Weekend

Майданнан келген "Қара қағаз" (әңгіме)

Әкесінің өлімін жасырған қыз құпиясымен бөлісті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1943 жыл. Кеңес әскерлері фашистермен қиян-кескі ұрыстар жүргізіп, жан алысып, жан берісіп жатқан кез. Қару асынған сарбаздың мақсаты - алып мемлекетті жау қолынан қорғап қалу. Қанды шайқастар, түскен жерін бірден опырып жіберетін ауыр снарядтар, дамылсыз атылып жатқан автоматтар, көк аспанды күңірентіп ұшып жүрген ұшақтар, жап-жасыл пәкиза тіршілікті жайпап, жайратып келе жатқан танктер. Осының бәрі майдан даласына ең алғаш рет аяқ басқан жас жауынгердің көзіне сұмдықтай болып көрінді.

Майданда болып жатқан жәйттерді ауыл адамдары тек орталық алаңда Мәскеуден сөйлеп тұрған қара табақшадан естиді . Соғыстың басталғанын дүйім жұртқа хабарлаған да осы қара табақша. Сондықтан ба, одан шыққан әр жаңалық суық сөз боп жұрттың есін алады. Майдан жаңалықтарын хабарлайтын радиодағы диктордың Левитан екенін де жұрт кейін білді. Бірақ, бір өкініштісі онда көп нәрсе айтыла бермейді. Сондықтан болар ауылдағы ата-ана соғысқа аттанған баласының жайына алаңдап, жандарын шүберекке түйіп отыратын. Сондай жандардың бірі – Әдепбей ақсақал. Жалғыз баласын майданға аттандырып, әлгіндегі радио дикторының дауысын жақыннан естиін деп, күн сайын орталық алаңға барып, әлгі қара табақшаға құлағын тосатын. Сондағы ойы жау жағына кеткен жалғызынан жанына жамау болатын бір хабар алу еді.

Әдепбайдың жан дегенде жалғыз ұлы бар. Жаратқан бұл әулетке жалғыз ұлды нәсіп етіпті. Есімі – Тұрғынбек. «Артымда қалар ұрпағым көп болсын» деп Әдепбай қария баласын он алты жасында үйлендіріпті. Көрші ауылдың қызын алған Тұрғынбектің Әмина және Әлихан есімді балалары бар. Үйдің қызығы да, шыжығы да осылар. Жалғыз ұлды аялап өсірген шал-кемпір екі немерелеріне деген ыстық ықыласын аямайды. Атасы Әминаны күнде мектепке апарса, Әлихан әжесінің арқасынан түспейді.

Күйбең тіршілікпен күндер зулап өтіп жатты. Алайда дәл бүгін күн ұясына алаулап, қызарып батып бара жатқан еді. Әдепбай ақсақал өрістен келетін малын күтіп алуға кетсе, кемпірі Әлиханды арқасына салып алып, әдеттегідей көрші-қолаңды аралап кеткен. Ал, келіні жұмысынан әлі келе қойған жоқ еді. Әмина болса есік алдында алаңсыз ойнап жүр. Есіл-дерті ойынға ауған қызды кенеттен: «Балақай, үйде кім бар?» деген үлкен кісінің дауысы тоқтатты. Артына қараса сұңғақ, ұзын бойлы, еңгезердей келген, әскери киінген адам тұр. «Әкемнен хат келген болар» деген оймен Әмина жауынгерді көргенде қатты қуанып кетті. Құдды бір өз әкесін көргендей күйге түсті. Дегенмен, ата-әжесінің тәрбиесімен өскен қыз алдыменен «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып, үйде үлкендердің жоқ екенін айтты.

Солдат шинелін киген бейтаныс сарбаз:

– Балақай, саған бір зат табыстап кетсем, апаң келгенде бересің бе? – деді.

– Әрине. Тастап кетіңіз. Апам келгенде міндетті түрде табыстайтын боламын – деп сенімді түрде жауап берді Әмина.

