді бір жүйеден екіншісіне қолмен көшіріп, уақытын екі есе жоғалтпауы үшін қандай техникалық шешімдер қарастырылған?
Қазіргі уақытта біз Мемлекеттік Техникалық Қызметпен бірлесе отырып, ақпараттық қауіпсіздік бойынша кешенді тексеруден өтудеміз. Бұның өзі қолданыстағы жүйені жаңғыртып, ҰБДҚ және «Күнделік» сияқты мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толық интеграция жасауға жол ашады. Біздің мақсатымыз мұғалімдердің жұмысын жеңілдету болғандықтан, интеграция нәтижесінде педагогтар әр оқушының үлгерім көрсеткіштері мен алған балдарына негізделген жекелеген тапсырмаларды автоматты түрде дайындау мүмкіндігіне ие болады.
4. Оқушылардың ЖИ-ді «Дайын үй тапсырмасы» үшін пайдалану қаупі бар екені жасырын емес. «Ustazga AI» жобасы аясында мұғалімдерге оқушылар арасында «ЖИ этикасын» қалыптастыру бойынша қандай нұсқаулар беріледі? Біз технология арқылы оқушының білімге деген ынтасын жоғалтып алмай, керісінше оны академиялық адалдық аясында жаңаша ізденіске қалай бағыттаймыз?
Жасанды интеллектті білім беру саласында қолданудың этикалық негіздері Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан әзірленген болатын. Біздің оқу бағдарламамызда осы стандарттарға негізделген арнайы этикалық модуль қарастырылған. Онда мұғалімдерге ЖИ құралдарын академиялық адалдық шеңберінен шықпай, тиімді пайдалану жолдары нақты түсіндірілген. Осы этикалық нормаларды сақтай отырып, ұстаздар ЖИ-ді сабақ үдерісіне интеграциялап, оқу үдерісінің тиімділігін арттырып, білім алушылардың танымдық белсенділігін жоғарылатуға, пәнге деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
5. Педагогикалық хакатонға қатысатын үздік 400 мұғалімді іріктеу критерийлері қандай? Мұнда тек онлайн тест нәтижесі ескеріле ме, әлде мұғалімнің өз тәжірибесінде ЖИ-ді қолдану деңгейі де бағалана ма?
Хакатон қатысушыларын іріктеу үшін арнайы ереже бекітілді. Ережеге сәйкес, жобаларға қойылатын негізгі талап – жобаның практикалық құндылығы мен педагогтардың күнделікті қызметінде тиімді қолданылуы. Бүгінгі таңда байқауға 3000-нан астам жоба тапсырылды. Бұл жобаларды біздің жасанды интеллект негізіндегі сараптамалық құралымыз бағалап, нәтижесінде ең үздік 400 жобаны келесі кезеңге іріктеп алады.
6. «Мектепке арналған ЖИ шешімі» тақырыбында жобаларын үздік қорғаған 20 ұстазға тағылымдама үшін неге нақты Оңтүстік Корея таңдалды? Ол жақтағы білім беру жүйесінің біздің қазақстандық стандарттарға сәйкес келетін ең басты ерекшелігі неде?
Оңтүстік Корея – білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуде әлемдік көшбасшылардың бірі. Осы орайда біз оңтүстіккореялық серіктестермен стратегиялық келіссөздер жүргізіп, өзара келісімге қол жеткіздік. Осы серіктестік аясында маусым айында хакатон жеңімпаздары болып танылған үздік ұстаздарымызды Оңтүстік Кореяға іс-сапарға апаруды жоспарлап отырмыз. Бұл сапар мұғалімдерімізге алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені меңгеріп, оны отандық білім беру жүйесіне бейімдеуге мүмкіндік береді.
7. Жоба аяқталғаннан кейін мұғалімдердің ЖИ құралдарын пайдалану белсенділігіне мониторинг жүргізіле ме?
Қазіргі таңда ЖИ құралдарын пайдалану бойынша міндетті мониторинг жүргізілмесе де, педагогтар тарапынан бұл технологияларға деген қызығушылық өте жоғары. Мұғалімдер жасанды интеллектінің нақты тиімділігін, пайдасын түсінгеннен кейін, оны белсенді түрде жұмыс процесіне енгізуде. Бізде қазіргі таңда 100 мыңнан астам мүғалім ай сайын осы құралдарды қолданып, күнделікті өмірінде рутиналық жұмыстарды шешу үшін нақты пайдаланып жатқанын көріп отырмыз.
8. Бұл бастама алдағы уақытта мектеп оқулықтарына немесе оқу бағдарламаларына ЖИ-ді пайдалану әдістемесін енгізуге негіз бола ала ма?
Біздің бұл бастамамыз болашақта мектеп бағдарламалары мен оқу әдістемелік құралдарын жаңартуға негіз бола алады. Дегенмен, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Ең алдымен, жасанды интеллектті қолданудың нақты мемлекеттік стандарттарын бекітіп, құқықтық-әдістемелік базасын қалыптастыру қажет. Бұл қадам цифрлық технологияларды білім беру мазмұнына жүйелі түрде интеграциялауға мүмкіндік береді.