Саясат

Бастықтарға заң бар ма немесе оларға неше адамды өлтіруге болады?

Қоғамдық мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биыл 2 мамырда Алматы қаласының Теректі ықшамауданы тұрғындары тапа-тал түсте жантүршіктірерлік оқиғаның куәсі болды. Сәуле мектепке екі баласын жетектеп келе жатты. Қайша 2-сыныпта оқиды. Ал Мейірбан әлі мектепке бармаған. Ана мен екі бүлдіршіннің ойында ештеңе жоқ еді. Жаймашуақ көктемнің күні алдағы жазғы демалыстың көптеген қуанышты күндеріне уәде беріп жатқандай болатын. Жаяу адам жүретін жолақтың үстінде  шыққанда 6 жасар Мейірбан алға озып кетіпті. Сол-сол-ақ екен, қарсы жолақтан шыға келген «Лексус» көлігі жылдамдығын да тежеместен, тіпті, тежегішті де баспастан, құйғытып келіп, Мейірбанды анасының көз алдында жұлып әкетті. Соққының қатты болғаны соншалықты, бейкүнә сәби 15-20 метр жерге дейін ұшып кетті. Сәуленің шырқыраған жан дауысы тып-тыныш көшені басына көтерді. Бірақ бәрі кеш еді. Періштенің жаны көлік мыжғылап тастаған кеудесін тастап о дүниеге кете барды. Әлгінде ғана кеудені кернеген тәтті қиял орны толмас өксікке ұласты...


Сот-медициналық сараптама қорытындысы Мейірбанның бас сүйегінің сынып, миға қан құйылғанын, аяғы мен жамбасының күл болып кеткенін анықтады. Бірақ полиция тарапынан осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғау, көлік рөлінде отырған Меруерт Сыбанқұлованы сұрақ-жауапқа алу, сотқа дейін қамауға алу мәселесі сөзбұйдаға салынып, сиырқұйымшақтанып барады. Айыпкердің туыстары қаралы үйден кешірім сұраудың орнына «Қызымыздың болашағына балта шапқызып қоймаймыз! Қолдарыңнан келгенді істеп алыңдар!» деп айқайлап, дөңайбат көрсетіп кетіпті. Қылмыстық істің сұйылып кетуін және кінәлі тараптың тізеге салу себебін анықтамақ болып, зерттеу жасағанымызда мынандай жайтқа кезіктік.

Айыпкер Меруерт Сыбанқұлованың әкесі Талғат Сыбанқұлов Алматы қалалық кіріс департаменті ұйымдастыру бөлімінің Ұйымдастыру-Қаржы басқармасының бас маманы болып қызмет атқарады. Осы фамилиялас Ернат Сыбанқұлов болса, кезінде Алматының Алмалы және Медеу аудандарында, Жамбыл облысында, Атырау облысында прокурор болып қызмет атқарған. Жақында ғана республиканың Бас көлік прокуроры болып тағайындалды.  Істің осындай созбаққа салынуына, айыпкер туыстарының күшеніп, сөзбен күш көрсетуіне осы жағдай дем беріп отырған сыңайлы. Білетіндердің айтуынша, Меруерттің әкесі Талғат пен Ернат Сыбанқұловтар немерелес ағайынды көрінеді. Яғни, Талғат пен Ернаттың әкелері туған ағайынды. Өткен жылы Қызылорда облысында осыған ұқсас екі оқиға тіркелген еді. Оның бірінде әкесінің көлігін айдан шыққан 14 жастағы бозбала зебраның үстінде бойжеткен қызды қағып өлтірді. Бірақ «кәмелет жасына жетпегендіктен» деген себеппен, жасөспірім қылмыстық жазадан сытылып кетті. Ол кезде де «тірегі мықты» айыпкер жақ марқұмдардың үйіне барып, қорқытып-үркітіп еді. Оның алдында Арал ауданында Ақнұр Түкешова есімді бойжеткенді  Арал аудандық мәдениет үйінің директоры көлікпен қағып кетіп, қылмыстық жауапкершіліктен ол да құтылып кетті. Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев та мас күйінде көлік айдап, Смольников деген азаматты соғып өлтірді. Бұл іс те сәл болмағанда жабылып қалуы мүмкін еді. Қоғамдық пікірдің қысымымен Құрманбаев 1 ғана жылға сотталып, 5 жыл бойына көлік құралын айдау құқығынан айырылды.

Сонда, еліміздің заңдары кімге қызмет етеді? Ал бастықтар мен олардың туыстарына қанша адам өлтіруге құқық берілген? Күдікті Меруерт Сыбанқұлова не себепті әлі бостандықта жүр? Сотқа дейінгі бұлтартпау шаралары не себепті қолданылмай отыр? Мейірбанның мезгілсіз ажалына байланысты Алматы қалалық ішкі істер департаменті бұл сұраққа қандай жауап береді екен? Әлде, қалың қалтадан төгілген ақша кісі өлімін де жауып жібермек пе?

Тоқтар Жақаш, журналист