Weekend

Қазақтың тұңғыш фотографы кім?

Қазір бәрі фотограф. Әсіресе қыздар. Бірақ кәсіби емес. Дегенмен, бүгінде бұл кәсіпті кәдімгідей игерген қазақтар аз емес.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақын Шәңгерей Бөкеев туралы бұрын естуші едім. Жақында өмірі мен шығармашылығымен жақсы танысып алдым. Бірқатар қызықты мәліметтер кездесті.

Шәңгерей – Жәңгір ханның немересі. Кадет корпусына оқуға түсіп, оны 2 жылдан кейін тастап кеткен. Одан кейін Самара губерниясындағы сот мекемелерінің бірінде қызмет жасайды. Көп ұзамай бұл жұмысын да тастап, елге қайтады. Өмірінің соңына дейін туған өлкесінде ғұмыр кешеді.

Хандық дәуірді аңсаушы болса да, жаңашылдыққа мықты құмар кісі болыпты. Бірнеше зерттеушілер оны "қазақтың тұңғыш кәсіби фотографы" деп атайды. Шәңгерей Петербурқа барған бір сапарында өзімен бірге фотоқұрылғы алып келеді. Үйіне келген қонақтар мен ағайын-туыстарын фотоқұрылғы алдына отырғызып қойып, ұзақ ұстайды екен. Автобиографтар бұны "фотографияны кәсіп емес, өнер деп ұққан адамның тірлігі" - деп түсіндіреді.

Ол - ол ма, ақын атамыз велосипедке де қызығушылық танытқан. Н. Манайұлының айтуынша, Шәңгерей өз ордасында молда да ұстаған. Бірақ оның молдасы басқа қазақтыкіндей мұртын таңқита қырып, басына сәлде орап, тәсбиғын сартылдатып мүлгіп отырмайды - өлеңін айтып, домбырасын тартып, жүргенде белсәпетпен жүреді.

Ақын музыканы да қатты ұнатқан. Тіпті өзінің фонографы болған. Музыканы тындағанда бөлмені қараңғылап қояды екен. Сонымен қатар, ол сурет өнерін де жоғары бағалаған. Мальцев деген суретшінің сурет салуы үшін үйдің сәулесі мен көлеңкесі үйлеспегенде, Шәңгерей өз үйінің бір бөлмесінің төбесін алдырып тастаған.

Атамыз көкірегі ашық, көзі ояу, жастардың тілімен айтқанда "әрдайым трендте" болған-ау шамасы.