ДЕНСАУЛЫҚ
Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) саласындағы ірі заңбұзушылықтарды анықтады. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, шамамен 140 мың азамат атынан медициналық мекемелерге заңсыз тіркеу жүргізілген. Салдарынан іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін мемлекет бюджетінен заңсыз түрде қаржы төленіп келгені анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Ашық дереккөз
Қазiргi уақытта аталған заңбұзушылықтар бойынша 36 қылмыстық іс тергелуде. Алдын ала жүргізілген есептеулерге сәйкес, мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асып жығылады.
«Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында МӘМС аясында бөлінген қаражаттың іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылғаны анықталды», делінген хабарламада.
Тексеру барысында анықталғандай, аталған кәсіпкерлер мен медициналық мекеме арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған. Банк реквизиттері тек қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолданылған. Мемлекетке 501 млн теңгеден астам залал келтірген екі тұлға ұсталды.
Бұдан бөлек, Астана қаласында «Forte Clinic» ЖШС басшысы МӘМС қорының қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға сотталды. Ал азаматтарды жалған тіркеу өтінімдерін мақұлдаған Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының қызметкеріне 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тергеу амалдары барысында аталған клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені белгілі болды. Бұдан бөлек, «DamuMed» ақпараттық жүйесі арқылы іс жүзінде көрсетілмеген, жалпы құны 79 миллион теңгені құрайтын медициналық қызметтер рәсімделгені анықталды.
Сонымен қатар Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысына қатысты сот үкімі шықты. Стоматологиялық қызмет көрсету барысында алаяқтық жасағаны үшін ол мүлкі тәркіленіп, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
«Тексеру барысында пациенттерге нақты медициналық қызмет көрсетілмегені белгілі болды. Ал жалған құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің жазбалары мен кәмелетке толмағандардың жеке деректері пайдаланылған. Соның салдарынан 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі тіркеліп, мемлекетке 66 млн теңге шығын келген», делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС жүйесіндегі заңсыз қаржы айналымы схемаларын әшкерелеу және бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытындағы кешенді жұмыстардың жалғасып жатқанын хабарлады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61