Саясат

Интернетті бұғаттау: Еуропадағы түрме тұтқындарының құқығынан қай жеріміз кем?

Бүкіл Қазақстан территориясында фейсбукты бұғаттау үшін 40 млн 169 мың 533 теңге немесе 106 308 доллар қаржы кетеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамның интернетке деген қолжетімділігі – жаңа заманның, төртінші индустриялық революция сынды жаһандық процестердің жемісі. Мысалы, БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша кеңесі 2016 жылы адамның басты құқықтарының бірі ретінде дәл осы интернетке қолжетімділік құқығы деп таныған еді. Ал бұны пысқырмайтын елдерге БҰҰ қатаң сөгіс жариялайды. 

Халықаралық беделді ұйым сөгісті беріп қоя салмайды. Оның түрлі формалары бар. Халықты интернеттен шегерген, бұғаттаған мемлекетке түрлі саяси санкциялар салынады, халықаралық репутация деңгейі төмендетіледі тағысын тағы.

Еуропалық сот алқасында түрмедегі азаматтардың интернетке қолжетімдігі туралы құқық үлкен талқыға салынып жатыр. Түптің түбінде, еуропалық түрме тұтқындарының ақпаратқа қолжетімділік, жоғарыда айтылған интернетке қолжетімдік құқықтарын сақтап, нағыз гуманистік қадамға бару ықтималдығы жоғары. 

Ал дәл процесс параллелінде, Орта Азиядағы Қазақстан билігі соңғы жылдары Youtube, Telegram, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерін жиі бұғаттап келеді. Бұғаттай салу да оңай, тегін шаруа емес. Мысалы бүкіл Қазақстан территориясында фейсбукты бұғаттау үшін 40 млн 169 мың 533 теңге немесе 106 308 доллар қаржы кетеді. Бұл, әлбетте, сол бұғаттауға көнуге мәжбүр болып, VPN-сервистерді жағалап кеткен Қазақстан азаматтарының салығынан, мемлекет қазынасынан жұмсалатын қаражат. 

Елде енді тек әлеуметтік желілер ғана емес, электрондық БАҚ-тарда бұғаттала бастады. 9 мамыр күні Vlast, TIME.kz, Informburo.kz, HOLA News, Azattyq, «Уральская неделя», The Village.kz веб-сайттарына кіру мүмкін болмады.

Ендігі сұрақ, Еуропадағы түрме тұтқындарының құқығынан қай жеріміз кем? Сұрақ көп, жауап жоқ. Себебі жауап беретін ешкім жоқ.