Саясат

Шетелдік мамандарға неге мәжбүрміз?

Шетелдік мамандарды шақырудағы басты мақстан қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы он жыл көлемінде Қазақстан білім беру процесінің жаңа формациясына аяқ басты. Білім беру бағыты заманауи талаптарға сай өзгерді. Осы тұста білімдегі жүйені түрлі жаңашылдықтар күтіп тұрды. Өзге елдердің тәжірибесін талдап, қажеттісін қалдырып, саланы түрлендіру жұмыстары жүргізіле бастады. Соның бірі – шетелдік мамандарды шақырту. Алғашында, көптің қолдауына ие болмаған білімдегі бұл бастама уақыт өте келе кең етек алды. Бастапқыда ерікті ретінде келген шетелдіктер тек ағылшын тілін дамытуды қолға алса, бүгінде корей, жапон, қытай, түрік тілдерінің мамандары елге ағылды. Кейіннен, ҚР Білім және ғылым министрлігі саланы дамыту үшін шетелдіктерді шақыртуды мемлекеттік бағдарламаға енгізді. Арна¬йылап қаржы да қарады. Содан бастап, сырттан келген мамандар тек жоғары оқу орындарына ғана емес, орта білім беру жүйесіне де дендеп енді.

Жасырып жабатыны жоқ, "ше­телдіктер" десе қоғамда қор­қы­ныштың бары анық. Бірі "мұ­хит асқан мұғалімдер ілім үйре­туде білімге жаңа бағыт әкеледі" дейді. Екінші топ кереғар пікірді ұстанады. "Шет елден шақырт­пай-ақ, өз ішімізден де мықтылар табылады" деген ойлар аз айты­лып жүрген жоқ. Қажеттілік қайдан бастау алды? Қазақстан­дағы шетелдік кадрлар білімді жаңа деңгейге көтере ала ма? Аталған сұрақтардың жауабын тарқату мақсатында тақырып аясында ізденіп көрдік. Қызыл­орда облысындағы шетелдік оқытушылармен кездесіп, ше­тел­діктердің қазақстандық бі­лім­ге деген көзқарасын білдік.

Алдымен, жоғары оқу орын­дарына тоқталайық. Белгілісі, ел қазынасының 40%-ы білімге бағытталады. Қаржы бар, демек қолдау да бар. Бөлінген қаржының бір бөлігі шетелдік кадрларды тартуға кетеді. Соңғы жылдардан бері жоғары оқу орындарын басқаруға шетелдік топ-менеджер тартыла бастады.

Сандармен сипаттайтын бол­сақ, 2016 жылы 115,2 млн теңге бөлініп, оған 11 шетелдік маман шақыртылған. Олар елі­міздегі 11 жоғары оқу орнында бі­лім береді. Ал, биыл 836,8 млн теңгеге 40 шетелдік маман тарту көзделген. 2018 жылы 981,5 млн теңге жос­парланған, аталған қаржы көлемі республикалық бюджеттік ко­миссия отырысының нәтиже­сінде нақтыланатын болады. Бұл ҚР Білім министрлігінің бізге берген мәліметі.

Шетелдік мамандарды шақыртудағы мақсат – білім саласының жаңа бағытын көтеру, саланың менедж­мент­тік даму динамикасын арт­тыру. Бұл дұрыс. Алайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің де­пу­таты Жәмила Нұрман­бе­това білімді дамытуға шетел­дік мұғалімдерді емес, "Бола­шақ" бағдарламасымен білім алып келген жастарды тарту тиімді деген еді.

– "Болашақ" бағдарламасы бойынша талай жас оқып келді. Неге соларды тартпас­қа. Бұл бір. Екіншіден, білім саласында жүрген жергілікті кадрлардың әлеуеті де жет­кілікті. Қазіргі шақыртылған шетелдік мамандар ректор­дың кеңесшісі не орталық басшысы ғана болып жүр. Яғни өзгерістер жасау үшін құзыреті аз. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау деп есептеймін. Министрлік жо­баны тағы бір қарап шыққаны дұрыс, – дейді Ж.Нұрман­бетова.

Депутаттың айтар ойына келісуге болады. Десе де, "Болашақ" арқылы білімін жетілдірген жастардың дені мұғалім болуды қаламайтын­дары анық көзге ұрып тұр.