– Жарайды! Ендеше мына қорапты дәл осы қалпында анаңа берерсің.Мен кеттім! – деп жауынгер кері бұрылды.Әмина бала болса да қорап ішінде әкесі жайында бір хабар бар екенін сезіп тұр. Алайда, атасының: «Аманатқа – қиянат жасамау керек» деген сөзін есіне алды. Бала емес пе? Бір кезде қорапты қызық көріп, оны ашуға бекінді. Асқан ұқыптылықпен ашып, ішіндегі заттарға көз жүгіртті. Қорап ішінде «За отвагу» деген жазуы бар медаль, әскери бас киім, темекі салынатын құты, бірнеше умаждалған хаттар бар екен. Кенет Әминаның назары бір ерекше конвертке түсті. Хаттар арасындағы ең жаңасы да осы болатын. Ал, қалған жазбалардың барлығы әкесіне ауылдан келген ыстық сәлемдер еді. Хатты еппен ашқан қыз енді оны бар зейінімен оқи бастады.

Хат : « Оспанов Тұрғынбек Әдепбайұлы» деп басталыпты. «О, бұл менің әкем ғой!» деп Әминаның төбесі көкке жетіп қуанып, хатты әрмен қарай оқуын жалғастыра берді: «…№308-ші мотоатқыштар дивизиясы, 9-шы ротасының взвод командирі қызметін атқарған. 1943 жылдың 6-шы маусымында Сталинград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты…» деген сөздерді оқып тұрып, қаршадай қыз үнін шығара алмай қатты да қалды. Енді жәймен, дыбысын әрең-әрең шығарып: «қаза тапты» деген жерін қайталап оқыды. Дәл сол сәтте Әминаның санасы сан саққа кетті. Сенерін де, сенбесін де білмей көзіне еріксіз жас алды. Іле-шала әкесінің өмірден озғаны есіне түскен Әмина: « Сонда қазір… сонда қазір менің әкем өмірде жоқ па?» деп бар даусымен айқайлап жіберді. Жаңа ғана есік алдында алаңсыз ойнап жүрген қыздың өңі алай-түлей болып, бала болса да бір жамандықтың болғанын сезіп, еңіреп жылап жіберді. Өне бойын өксік қысқан ол: «Жоо-жоқ, бұл мүмкін емес, менің әкем маған жазған хатында соғыстан аман-есен оралам деп уәде берген болатын» деп жылай берді, жылай берді… «Әкетай, енді мен кімге еркелеп, кімге қуанам? Мейірімге толы көзіңді, еркелетіп айтқан сөзіңді, жайдарлы жарқын жүзіңді енді қалай көремін әкетай?» деп еңкілдеп жылай берді.

Бір кезде артынан ерген кішкентай Әлиханды есіне алып: «Мені қойшы, артыңнан ерген ұрпағың Әлиханың сенің жарқын жүзіңді көре алмады ғой асқар тауым әкешім. Анам ше? Анам енді қайтпек? Қартайып қалған атам мен әжем ше? Оларға сенсіз қиын болатын болды-ау, әкетай!» деп өзегін өкініш керней бастады.

Иә, үлкендер айтқандай: «Қыз баланың есі ерте кіреді» деген сөз рас шығар, Әмина есін тез жиып: «Біреудің баласын, біреудің бауырын, енді біреудің әкесін алып кеткен, құрып кеткір сұм соғыс!» деп бар дауысымен айқайлап жіберді. Сол сәтте ол сабырға келіп: «Жоқ мен жыламауым керек. Атам мен әжем болса қартайып қалды. Анам болса, жалғыз сүйенішінен айырылды. Артымнан ерген кішкентай ғана інім бар. Мен әкеме берген уәдемді орындап, анама көмектесуім қажет. Ал, әкеме келер болсам, ол мен үшін – қаһарман!» деп анасына қарай қара қағазды ұстап жүгіріп келе жатып «кілт» тоқтады. «Осы хатты көрсетпей-ақ, қойсам қайтеді… Мұны оқыса қайғысына қайғы жамап алады ғой» деді де әлгі жан дүниесін жай оғындай жайпап өткен хабарды енді қара жерге көме бастады.

Содан бері жетпіс төрт күз өтті. Әжесі байқұс: «Ұлым келеді» деп, оған қаншама жолы сәлем-сауқат дайындады. Бірақ, бәрі де бекер. Анасының да үміті үзілмей «о» дүниеге кетті. Атасы да жар дегенде «жалғыз ұлым келеді» деп, жота күзетіп жүріп ол да өмірден өтті.

Әмина жасырған сол бір «қара қағаздың» сырын қаншама жыл өткенен соң енді ашып отырмыз.