Weekend

WhatsApp -тың қандай осал тұсы бар?

Соның кесірінен телефонға шпиондық бағдарлама кіре алады екен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

WhatsApp-тың қауіпті осал тұсы – хакерлерге телефондарға зарар тигізетін бағдарлама орнатып, қолданушыларды аңдуға мүмкіндік берді, – деп мойындады ең атақты мессенджердің иесі Facebook.
Қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұсты 10 күн бұрын WhatsApp-тың өзі анықтаған. Содан кейін компания америкалық құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік жөніндегі сарапшыларды ақпараттандырған.
Шабуыл қолданушының телефонына дауысты қоңырау шалынғаннан басталады. Тұтынушы қоңырауды қабылдамаса да, оның телефонына зиянды бағдарлама орнатылып, телефон иесінің бағыт-бағдары камера және смартфон микрофонының көмегімен қадағаланатын болған. Қоңырау туралы ақпарат құрылғы жадынан жойылып кетуі мүмкін, – деп хабарлайды британдық Financial Times. 
WhatsApp осалдықты жойып, барлық қолданушыларға бағдарламаны соңғы нұсқаға дейін жаңартуға кеңес берді.
Financial Times мәліметінше, бұл шпиондық бағдарламаны израильдік NSO Group ойлап тапқан. Оларды кейде, "кибер қаруды сатушылар" деп те атайды. Бұл фирма өз өнімдерін батыстың және таяу шығыстың арнайы қауіпсіздік қызметтері мен үкіметтеріне сатады.
Израильдік NSO-ның негізгі өнімі – Pegasus деп аталатын шпиондық бағдарлама. Бұл бағдарлама жәбір көрушіге білдірместен оның хаттары мен электрондық почтасын оқи алады, телефонның микрофоны мен камерасын қоса алады, қолданушының қай жерде екенін біле алады және жеке мәліметтерді көшіре алады.
Израильдік компанияның айтуынша, бұл ақпараттық бағдарлама тек "қылмыстарды тергеу үшін және терроризммен күресу үшін авторизацияланған мемлекеттік агенттіктерге беріледі".
NSO бұл бағдарламаны асыра пайдалануға қатысты тергеу жүргізіп, қажет болса, бағдарлама жұмысын тоқтату мүмкіндігін қарастырады.

Facebook-тың соңғы мәліметтеріне сүйенсек, әлем бойынша WhatsApp қолданушылар саны бір жарым миллиард адамды құрайды. WhatsApp тергеу амалдарын жүргізіп, қанша адамның осалдық салдарынан зардап шеккендерін әзірге білмейтінін айтты. Бұл жерде нақты кісілерге қатысты мақсатты шабуыл болған тәрізді.