Хош! Білімді басқаруға келген топ-менеджерлерден бөлек, елімізде жоғары оқу орындарына ерікті түрде са­бақ беріп жүрген шетелдік­тер аз емес. Республиканың әрбір аймағындағы мемлекеттік университеттерде дәріс бере­тін ерікті (волонтер) шетел азаматтарының бірімен әңгі­ме­лескенді жөн көрдік. Ай­мақтағы мемлекеттік оқу ор­нының бірі Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 3 шетелдік азамат студенттерге білім бере­ді. Соның бірі Кореядан келген Ан Су Ён. Кореялық ұстаз Қазақстан-Корея ара­сындағы байланысты арт­тыруға бағытталған келісім-шарт негізінде 2015 жылы Қы­зылордаға ат басын бұрған.

"Мақсатым – қазақ сту­дент­теріне корей тілін мең­гер­тіп қана қоймай, елдің мә­дениетін, салт-дәстүрін наси­хаттау",- дейді бізбен әңгі­ме­сінде. Шетелдік ұстаздан қа­зақ студенттерінің тілді мең­ге­­рудегі талпынысын сұра­дық.

Ан Су Ён, корей тілінің мұғалімі:

– Мен қазақ студенттеріне білім беруге келгенде қиындықтар болады деп ойладым. Алайда, бәрі де мен күткендей болмады. Қазақ балаларының тілге деген қызығу­шылығы алғашқы сабақтан байқалды. Мұның себебін Қазақстандағы жастардың тек ана тілін ғана емес, орыс тілін жетік меңгерумен байланыстыруға болады. Мұнан басқа, ағылшын тілін меңгеруге деген ұмтылысы ерек. Сол себепті корей тілін алып кету қиынға соқты деп айта алмаймын. Корей тілінің грамматикасы қазақ тілінің грамматикасына ұқсас. Негізінде, корей тілі жүйелі жұмысты қажет етеді. Күніне 3-4 сағат 2 жыл үзбей оқитын болсаңыз, тілді 80 пайыз меңгеруге болады. Бірақ көптеген сарапшылар корей тілін 8 сағат оқу қажеттігін баса айтады. Алайда стандартқа сай 4 сағат оқыту көзделген.

Ұстазбен сұхбаттасуға біз­ге шәкірті Лера есімді студент көмектесті. Ан Су Ён ұстаз­дан күнделікті сабақтың қа­лай өтетіндігін сұрадық. Оқу процесінде техникалық мүм­кіндіктерді пайдалануда қиын­­шылықтар болатынын жасырмады. Себебі сабақ тек лекция тұрғысынан ғана емес, түрлі форматта өтеді. Мұға­лім­ корей тілінің бола­шақ­тағы қа­жеттілігі турасында да ой бө­лісті.

– Алғашқы 10-15 минут жаңа тақырыпқа қатысты лекция оқылады, қалған уа­қытты практикалық бағытта ұйымдастырамын. Студенттер тілді меңгерудің жолын түрлі музыка, кинотуындылар ар­қылы үйренеді. Сабақты еркін жүргізу білім алушының қа­был­дауын тездетеді. Ал, корей тілінің болашағына келетін болсақ, көптеген деректерді алға тартуға болады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан-Қорея түрлі салаларда ынтамақты түрде жұмыс жүргізеді. Тілді меңгеріп шыққан жастар ме­дицина, агросектор сала­ла­рында еркін жұмыс жасай ала­ды. Дипломатиялық қа­рым-қатынас өз алдына. Нақ­ты мысал ретінде айтатын бол­сам, 3 шәкіртім қазір Кореяда білімін жалғастырып жатыр. Нәтижелі жұмыс жүргізу адам­ның өзіне байланысты, – дейді Ан Су Ён.

Шетелдік ұстазды сөзге тар­та отырып байқағанымыз, Қа­зақстанға келіп жұмыс жасаған оңтайлы, ең бастысы қолдаудың барын айтады. Ұстазға университет жаны­нан арнайы жатақхана бөлін­ген.

Әлгіндей айтып кеткені­міз­ден, қазірдің өзінде тек жо­ғары оқу орындарынан бө­лек ар­наулы мектептерде ше­телдік мұғалімдерге сұраныс жоғары. Қызылорда облыстық білім басқармасының ресми өкілі Сұлушаш Айдарбай­қы­зының мәліметіне иек артсақ, ай­мақта 293 жалпы білім бе­ретін мектептерде жараты­лыс­тану-математикалық ба­ғыт­тағы пәндерді ағылшын тілін­де оқыту бойынша ше­тел­дік 5 маман дәріс береді. Олар негізінен дарынды балаларға арналған облыстық "Білім инновациясы" лицей-интер­на­тында қызмет етеді. Атап айтқанда, №9 дарынды бала­ларға арналған облыстық "Білім инновациясы" лицей-интернатында 2 түрік азаматы, №10 дарынды балаларға арнал­ған облыстық "Білім иннова­циясы" лицей-интернатында 1 тү­рік азаматы және Арал ауда­нындағы №262 мектеп-гимна­зияда 2 түрік азаматы оқушы­лар­ға білім үйретеді.

