Weekend

Ойыншық машина

Өмірде болған оқиға

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өткенді ойласам өзегім өртенеді. Неге? Уақытында қадіріңді білмедім. Неге? Біз қолымыздан ұшырғанда бір-ақ қадірін білеміз. 
Сансыз ойларға беріліп жүрегі қарыс айырылған Бектас жанындағы үлкен бір тасқа отырып, ауыр күрсінді. Аспанда мұңайғандай бұлттар жиналып, қара қошқылданып, күн жауарға айналды. Бүгінгі ауарайы бұзылатынын сезген құстар балапандарына азық табу үшін жан ұшыра аспанда қалқып ұшып жүр. 
Құс екеш құста тапқанын баласының ауызына тосады. Өзі аш қалса да бауыр еті балапандарын ойлайды. 
Қара тастардың жанындағы ойыншық машинаға телміріп отырған Бектас ойдың түпсіз тұңғиығына батты. 
Шілденің шіліңгір ыстығында күн ұясынан көтеріліп, ауылдың күйкі тіршілігі басталды. Бектаста оянды. Орнынан тұрып, терезеден сыртқа көз тастады. Сыртта алыстағы тауларға қарап мұңайып тұрды. Мұңаюуының себебі де жоқ емес. Бүгін түсінде, үйде үлкен қуаныш болып жатқанын көріп, сосын қиыншлықтарға тап болғаны, дүкендегі ойыншықты көріп бір қараса қабір басында отырған өзін көріп осы бір түсінен шошып оянып, бұл түсін жақсылыққа жорығысы келсе де жүрегі бір түрлі жамандықты сезіп, «түс түлкінің боғы» деген бұл жай ғана қатты шаршағаннан болатын қияли түсқой – деп өзін жұбатқандай болды. Бірақ осы түсі көкейінен кетпеді. 
Ас үйдің есігін ашып, ішіне кірді. Тып тыныш. Қыздары ұйықтап жатыр. Әйелі Зейнегүл болғанда бұл уақытта ыстық тамағымен, тәтті-мәттісімен таңғы асы дайын болып тұрар еді. Зейнегүл айы күні жақындап қалғандықтан ауруханаға жатқызған. Бектас қыздарын ұйқысынан оятпайын деп таңғы асын өзі әзірлей бастады. 
– Әке тамақ жасап берейін бе? – деген кенже қызы Маржанның дауысынан Бектас селк ете қалды. Маржан келер күзде үшінші сыныпқа барады. Өзі әлі кішкентай болса да әкесіне өте қамқор. Әкесі қызына риза болған пішінмен ұйықтайғой қызым мен өзім ақ жасап іше беремғой деп қызын мейірлене иіскеді.
– Әке ұйқым келмеді менде шай ішейінші деп әкесімен таңғы асты бірге отырып ішті. Бектас дорбасына азын аулақ азықтарын салып жатып, қызына:
– Қызым мен шөпке кеттім. Егер анаңнан бір жақсы жаңалық болып жатса көрші Жексеннің баласынан маған айтып жібер. Мен кеттім күн батар уақытта келем, – деп Бектас сыртқа шығып, атына мініп, тақымына шалғысын қыстырып тауға беттеді. 
Жолда келе жатып әр нәрсені бір ойлап келе жатты. Бірақ бір ойдың түпсіз тұңғиығына түсті. Осы екі қызымнан кейін әйелім ұл емес тағы қыз туса не істеймін? Сонда менің артымда ұрпағым қалмай ма? Әй, бірақ Құдай да мен секілді елден жақсылығын аямайтын адамды ұлсыз қалдырмас деп өзін өзі жұбатып шабындыққада жетті. Атының ертоқымын алып, қазық қағып атты тұсаулап қойды да өзі шалғысын алып, жантайып жатып шалғысын шыңдай бастады. 
Тауда жасыл желекке оранып, гүлдер табиғатқа өзіндік көрік беріп құлпыртып тұр. Жерде жыбырлаған жәндіктен, ұшқан құстарға дейін тыным таппай еңбектеніп өз азықтарын табу үстінде. Бектас секілді ауылд адамдары да тынымсыз шөптерін шауып, жинап жатыр. 
