ТЕХНОЛОГИЯ
Германияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан күн энергетикасы саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық көрме — Intersolar Europe 2026 аясында С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Қытайдың жаңартылатын энергия көздері саласындағы жетекші технологиялық алпауыты Shanghai Aiko Solar Energy Company Limited (AIKO) меморандумға ресми түрде қол қойды. Бұл стратегиялық келісім аймақтағы «жасыл» энергетиканы дамытуға, озық технологиялар трансферін іске асыруға және күн энергетикасы саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыра отырып, жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және озық технологиялар трансфері салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді. Келісім аясында Utebayev University-дің жаңа кампусы базасында озық инновациялық шешімдерді енгізуге арналған бірлескен ғылыми-білім беру және технологиялық алаң ретінде қызмет ететін, көміртексіз «ақылды» ауыл шаруашылығының бірегей «AIKO-AOGU Zero-Carbon Smart Agriculture Demonstration Park» демонстрациялық паркін құру жоспарланып отыр.
Атырау облысының қуаң континенттік климаты мен су қорының шектеулілігі жағдайында бұл кешен баламалы энергетика, цифрлық технологиялар және инновациялық агроөндірісті бір жүйеге тоғыстыратын бірегей технологиялық алаңға айналмақ. Болашақ парктің базасында күн энергетикасы, жасанды интеллект, ресурстарды цифрлық басқару мен су үнемдеу технологиялары, сондай-ақ автоматтандырылған ауыл шаруашылығы шешімдері кеңінен қолданылып, олардың тәжірибелік тиімділігі көрсетіледі. Сонымен қатар жоба аясында өңірдегі тұрақты өндірістің қосымша бағыты ретінде аквамәдениет саласын дамыту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
– Алғашқы кезеңде күн энергиясымен жұмыс істейтін жылыжайлар мен демонстрациялық ауыл шаруашылығы алқаптарын құру жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ интеллектуалды суару және фертигация жүйелері, суды қайта пайдалану инфрақұрылымы, күн электр станциялары мен энергия сақтау жүйелері, цифрлық басқару және мониторинг платформалары іске қосылады. Бұған қоса AIKO-AOGU бірлескен көрме, оқу және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады, – деп атап өтті университет ректоры Гүлзада Шакуликова.
Бұл ауқымды жоба ең алдымен университеттің ғалымдары мен студенттері үшін халықаралық зерттеулерге қатысуға, нысандардың цифрлық егіздерін жасауға, жасыл сутегі мен заманауи экологиялық трендтерді тәжірибеде қолдануға зор мүмкіндіктер береді. Бұл бастама С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жасыл технологияларды дамыту мен цифрлық трансформацияны дамытудағы көшбасшылығын дәлелдей отырып, Атырау қаласын Орталық Азиядағы жаңа энергетика мен тұрақты даму саласындағы жетекші инновациялық хабқа айналдыру бағытындағы стратегиялық ұстанымын айқындайды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61