ҚОҒАМ
Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылда экономиканың жыл сайын 5%-дан жоғары өсуін күтеді. Ал халықаралық қаржы ұйымдары ел экономикасының өсімін біршама төмен деңгейде болжайды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фото: Жасанды интеллект
Қазақстан экономикасының алдағы жылдардағы өсіміне қатысты болжамдар жаңарды. Үкімет 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі жылына орта есеппен 5%-дан жоғары болады деп күтеді. Бұл кезеңде экономиканың негізгі серпінін мұнайға тәуелді емес салалар беруі тиіс.
2025 жылы Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 6,2%-ды құрады. Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2026 жылы бұл көрсеткіш 4,4%-ға дейін баяулауы мүмкін. Қор 2027 жылы өсім 4,2%, ал 2028 жылы 3% деңгейінде болады деп болжап отыр. 2030 жылға қарай өсімнің 3,4% шамасында қалыптасуы күтіледі.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы кезеңде мұнайдан тыс экономика маңызды рөл атқарады. Оның өсімі 2026 жылы 4,6%, 2027 жылы 4,2% болады деп болжанған. Сонымен қатар мұнай өндірісінің динамикасы мен экспорттық тәуекелдер экономикалық көрсеткіштерге әсер етуі мүмкін.
Дүниежүзілік банк те Қазақстан экономикасының өсімі біртіндеп баяулайтынын күтеді. Банк 2026 жылғы өсімді 4,6% деп бағалап, экономика 2028 жылға қарай шамамен 3,5% деңгейіндегі әлеуетті өсімге жақындайды деп санайды.
Үкіметтің болжамы бұдан жоғары. 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп көрсетілген. Номиналды ЖІӨ 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтіледі.
Өсімнің негізгі драйверлерінің қатарында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика, сауда және ауыл шаруашылығы бар. Үкімет мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия және тамақ өндірісі маңызды бағыттарға айналады.
Құрылыс саласының өсімі 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жетуі мүмкін. Көлік пен қоймалау қызметтерінің орташа жылдық өсімі 10,4%, ақпарат және байланыс саласында 9,2%, саудада 5,7% деңгейінде болжанып отыр.
Сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың болжамдары арасындағы айырмашылық Қазақстан экономикасының алдағы жылдардағы бағытына қатысты түрлі сценарий бар екенін көрсетеді. Үкімет жоғары өсімді инвестициялық жобалар мен шикізаттық емес секторларды дамыту арқылы қамтамасыз етуді көздесе, халықаралық ұйымдар мұнай өндірісінің тұрақтануы, инфляция және сыртқы экономикалық тәуекелдерді ескере отырып, неғұрлым сақ болжам жасап отыр.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61