ҚОҒАМ
Атырау облысы, Индер ауданындағы Тұздыкөлден ас тұзын ашық әдіспен өндіруге экологиялық рұқсат алу мақсатында өткізілген қоғамдық тыңдау шиеленісті жағдайда өтіп, қызу пікірталасқа ұласты, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Azh.kz
«АралТұз» АҚ мен «АралСода» ЖШС ұсынған жоспар бойынша, 2026 жылдан 2037 жылға дейінгі он жылдық кезеңде 10 мың гектар алқаптан жылына 37 мың тонна тұз өндірілмек. Ұсынылған жоспар бойынша, өндіріс маусымдық сипатта (сәуір-қараша) жүргізілгенімен, экологиялық есептеулер көңіл көншітпейді. Ауаға таралатын натрий хлориді, азот оксидтері мен иіс газының көлемі жылына 136 тоннадан асуы мүмкін.
Жобаның экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында компания 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Дегенмен, аймақта теміржол инфрақұрылымының жоқтығы өндіріс логистикасына айтарлықтай салмақ жүктемек. Жоспар бойынша өндірілген өнім мен қажетті су ресурстары толығымен автокөлік арқылы тасымалданады, бұл жол қатынасына түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.
«Біз санитарлық-қорғау аймағын 500 метр деп белгіледік. Кентке дейінгі қашықтықты ескерсек, қауіп жоқ. Шығарындылар мен топырақ күйін бақылау үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. «Қазгидромет» деректері бойынша, жел негізінен шығыстан батысқа қарай соғады, ал кент солтүстік-батыста орналасқан», - деді тәуелсіз эколог Дәулет Асанов.
Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес, Индер көлінің ресурстық базасы 1,2 млн тонна деңгейінде бағаланған. Он жылдық стратегия аясында оның 375 мың тоннасын өндіру жоспарланып отыр. Алғашқы кезең пилоттық режимде іске асырылып, негізгі назар шиізатты сараптауға аударылады. Өндірістік қуаттылықты арттыру, атап айтқанда зауыт немесе фабрика кешендерін тұрғызу мәселесі жобаның келесі даму сатыларында қарастырылатын болады.
Қоғамдық тыңдау барысындағы басты дау көлдің құқықтық мәртебесіне келіп тірелді. Бұған дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізімінде болған Индер Тұздыкөлі 2024 жылдың қарашасында Үкімет қаулысымен бұл санаттан күтпеген жерден шығарылған. Экологиялық белсенді Есенбай Нұров бұл шешімнің ашықтығына күмән келтіріп, лицензия алу процесінің заңдылығын сұрақ астына алды. Оның пайымдауынша, халықтың шынайы пікірі ескерілмеген. Қазіргі таңда бұл істің ақ-қарасын анықтау үшін прокуратура органдары арнайы тексеріс жүргізуде.
Аудандық аурухана директоры Анар Досбаеваның пікірінше, өндіріс барысында ауаға тарайтын тұз шаңы аймақтағы демографиялық жағдайға кері әсерін тигізуі мүмкін. Дәрігер бүгінгі таңда өңірде гипертония мен жүрек-қан тамырлары ауруларының белең алып тұрғанын, ал атмосфераның тұзды қоспалармен ластануы бұл дерттерді одан ары ушықтырып, тұрғындардың денсаулығын күрт нашарлататынын ашық мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығының тұралауы тек денсаулық емес, жердің құнары да үлкен сұрақ астында тұр. Қоғамдық тыңдау барысында Бөдене ауылының тұрғыны Байжан Шынғазиев маңайдағы жайылымдардың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазірдің өзінде желмен ұшқан тұзды топырақ ондаған шақырымға тарап, құнарлы жерлерді сорға айналдырып жатыр. Шөп шықпай қалған жайылымдар мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреп, өңірдің ауыл шаруашылығын тоқырауға ұшыратуы мүмкін.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61