Мәліметті алға тартып, "Бі­лім инновациясы" лицейіне та­бан тіредік. Түрік ұстаздар­дың бірімен сұхбаттасудың сәті түсті.

Омер Фарук, түрік тілінің мұғалімі:

– Біз "KATEV" халықаралық қоғамдық қорының арнайы келісім-шарты  н егізінде жұмыс жасаймыз. Қаржы мәселесі де осы ұйым арқылы реттеледі. Ұстаз ретінде бізге де талаптар қойылады. Жыл сайын екі мәрте арнайы сынақтан өтеміз. Талаптан шыға алмасақ, жұмысты жалғастыра алмаймыз. Баса айта кетерлігі, "KATEV" халықаралық қоғамдық қоры  тек ше­телдік азаматтарға ғана емес, қазақстандық мұғалімдердің шет елде жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Ағылшын тіліндегі IЕLTS сынағын бестік дәрежеде бітірсе, мүмкіндік бол.

Омер Фарук №9 дарынды балаларға арналған облыстық "Білім инновациясы" лицей-интернатында ұстаздық қыз­мет атқарады. Қазір дирек­тордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Жоғары білімді осы өңірден алған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінде білім ала жүріп, қазақ-түрік лице­йін­де тәрбиеші ретінде жұмыс­қа кіреді. Оқушыларға түрік тілінен беретін Омер Фарук Қазақстанда 12 жылдан бері тұрады. Қазақ тілін жетік мең­гергені сөз саптауынан айқын байқалады. Түрік ұстаздың білім беру саласына деген көз­қарасын сұрадық.

– Түркия мен Қазақстан арасында білім саласы бо­йынша серіктестік бұрыннан бар. Қазақстандық студенттер Түркияға, түрік студенттер Қазақстанға білім алуға мүм­кіндік алды. Осы процесс ар­қы­лы мен де Қызылордаға кел­ген жайым бар. Қазақ пен түрік бауырлас ел саналғандықтан, түрік тілін оқушыларға меңгер­ту аса қиындық тудырған жоқ. Десе де, біздің мектеп алдымен ана тілді, яғни қазақ тілін мең­гертуге күш салады. Түрік тілі тек факультатив негізінде оқы­тылады.

Омер Фарук түрік тілін оқы­ту деңгейі әр өңірде әртүрлі дей­ді. Қызылорда, Шымкент, Жам­был аймақтарында қазақ оқушылары түрік тілін тез мең­ге­ріп кететіндігін қаперге салды.

– Шетелдік азамат болсақ та, ҚР Білім және ғылым минист­рлігінің бекіткен қаулысы, тәр­бие жоспарына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Мұнан бөлек қо­сым­ша тәжірибемізден жаңа тәсілдерді үйретеміз. Өз басым, шетелдік азамат деп бөлінгім келмейді. Бауырлас елдер ре­тінде туыстық байланысымыз жыл­дан-жылға беки түседі. Ба­лам түрік азаматы болса да, қазақы салтты сақтап, балам­ның тұсауын кестім. Сол се­бепті қазақ жерінен көрген жақ­сылықты, адамгершілік қа­рым-қатынасты ұмытпаймын, – дейді ұстаз.

Білім саласында бұрыннан бері айтылып жүрген ағылшын тілін оқытудан айналып өте ал­маймыз. Үштұғырлы тіл саяса­ты­нан бастау алған жұмыстар, соңғы кездегі жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағыл­шын тілінде меңгерту тілдік сұра­ныстың қаншалықты қа­жет екенін аңғартады. Ха­лық­аралық қаты­нас тілі ретінде мойындалған тілді меңгеруде шетелдік азаматтардың да ықпалы бо­лады. Қызылор­да­дағы химия-биология бағы­тын­дағы Назар­баев зияткерлік мектебінде де бір­неше шетел­дік азаматтар бар. Оқушы­лардың ойлау дең­гейін арт­тыруға күш салатын мамандар арнайы щақыртумен келген. Бүгінде дербес білім беру орнында 11 шетелдік педагог еңбек етеді. 3 жылдан бері оқу­шыларға ағылшын тілін мең­гертіп жүрген Майкл Макфер­сонды әңгімеге тарт­тық.

