Weekend
«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!»
Батыс елдерінде әжетханалардағы жазулар мен суреттер ғалымдардың ғылыми-зерттеу объектісіне айналған. Өйткені адамдар мемлекет пен кәсіпкерлердің меншігін саналы түрде құрта бастады. Мәселе бар. Неге көңіл бұрмасқа?
Бұл мәселені шешу үшін бірқатар мекемелер мен демалыс орындары әжетханаларда үлкен тақта орнатты. Кезінде біздің мектептердің өзінде жетісе бермейтін борды да үйіп қойды. Бірақ адамдарды бұл тоқтатпады. Өркениет өкілдері есіктерге жаза берді, жарларды тырнай берді. Мәселені шешу үшін оның пайда болу себептерін терең зерттеу қажет болды.
Әжетханалардағы жазулардың пайда болу себептерін түсінуге арналған алғашқы ғылыми жұмыстар 1904 жылдан бастап жарық көрді. Веналық Норберт Зигель, неміс журналисті Беньямин фон Штукрад-Барре бұл мәселеге қатысты қалам тартып, өз ойларын түйіндеді. Әжетханадағы жазуларды зерттеушілердің арасында ең танымал адам Алан Дандес болды. Қарапайым адам емес, жәй журналист емес. Ол Беркли университетінің фольклорист ғалымы еді. Алан Дандес 1966 жылы әжетханалардағы граффитилерге қатысты қолданылатын latrinalia терминің енгізіп те қойды.
Сөйтсе әжетханадағы жазулар адамдар арасындағы жазба және графикалық байланысының формасы, кең мағынасында өнердің бір түрі екен. Сонымен қатар, әжетханадағы жазулар адамзаттың жазба мәдениеттінің құрамдас бөлігі. Өйткені ол нақты тарихи дәуірдегі, біздің жағдайда ХХ-ХХІ ғғ. күнделікті қолданыста жүрген сөздерді сақтай отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізеді-мыс. Мәселен, алғашқы әжетханадағы жазулар антикалық кезеңге жататын қалаларда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталған.
Әжетханалардағы жазулар – бұзақылықтың, өзін-өзі танытудың, шығармашылық ұмтылыстың нәтижесі. Дегенмен кей жағдайларда нақты мағынаға ие: қауіп-қатерді ескерту, қылмысты болдыртпау және т.с.с. Батыс ғалымдары бұл құбылысты әлі де зерттеуде, мәселенің шешімін алдағы уақытта біле жатармыз.
Байқауымша, Қазақстандағы әжетханаларда мұндай үрдіс көп байқала қоймайды. Неге екені белгісіз. Есесіне біздің бұзақылар өздерінің шығармашылығын негізінен мектептегі, университеттегі, жалпы оқу орындарындағы парталар мен мүлікке бағыттаған сияқты. Шимайлап сызып, тырнап қырып жазып тастаған. Өкінішті.
Ең қызығы, бұрында партадағы жазулар махаббат, сезім білдіру немесе балағаттау бағытында еді. Ал қазір үлкен қалалардағы оқу орындарында әркім өзінің туған жерінің, өлкесінің, тіпті ру атауларын жазады екен. Не үшін? Қайдан шыққанын ұмытып қалмау үшін бе?
Қазақты құртатын рушылдық, жершілдік мәселесі екені баршамызға белгілі. Бірақ қазақ трайбалист болып қала бергісі келеді. Бұл дұрыс емес. Тарихтың тағлымы қайда? Құрметті білім алушылар, жалған ұран мен бұзақылықтың құлы болмайық! Бүгіннен баста, өзіңнен баста өзгерісті!