Бектас шалғысын шыңдап болғасын, шөп шабауға кірісті. Басы сәл иілген шалғының жүзі тиген балғын шөптер жерге құлап түсіп жатты. Адам жаны қиналмайтын жұмыс істегенде көбіне көп ойға берілгенде жақсы көредіғой. Сол секілді Бектаста балаларының болашағын бір ойлап, бір жағынан әйелін ойлап, қалаға көшудіде ойынан таса қалдырмады. Көрші Бақытжан осыдан он жылдай бұрын көшіп кеткен. Ал қазір қалада үйі бар балаларын оқудан кейін түрлі үйірмелерге қатыстырады. Ал мен ауылда сол баяғы бітпейтін жылда қайталанатын қу тіршілікпен өмірімнің өтіп жатқанына мәзбін. Өзімді ойламасамда балаларымның болашағы үшін қалаға көшу керек. Бірақ қашан көшем? Уақыт көрсете жатар...
Алаңсыз шөбін шауып болғасын, түскі асын ішпек болып, дорбасынан нан, майын шығарып, дәм тата бастады. Қолына шайын алып іше бергені сол еді алыстан мен мұндалап көрінген адамға көзі түсті. Атпен біреу шауып келе жатқан секілді көрінді. Ішкелі жатқан шайын қоя беріп «я Алла жаман хабардан сақтай гөр» деп дауысын сәл бәсеңдетіп орынан түрегелді. Шауып келе жатқан адам басқа бағытқа баратын шығар деп ойласа ол келе жатқан адам осы Бектасқа қарай бет алып келе жатыр екен. Бектас қобалжи бастады. Жанына атты адам жақындағасын барып, көңілі орнына түсе бастағандай болды. Қараса, Жексеннің баласы екен. Аттан түсіп:
– Ассалаумағалейкум аға! – деп көтеріңкі дауыспен амандасып Бектастың оған жауап қайтарғанын күтпестен 
– Аға сүйінші! Сүйінші! Не бересіз аға? – деп жүзі күлімдеп, жақсы жаңалығын айтуға асығып Бектасқа қарады. Бектас ойланбастан, 
– Айналайын қалағаныңды ал. Астымдағы атымды сұрасаңда берейін бірақ сол жақсы жаңалығыңды айтшы. Менің жүрегім жарылып кетпей тұрғанда деп жаңалықты естуге асықты. 
Бала сәл кідіріп барып, аға жеңгеміз ұл босанды, енді сүйіншіге сіздегі екі ай бұрыңғы бәйгеге қатысқан торы атты алсам бола ма?  – деп Бектасқа қарады. 
Қуаныштан ауызына сөз түспей қалған Бектас қуанғаннан басын изей берді. Бала мәз болып, атына қонды да ауылға ұйытқый жөнелді. Ал Бектас өң мен түсін ажырата алмай отыра кетті. 
Дауысын шығарса біреу естіп қоятындай ішінен «Я, Аллам мыңда бір рақмет. Көптен бергі тілегімді орындағныңа. Құдайға шүкір» деп көк аспанға қарап отырғанда көзінен ыстық жастар келіп тірелді. Бірақ жасын тыйып тамақтарын дорбасына салып, атын ерттеп шалғысын алып ауылға аяңдады. 
Үйге кіріп аттан түсе бергені сол еді арғы жақтан қыздары жүгіріп келіп:
– Әке біздің енді ініміз болады. Естідіңіз бе? – деп құшақтай алды. Бектас:
– Иә әрине естідім. Енді сендердің інілерің болады. Иә інілерің болады деген соңғы сөзін ішінен айтып қыздарын маңдайларынан сүйді.
Көп ұзамай Зейнегүлде келді. Үйде үлкен қуаныш болып жатты. Бұрыңғы үйде суый бастаған қуаныш, махаббаттың оты қайтадан тұтана бастады. Оған себеп әрине осы бала. «Балалы үй базар» деп бабамыз тегін айтпапты ғой. Қызда қуаныш бірақ баланың орны бөлек болады екен ғой. Маған енді байлығы да, басқасы да қажет емес деп Бектас бесіктегі баласын қолына алып шекесінен иіскеп жатып.