Англиядан келген шетелдік оқытушы белгілі дәрежедегі келісім-шарт негізінде қызмет атқарады. Келісім 1 жылға жа­салады. Егер де оқытушы оқу­шының көңілінен шығып жат­са, маман оқу процесін жалғас­тыра алады. Майкл Макферсон да арнайы шақыртумен келген ұстаздың бірі. Қазірде ол Назар­­баев зияткерлік мектебі дирек­торының шетелдік орын­басары.

Майкл Макферсон, ағылшын тілінің мұғалімі:

– Оқушылардың ағылшын тілін меңгеруінде прогресс бар деп айта аламын. Екі жарым жыл ішінде қазақ оқушы­ларының қабілетін байқай ал­дым. Әрине, білімнің шы­ңына жете қойған жоқпыз, десе де оқушылармен берік қарым-қатынас орната алдық. Өзге елдердің балаларына қара­ғанда, қазақтың балала­рының ұмтылысы ерекше, жаңа бір тақырыпқа деген ізденушілігі, берілген уа­қытты бос өткізбей, тиімді жаңа дүниені алып қалуға деген талпыныстары мені қуантты. Мен Англияда дәріс беріп жүргенде оқушыларды ынталандыруға көп күш жұмсайтынмын. Тәжірибеме сүйене келе байқағаным, шетелдік оқушылар үй тапсырмасын орындауға құлықсыз, тіпті бермегенді қалайды, ал сіздерде бәрі басқаша екен. Сабақ аяқталар уақытта оқушылар үй тапсырмасын беруді талап етеді. Мұның өзі қабілеттің қарымын байқатады. Біз білім саласында қатып қалған стандарттарды жоюға жұмыс жасаймыз. Яғни белгілі бір шеңберде қалып қоймай, еркін ойлауға үйретеміз. Ағылшын тілін үйретудегі артықшылық осында.

Білімде "Үйрете жүріп үй­рену" деген қағида бар. Майкл Макферсон оқушыларға тілді үйрете жүріп, өзі де қазақ тілін меңгеріп алған.

Тіл сындырып алған шетел азаматы шәкірттері арқылы қазақтың "сәлеметсіз бе?", "қа­лайсың", "қайырлы күн", "біл­мей­мін" дегенді сөздерді мең­геріп алғанын айтып, ағынан жарылды.  Майкл мырзаға ше­телдіктерге деген ел ішінде ай­тылып жүрген "мұхит асып кел­гендердің бәрі бірдей мық­ты емес, елге тек әлсіздері ғана келеді" деген пікірдің барын айт­тық. Маман қысқа қайы­рып, мұның қате пікір екенін алға тартты. Десе де қоғамда қалып қойған көзқа­расты түбе­гейлі жою мүмкін емес.

Қазір жаппай жаратылыс­тану пәндерін ағылшын тілін­де оқытудың күмәнді тұстары бар. Әсіресе, орта мектеп­тердің бәрінің бірдей мүмкін­дігі бола бермейді. Тәжірибелі маманға "тілді оқытуды неден бастаған дұрыс?" деп сауал қойдық.

– Бәрі де басшылыққа бай­ланысты. Балаға жағдай жасау керек. Мен мектеп-лицей­лерде сабақ берген жоқпын. Мектептердің мүмкіндігін білмеймін. Әйткенмен, айта­ты­ным, біз бірден нәти­женің болғанын қалаймыз. Ол мүмкін емес нәрсе. Дамыған елдердің өзі де мұндай прак­ти­кадан өткен. Сондықтан да, жаңалықтан қорықпау қажет,- дейді Майкл Макферсон.

P.S. Қазақстандағы шетел­дік мұғалімдер мемлекеттік стандарт шеңберінде жұмыс жасайды. Алайда, ҚР Білім ту­ралы заңында арнайы ше­тел­дік педагогтардың қыз­метін рет­тейтін нормалар жоқ. Ше­тел­дік азаматтар бекітілген келісім негізінде жұмыс жүр­гізеді. Біздің сөз еткен шетел­дік мұғалім­деріміз алдыңғы қатарлы мемле­кеттерден кел­ген. Бір­жақты көзқарас қалып­таспас үшін шетелдік мұғалім­дердің тәлімін алған оқушы­лармен де жүздес­тік. Пікірлерін тыңдай оты­рып, қа­тып қалған қағидалардың өзге­ретінін бағамдадық. Қазақта "ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деген ұлағатты сөз бар. "Миға кірген ой шөңгеден де жаман" дегендей, мәселе сол ұс­­­та­нымда болып тұр. Тіл біл­ген, тіл ар­қылы өзгенің тұр­мыс-тіршілігін, салт-санасын біл­ген жақсы, бі­рақ тіл біл­геннің ақы­ры ұлттық сананың сақта­луына сызат түсірмеуі тиіс.