Саясат
Ойлаудың өзі қорқынышты
Білмеймін, Құдай ақырын берсін. Нұртілеу Иманғалиұлы айтқанындай, "Бай-қуатты болайық" деп барлығымыз жүрміз. Бірақ, батып барамыз, батып барамыз.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы бір сөзінде: «Өкімет өлтірмейді» дегенді қою керек. Ол заман өтті» деген еді. Сондықтан болар, өткен жыл «жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды. «Қара халықтың қолы аузына жетсін. Тірлік етсін, қамдансын» дегені де. Жөн-ақ. Әйтпесе, соқыр тиын ұстаса көкірегіне нан пісе кететін кедей байғұстың күні қашан да қараң. Шынында, қазақ бай болуға кежегесін кейін тартып, көткеншектеп жатыр дей алмайсыз.
Ұлт жалқау емес. Бірақ, біздің тынымсыз тыраштануымыздың өзі құр аш қалуымызға әкеліп соқтыруға жақын. Басында несиесі жоқ отбасын білесіз бе, олардың саны көп пе? Статистика емес, қазақы мысал бұл. Бізде банкпен «байланысы» жоқ адам аз деп айтуға болады. Нені болмасын несиеге алып жүрген, «кім?» деген сұраққа жауап беретіндердің саналы түрде жасаған ісі – осы. Банкке бар болған соң берешегі, бұлыңғыр баз біреудің келешегі. Қарыз төлеп күн өткізіп жүрген қаймана қазақтың, қазақстандықтардың саны қанша екен? Мұны білмедік, біздің білгеніміз қазақстандықтар банктерге жалпы сомасы 6 триллион (2018 жылғы мәлімет) теңгедей қарыз көрінеді. Бұл туралы tengrinews.kz порталы Ranking.kz зерттеуіне сүйеніп ақпарат таратты.
Жеке тұлғалардың несие бойынша жиынтық қарызы 2018 жылдың маусым айының аяғында 5,6 триллион теңгені құраған. Бұл өткен айға қарағанда 2,3 пайызға жоғары. Сарапшылардың мәліметінше, бөлшек қарыздардың жартысынан астамы – салық салынбайтын несиелер. Олардың үлесі бір айда 51,3 пайыздан 51,7-ге дейін өскен.
Бөлшек несие беру құрылымы бойынша онлайн-компаниялардың үлесі маусым бойынша 2 пайызды ғана құрады, бұл – ағымдағы жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы ең жоғарғы көрсеткіш наурызда (4,1 пайыз) байқалған. Жалпы, онлайн-компаниялар ғаламтор арқылы жедел түрде қарыз алу үлгісін ұсынады. Кіші пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыздан 1 пайызға дейін түрленеді. Қарыз беру уақыты – 1 айға дейін (30-31 күн).Ең азы – 21,көбі – 365күн.
Ел ішінде «қарызға белшесінен батқан» деген тіркес бар. Қарызды басқа деп алып, батуды тура мағынасында елестетіп көріңізші. «Тәуекел, белуардан келсе де, тыныстауға, қол сермеуге, көмек сұрауға мүмкіндік қарастырылған» дерсіз. Ал, біз батып барамыз, батып барамыз. Ойлаудың өзі қорқынышты...