Бектас бұрыңғыдай ойға батып жүрмейтін болды. Жеті ай өткесін баланың тәтті қылықтары шығып, бұлар баланың қылықтарына тоймай күнде қызықтарын айтудан жалықпады. Бектас қанша жерден шаршап келгенімен баласының қылығын көрген сәтте барлық шаршағанын ұмытып кететін. Тоғыз ай өтіп былдырлап жүрген бала алғаш рет әке, ана дегенді айтқанда Бектас пен Зейнегүлден асқан бақытты жандар болған жоқ. Бектас үйіне келгеннен барлық уқытын баласына арнайтын болды. Баяғыша баласы бар достарына қызықпайтын болды. Енді осы балама басқалар секілді қалағанын әперетін боламын. 
Баланың атын бұл үйге бақыт сыйлағандықтан ырымдап Бақыт қойған еді. Бақыт бір жасқа толғанда дүркіретіп тұсау кесер тойын өткізді. Бектаспен Зейнегүлдің үйлеріне бала келгенімен бақыт, береке, байлықта бірге келгендей болды. Зейнегүлде ауылындағы мектепке мұғалім болып кірген. Екеуі жұмыста болғанда екі қызы інілерін бағып, тамағын беріп отырады. Екеуі жұмыстан келіп, кешкі асқа отырғанда да баласының былдырлаған тәтті тіліне бұлар қызықтап одан әрі сөйлете бергісі келіп, күндерді өткізді. Арада осындай бақытты күндермен үш жылды да артқа тастады. 
Кешкі малдарын қамап, үйге кірген әкесіне кіші қызы қолындағы билетті көрсетіп, 
– Әке тойға баратын болдық. Қалаға. Барамызғой иә. иә деші – деп қызы барғысы келіп. Әкесі түсінбей әйеліне қарап, 
– Сенің ініңнің аяғына тұсау салынды де- деп суретке қарап күлді. Зейнегүлде мұның сөзін қоштағандай 
– Иә енді қашанғы жүре бермек. Осы жұма жасайды екен. Сондықтан бізге ертең шығуымыз керек қалаға. Сен ертеңге машина тапшы деді жалынышты үнмен Бектасқа. Ол баласын қолына алып, ойната жатып: – Жарайды, – деді. 
Таңмен таласа тұрып, барлығы қалаға шықты. Бектас пен Зейнегүлге қарағанда екі қызы мәз. Қалаға баратын болғанына, қыдыратынын, туысқандарының қыздарымен ойнайтын көздеріне елестетіп одан бетер қуана түсті. Бұл уақытта үш жасқа толған Бақыттың сөздері анық шыға бастаған. Бұлар мінген автокөлікте бесін уақытына қарай қалаға келіп жетті. Қалаға келіп, автокөліктен үскенде Бектастың қалаға көшем деген ойы осы арада өзгеріп, ішінен «мына алып шаһарда өмір сүруде қиын секілдіғой, онанда ауылым жақсы екенғой» деп әпкесінің үйіне автобусқа отырды. Әпкесінің үйіне жайғасып, ертеңгі тойға дайындалды. Келесі күн басталып, екі қызын баласын ертіп тойға барды. Той тойлап әйелінің жалғыз інісіне деп ақшаны аямады. Бектас «бұл тойда шашылсам кейін бұлар менің баламның тойында қайтарадығой» деп ақшаға сараңдық жасамады. Тойын өткізіп болғасын таңға жуық ауылға қайтуға автобекетке келді. Әйелі қыздарын ертіп:
– Қазір әпкең екеуміз машина тауып келеміз сен баланы қарай тұршы, – деп әйелі қыздарын ертіп Бектастың әпкесімен ере жөнелді.
Бектас баласын қолынан жетектеп, әйелі машина тауып келгенше уақыт өткізбек ниетімен сол маңға жақын жердегі базарға кірді. Кірген бетте самсаған ойыншықтар, көздің жауын алатын қонжықтар не іздесең барлығы бар. Екеуі өтіп бара жатып ойыншық машиналар сатып тұрған апаның қасына сәл кідірді. Баласы Бақыт:
– Үлкенірек машинаны көрсетіп, әке ана бір машинаны әперші. Мен сонымен ойнағым келеді, – деп әкесінің көзіне жәудірей қарады. Әкесі алып берейін десе ақшалары жолға жетерлік қана қалған. Әкесі баласына бір ойыншық машина алып бере алмағанына ашуланып, бір жағынан қалаға бұрынырақ көшіп келмегіне ашуы келді. Баласына күлімдей қарап, 
– Балам қазір ақшам болмай тұр. Кейінірек бұл машинаны міндетті түрде алып беремін жарайма – деді өзінің өтірік айтып тұрмағанына сендіргісі келгендей. Баласы басын изегенімен машинаға қимастықпен қараған күйі кете барды. 
