Түркі әлемі

Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО-да Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтті

Алтын Орда

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Аталған халықаралық іс-шараға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан,  Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия,  Голландия және Мажарстан сынды елдерден70 -ке жуық  ғалым және ЮНЕСКО өкілдері  қатысты.

Ғылыми талқылау Түркі Академиясының Парижде ЮНЕСКО -мен бірлесіп өткізген «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумы аясында өтті.  Алқалы басқосуда әлемге танымал түркологтар академия биылғы жылы  жариялаған Алтын орда мен Талас құрылтайының 750 жылдығына орай  ойларын ортаға салып, ғылыми қауымның назарына тың деректер мен жаңа тұжырымдарды ұсынды. 

Атап айтқанда, белгілі түркітанушы, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы «Алтын Орда және оның әлемдік өркениетке жасаған ықпалы»,  РФ Татарстан Ғылым Академиясы  А.Х. Халиков атындағы  археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Айрат Габитович Ситдиков «Алтын орда археологиясы: зерттеудің жаңа сатысында»,  Өзбекстан Республикасы Ә.Науаи атындағы университеттің профессоры Ғайболла Бабаяров  «Қаған» және «Хатун» титулдары жазылған ескі түрік монеталары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Кушкумбаев  “Алтын орда түркі халықтарының тарихында”, Қырғыз Республикасы Білім министрінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арслан Койчиев «Моғолстан және оның қырғыз, қазақ халқы тарихындағы орны» секілді баяндамалар жасап, ауқымды ғылыми мәліметтері мен жаңа көзқарастарын зиялы қауымның талқысына ұсынды. 

Форумға жиналған Қазақстандық және шет елдік ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды екенін айтты. ЮНЕСКО -ның өкілдері  мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелер әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін атап өтті.  

Сондай-ақ биылғы жиында түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының 950, ақын Имадеддин Насимидің 650 жылдығы  секілді айтулы тарихи даталарға байланысты талқылаулар мен пікір алмасулар ұйымдастырылды.     

Іс-шара ЮНЕСКО Бас директорының қамқоршылығымен және ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өтті.