Екеуі базардан шыға бере әйелімен қыздары күтіп тұрғанын көріп жандарына барды. Олар машина тауып келген екен. Барлығы мініп ауылға кете барды. 
Ауылға келгесін үш күннен кейін Бақыт қатты сырқаттанып қалды. Дене қызуы көтеріліп, түрі өзгеріп, сөйлеуден, күлуден қалды. Бектас, Зейнегүл қыздарында маза кетті. Ауылдың дәрігеріне көрсетіп еді, бірақ қай жері ауырғанын таппады. Дәрі беріп көріп еді басылмады. Әлсірей түскеннен, әлсірей берді. Көптен бергі бақыттың құсы ұшып, үйде ұрыс- керіс жиілей берді. Бақыт ауырып төрт күн жатты. Дәріден де, инеден де үміт болмағасын, Бектас қалаға алып баруға бел байлады. Қанша жерден жан ұшыра іздесе де «бүгін қалаға шығамыз» деген ешкім болмады. Қаламен ауылдың арасы үш жүздей шақырым. Сондықтан таксилерде жиі қатынай бермейді. Үйінің жанына келіп, «қалада тұрғанымдағой бірден жақсы ауруханаға қарататын едім. Ал енді міне қалаға бару мұң болдығой» – деп ашуға булығып, отырғанда үйден әйелінің жылаған дауысы естілді. Жүгіріп барған Бектас әйелінің төсектің жанында жылап отырағнын, төсекте баланың қозғалыссыз жатқанын көріп, бір орында тұрып қалды. Жүрегі қарс айырлып кетердей болып тұрған Бектас әйеліне келіп:
– Неге жылап отырсың жамандық шақырып, жылама деп айғайлады. Баламды ертең қалаға апарамын, ол жазылады. Сен неге жылайсың. Әйелі сөздерінің басын құрай алмай- 
– Баламм енді жо-о-о-оқ – деп өкіріп жылай жөнелді. Бектас ішінен түсім болса екен деп тіледі. Қалайша бақыттың осыншалықты қысқа болғаны ма? Неге? Мен ешкімге жамандық жасамадым? Неге деген сұрақтардан кейін Бектас жүгіріп барып, баласын құшағына қысып:
– Балам ертең қалаға апарамғой. Қаладағы үздік ауруханаға барамыз. Сен жазыласың. Сосын ауылға кетердегі базарға кіріп едікқой. Сол жердегі сен көрсеткен ойыншық машинаңды алып берем. Сен ауылға келіп, ойнайсың. Көзіңді ашшы балам деген сөздерінен үй күңіреніп кеткендей болды. Әйелі Бектастың айтқан сөздерінен онан бетер жүрегі ауызына тығылып, қыстығып жылай берді. 
Ертең қалаға шығамыз деп отырғанда кішкентай Бақыт бұл дүниемен қош айтысты. Он жыл күткен қуаныштары орындалып, алайда үш жыл ғана бақыт сыйлады. Ал баласы орталарынан кеткеннен кейін, бұрыңғы уайымы бектасты мүлдем құрт секілді жей бастады. Әйелі де күйеуінің солып бара жатқан жүзін көріп, қалаға көшуді жөн деп табады. Бектас көпке дейін келіспегенімен ауылда тұра берсе баласы көз алдына елестеп, өзіне одан бетер ауырлық түсетіні сезіп, амалсыз келісті. Осылайша бір жылдан кейін бұлар қалаға көшті. Көшіп кеткеннен кейін екі ай өткесін Бектас баласының қабіріне келіп, кезінде баласы сұраған ойыншық машинаны цементпен құйып жатып, 
– Балам кешірші. Мен секілді бір ойыншық алып бере алмаған әкеңді кешір. Тірі кезіңде алып бере алмадым. Бірақ қабіріңе осы ойыншықты қойдым. Кешір...